Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Баспананы бар тұрғыда қолжетімді ету – басым міндет

Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізуді жалғастырады. Қаржы реттеушісі алдымыздағы жылы инфляция деңгейін 4-6 пайыздық дәлізде ұстап тұруды көздеп отыр. Республикалық бюджеттің негізгі әлеуметтік көрсеткіштерін индекстеу өлшемдерін есептеген кезде осы көрсеткіш пайдаланылды.

Осы ретте Парламент Мәжілісін­де баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев инфляция­лық үдерістерді реттеу үшін ақша-кредит саясатының пайыздық арнасы басымдық алатынын атап өтті. Бұл Ұлттық банктің базалық мөл­шерлемесі негізгі құрал болып табы­латынын білдіреді. Яғни ол ақша нарығындағы мөлшерлемелер дәлізін айқындайтын болады. Ұлттық банк қалыптасып отырған және күтілетін инфляция мөлшеріне, сондай-ақ төлем теңгерімінің жай-күйін айқындайтын сыртқы факторларға байланысты мөлшерлеме көлемін белгілейтін болады.
– Биылғы тоғыз айда инфляция 3,3% болды. Өткен қыркүйекте жылдық инфляция былтырғы жылдың соңындағы 7,1 пайызбен салыстырғанда 6,1%-ға дейін төмендеді. Инфляцияның өсу тәуекелдерін төмендету үшін 15 қазанда базалық мөлшерлеме 9 пайыздан 9,25%-ға дейін ұлғайтылды. Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі теңгедегі активтерге сұранысты арттыруға және қолайлы ақша-кредит талаптарын сақтауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Д.Ақышев.
Ұлттық банк шекаралар, дәліз немесе басқа бағдарлар белгілемей, өзгермелі айырбастау бағамының режімін сақтайды. «Айырбастау бағамы негізінен елдің төлем тең­геріміне байланысты ахуалға қарай, яғни ел нарығына шетел валютасының әкелуі мен әкетілу балансының әсерімен қалыптаса­ды деп санаймыз. Бұл сыртқы күйзелістерді барынша азайтуға және біздің экономикамыздың бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерін тез арада түзетуге мүмкіндік береді», – деп баяндады бас банк басшысы.
Төраға келтірген деректер бойынша, биылғы 9 ай ішінде Қазақстанның төлем теңгерімінің айтарлықтай жақсаруы орын алған. Өткен жылы 4,6 млрд АҚШ долларын құраған ағымдағы шот тапшылығы 0,9 млрд АҚШ долларына дейін немесе 5,4 есе төмендеді. Биыл үшінші тоқсанда ағымдағы шот тапшылығы барлығы 0,1 млрд АҚШ долларын құрады, бұл соңғы жылдардағы ең үздік көрсеткіш болып табылады. «Біз жуырдағы жылдары ағымдағы шот тапшылығының мөлшерін азайту үрдісінің сақталуын күтеміз, ол ұлттық валютаның бағамы үшін теріс факторларды барынша азайтуды болжайды. Айырбастау бағамы үшін қысқа уақыттағы тәуекелдер әлемдік қаржы нарықтарындағы белгісіздік және не­гізгі сауда әріптестері болып табылатын елдер валюталарының бағамдары бойынша ахуалдың нашарлауы болып табылады», – деді Д.Ақышев.
Ұлттық банк басшысы валюта нарығындағы теңге бағамы жылдың басынан 30 қазан аралығындағы кезеңде бір АҚШ доллары үшін 368,55 теңгеге дейін, яғни 10,9 пайызға әлсірегенін атап өтті. Теңгенің әлсіреуі сыртқы факторларға байланысты болды. Бұл – АҚШ долларының дамушы елдердің валюталарына қатысты нығаюы және Ресейге қарсы санкциялардың болашақта қатаңдатылуы туралы мәлімдеу. «Аталған бағамдық саясат алтын-валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік береді. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері қыркүйектің соңында 30 млрд АҚШ долларын, Ұлттық қордың активтері 56,3 млрд АҚШ долларын құрады. Жалпы халықаралық резервтер 86,3 млрд АҚШ долларын құрады», – деп хабарлады Ұлттық банк басшысы.
Ұлттық банк 2019 жылы қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырады. Банктердің тәуекелі жоғары саясат ахуалына жол бермеу мақсатында елімізде алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап тәуекелге бағдарланған тәсіл енгізіледі. Тиісті заң және қажетті нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Капиталдандыру дең­гейіне және тәуекелдерді басқару жүйелеріне қойылатын талаптар, әсіресе, тәуекелі жоғары саясатты жүргізетін банктер үшін күшейетін болады. «Банк секторын қалыпқа келтіру және реттеу мен қадағалау мақсатында жаңа тәсілдерді енгізу банктердің салымшылары үшін тәуекелдерді біршама азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, теңгерімді нашар кредиттерден тазарту және қорландырудың өсуі салдарынан банктер кредиттеуді жандандыратын болады», – деді Д.Ақышев.
Қаржы реттеушісінің басшысы атап өткендей, 9 айда берілген жаңа кредиттердің көлемі былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда 26%-ға немесе 2 трлн теңгеге ұлғайды. Қайта құрылымдаудан өтіп жатқан және лицензиясынан айырылған банктердің кредиттік қоржынын есепке алмағанда, экономиканы кре­диттеудің жылдық өсімі 7% немесе 816 млрд теңге болды. Кәсіпорындарға теңгемен берілетін кредиттер бойынша мөлшерлеме жыл басындағы 13,2%-дан қыркүйекте 12,2%-ға дейін төмендеді. Елден ақша әкетуге қарсы күреске бағытталған шаралар да күшейтіледі. Атап айтқанда, Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі арасында валюталық бақылау мақсатында ақпараттық өзара әрекет етуді кеңейту жоспарланып отыр.
Ұлттық банк басшысы сөзін қо­рытындылай келіп, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ерекше басым салаларды кредиттеуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру негізгі басымдық болатынын атап өтті. Осы ретте азаматтарды бар тұрғыда қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін «7-20-25» бағдарламасын іске асыру жалғасады. Қаржы рет­теушісінің бағалауы бойынша, келер жылы банктер кредиттері 10 пайыздан астам өсуі мүмкін.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру