Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Табысты бастаудың сыры неде?

Астанада өткен Жас Президенттер Ұйымының (ағыл. – Young Presidents Organization – YPO) жиыны 700-ден астам адамның басын қосты. YPO – әрбір елде өз бөлімшелері бар, жабық халықаралық бизнесмендер іскер адамдар клубы, деп хабарлайды https://kapital.kz сайтынан. Әлемде бұл клубтың қатарында 25 мыңнан аса адам бар екен.

Олардың бәрі де жай әлдебіреулер емес, ірі компаниялардың иелері және басқарушылары көрінеді. Қазақстанда бұл клубтың мүшелігіне 10-нан аса бизнесмен кіреді және ұйым тек солардың келісімімен ғана жаңа қатысушылармен толыға алады екен.
Өткен сенбідегі бұл басқосу YPO-дың жастар бизнес-форумы дәрежесінде ұйымдастырылды, дейді оның басы-қасында жүрген жауапты ресми өкілдер. Маңызды шара барысында бизнес-кейстерімен, өздерінің үлкен іскерлік саласына қалай келгендері хақында сыр шерткен табысты тарихтарымен YPO клубының мүшелері: BI Group компаниясының акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахимбаев, Lancaster Group компаниясының акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Берік Қаниев, Altyn Kyran Group акционері және Қадағалаушы кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов, қазақстандық CEO Globalink Logistics (халықаралық көліктік логистика саласындағы әмбебап әріптес) Сиддик Хан және Forbes Kazakhstan баспагері Арманжан Байтасов емен-жарқын бөлісті.
Бұл шара барысындағы басты ерекшелік – оны онлайн бақылап, әркім өз сауалын қоюға мүмкіндік берілді. Спикерлер өздері тапқан алғашқы ақшалары туралы, жіберген кемшіліктері жайлы, әрбір іскер адамның жолығар тосқауылдары хақында жан-жақты әңгімеледі.
Өз фирмасының өсу кезеңдерін еске алған Айдын Рахимбаев ісінің алға басуындағы қозғаушы күштің бірі еңбекпен тапқан ақшасынан айрылып қалу қаупі болды, деп мойындайды. Бүгінде жемісті еңбегімен танылған бизнесмен жас іскерлерге, уақыттарын бос шаруаға жұмсамай, көңілді маңыздырақ мәселелерге бөлуге кеңес береді. Айдын Рахимбаев бар-жоғы 500 долларды құраған бастапқы капиталы туралы да айтып берді. Бұл бастапқы капитал, дәл қазіргі кезде 500 миллион долларға бағаланып отырған, компанияны құруға бастау болған.
«Біз сол 500 долларды қандай еңбекпен таптық? Студенттік шағымызда түні бойы вагон түсіріп, жұмыс істейтінбіз. Басқалар жұмсап жатқанда, біз ақшамызды қордалаумен болдық. Сосын біз оны, шай, сигареттер және де басқаларын сатып, 5 мың долларға айналдырдық. Бұл ақшаға сол кездегі Целиноградта қаланың орталығынан екібөлмелі пәтер сатып алуға болатын еді. Бірақ бізді мүмкіндіктеріміз емес, ақша жоғалтуға деген қауіп жігерлендіріп жүрді. Біз соншалықты еңбекпен тапқан ақшамыздан айырылып қалу­дан қорықтық. 5 мың долларымыз 50 мың долларға айналды, содан кейін ғана бизнес басталды», – деп қорытты ойын іскер азамат.
Айдын Рахимбаевтың тағы бір маңызды кеңесі – қарыз сұрамай, капиталды өзің жинау.
«Жігіттер, істі бастау үшін ақша сұрайтындарға және істерін айнал­дыруға сұрауларын қоймайтын­дарға айтарым: уақытты жылдап емес, тіпті оның әрбір сәтін жоғалт­паңыздар, қайсыбір ағай, көке, бауырың, құда-жегжатың, мемлекет, тағы да бас­қалар ақша әкеп береді деп күтудің қажеті жоқ. Жұмыс істеңіздер де, қор жинаңыздар. Нақ осылай қордаланған қаражатыңыз аяққа тұруға көмектеседі, өйткені оларды жоғалту қатері сізді алға жетелейді. Ал енді ақша аспаннан сау ете қалса, бәрі бітті дей беріңіз. Ісіңіз жүрмейді», – деп форумға қатысушыларға ол сөз арнады.
BI Group басшысы табыстың ең басты талабы дұрыс команда жасақтау деп атады. Ол Джим Коллинзді оқуға ұсыныс берді. Сондай-ақ спикер мемлекетке үлкен үміт артып, одан көмек күтпеу керек, дейді.
Бизнесмен және YPO төрағасы Исламбек Салжанов жастарды өз бетінше тұрақты түрде көңіл бөліп, ағылшын тілін оқуға және бірінші кездескен қиыншылықтарға іркілмеуге шақырды.
«Бизнесте қиын болады. Бірақ та, сәтсіздіктерге қарамастан, мақ­сатқа ұмтылу қажет. Біздер де талай сәтсіздікке ұшырадық, біраз бұрыс шешімдерге душар болдық, алайда біз кемшіліктерден сабақ алып жетістікке жеттік, табысқа кенелдік. Біз ешқашанда тоқталмадық. Алға, алға, алға ұмтылдық. Есте сақтаңыздар, ең жоғары дивиденттер білімге салған инвестициялардан түседі. Білім іздеңіздер, табысты бизнесмендер жайлы, табысты компаниялар туралы кітаптарды оқыңыздар, өз беттеріңізбен дамуға тырысыңыздар. Қазір тіпті ондай кітаптарды сатып алудың қажеті жоқ, интернет бар, жүктеп алыңыз да тегін оқи беріңіз. Біліктілігіңізді арттырыңыз. Тілдерді үйреніңіз. Ең алдымен, ағылшын тілін. Ағылшын тілінсіз болашақ жоқ, тілді меңгеру инвестормен және әріптестеріңізбен бір тілде ұғынысуға мүмкіндік береді», – деп атап көрсетті спикер.
Форумда тың пікірлер де айтылды. Мәселен, қазақстандық масс-медиа нарығы үшін әдеттегі саналатын, БАҚ-тарды бизнес деп қарастыруға болмайтыны туралы пікірді Forbes Kazakhstan иесі, баспагер Арманжан Байтасов жоққа шығарды.
– Медиа саласының, медиабиз­нестің дамуына өз басым сенімдімін, – деді ол. Бүкіл әлемде бұл – эко­но­миканың ең тез өсуші салала­рының бірі. Сосын, әрине, маңызды фактор – сөз бостандығы болуы. Бірақ сөз бостандығы олай емес, өйткені… жарайды, жалпы сөз бостандығы туралы айту ауыр. Бірақ та мен Қазақстанда сөз бостандығы бар деп есептеймін. Қалай болғанда да, мен Қазақстанда сөз бостандығы бар деп санаймын. Мен қазір осы жерде сөйлеп тұрмын, ойымдағымды айтудамын. Facebook, Instagram, Telegram бар – мархабат, жұмыс істей беріңіз. Медиа – бұл шын мәнінде дамудың қуатты мүмкіндігі.
Медиа саласында ақша табу үшін неден бастау керек? Байтасов Telegram-арналарды дамытуға көңіл бөлуге ұсыныс жасады.
– Өйткені, мұнда түсінікті де ай­қын аудитория бар, және де ол жар­нама берушілерге де ұғынықты, – деп түсіндіреді маман-бизнесмен. – Екіншіден, YouTube-ке көңіл аударуға айрықша ұсыныс білдіремін. (…) Бүгінгі күні контент құрумен жұмыс істейтіндер үшін YouTube өте көп бас ауыртатын мәселелерді өз мойнына алды. Сізге тек жай ғана қызықты (мазмұнды) контент құрсаңыз болды.
Forbes Kazakhstan құрушысы мынаны атап көрсетті: 90-ыншы жылдары бизнесті енді бастаған кезде, ол өзі армандай да алмаған, іс жүзінде шексіз санды, мүмкіндіктерге бүгінгі істерін жаңа бастаған кәсіпкерлер ие болып отыр. Сондықтан бастысы – алға жылжу, әрине, нақты не істейтініңізді ойластыру. Мәселен, ол кредиттерге байқап қарауды ұсынды және болашақ тәуекелділіктің бәрін мұқият есептеу керек, соның ішінде – несие бойынша пайыздар төлеуді де ескерген жөн. Дегенмен, Байтасов бизнесмен Қазақстанда дәл қазір бизнес үшін жайлы орта қалыптасқанына сенімді, бастысы – бизнесті құруға ынта-жігердің жеткілікті болуы.

Иса Қамбаров


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру