Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Базалық шаруашылықтан – цифрлық фермаға

Еңбек өнімділігі мен өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру міндеті көп дәрежеде агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру есебінен жүзеге асатыны белгілі. Бұл бағытта қолға алынған нақты шаралар саладағы негізгі көрсеткіштерді едәуір жақсартуы тиіс.

Дамыған елдер тәжірибесі мемлекет фермерге оның қызметінің барлық кезеңінде қолдау көрсететінін алға тартады. Мысалы, Түркияның фермерлерді тіркеу жүйесінде 2 миллион фермер бар болса, олар қар­жыландыру бойынша жеңілдіктер, мемлекеттік қолдау туралы тұрақты ақпарат алып отырады. Яғни, цифрландыру фермер қызметі бастал­ғаннан – өнімді сатуға дейінгі барлық іс-әрекетті жеңілдету үшін қажет. Осы тұрғыда АӨК-ті цифрландыру процесінде жылдам онлайн-қарыз беру, ауа райын талдау және болжамдау, өсімдік өнімін жоспарлау, баға мониторингі мәселелері бойынша Канада, Түркия, Австралия, Германия, АҚШ секілді елдердің табысты тәжірибесін пайдалану көзделген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, АӨК-ті цифрландыру аясында жалпы республика бойынша кем дегенде 20 цифрлық және 4 мың ілгері фермалар құрылады және процестер мен мемлекеттік қызметтерді 100% автоматтандыру қамтамасыз етіледі. Автоматтандыру фермер үшін қызметті бастау кезеңінде ақпарат жинаумен, кеңес алумен, оқытумен байланысты кедергілерді шешеді. Мұның ішінде онлайн-оқыту, кеңес беру жүйесін дамыту фермердің уақыты мен шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Автоматтандыру процесі сон­дай-ақ несиелер мен кепілдіктерге арналған өтінімді қамтиды. Бұл шар­уаның жол жүру шығындарын азайтады, өтінімді уақытында қарауды бақылауға мүмкіндік туғызады. Он­лайн-несиелендіру бойынша пилотты жоба келер жылдан бастап қолға алынса, 2021 жылы бұл процесс толық автоматтандырылып, көктемгі егістік жұмыстары кезеңінде онлайн-несиелендіру жүргізілетін болады. Сонымен қатар автоматтандырумен өндіріс кезеңінде фермерге субсидия алу, агрохимиялық талдау, ғарыштық мониторинг, нақты метео деректер кезінде кездесетін кедергілер де жойылады.
Қазіргі күні нақты егіншілік элементінің бірі болып табылатын танаптардың электронды карталарын құру аясында 23,7 млн гектар жер цифрландырылған. Еліміздегі аграрлық университет Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы 9 пилоттық шаруашылықта нақты егіншілікті қолдануды талдау үшін техниканың мүмкіндіктерін тексеріп, тыңайтқыштарды дифференциалды енгізуді іске асырды, электронды өріс картасын құрды, топырақтың агрохимиялық талдауын өткізді, егістіктердің арамшөп басу карталарын құрастырды. Фермерлерді жаңа технологияларды қолдануға үйрету «Қаскелең» агропаркі, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы, «Заречный» ЖШС және Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі нақты егістік полигондарының негізінде жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жайылымдардың электрондық карталарын жасау жоспарланған. Ендігі кезекте нақты шаруа қожалықтарын анықтап, оларды ет және сүт бағытындағы цифрлық фермалар деңгейіне дейін дамыту қажет.
Қазіргі сәтте субсидиялаудың 17 бағыты бойынша тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялау толық автоматтандырылған. Өтініштерді қарастыру мерзімін қысқартып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін бұл процесс қалған барлық бағыттарда да жүзеге асуы тиіс. Жыл соңына дейін егістік және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынын электронды тарату бойынша Павлодар облыстық әкімдігімен бірлесе онлайн-өтінім беру арқылы пилоттық жоба жүзеге асырылады. Ал келер жылы жобаны барлық жергілікті атқарушы органда енгізу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, алдағы жылы іске қосылатын Е-Кооперация порталы кооперативтер туралы мәліметтер базасын құрып, фермерге кооператив қызметін талдауға, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Өнімдерді өткізуге келсек, автоматтандыруды енгізу бұл салада логистика жөнінде ақпараттың, бос қамбалар мен қоймалардың, қадағалау жүйесінің болмауы сияқты көптеген проблемаларды реттейтін болады.
Тұтастай алғанда, Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жоспарланған іс-шаралар есебінен жалпы ішкі өнім өсімі 3 трлн астам теңгені құрайды. Ондағы агроөнеркәсіп кешенін цифрландырудың әсері – 30% немесе шамамен 1 трлн теңге.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру