Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

РR – дүбірлі дәуір перзенті

Зымыран заманымызда интернет, жедел байланыс сияқты коммуникацияның жаңа құралдары әлемдегі дерек көздері мен базаларын жаппай пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Ақпарат өндірістік фактор ғана емес, қоғамды демократияландырудың, билік құрылымдары ашықтығының негізгі құралдарының біріне айналуда. Президент Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен ашылған Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің маркетинг және жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры, «РR-шы» клубының негізін салушы әрі осы қоғамдық ұйымның 2002-2005 жылдардағы президенті Майраш Ғұмарқызы Тайкенова газет сауалдарына жауап береді.

– Елімізде ғана емес, одан тысқары өлкелерде де танымал «РR-шы» клубының құрылғанына үстіміздегі жылы 10 жыл толып отыр. Қазақстандағы жұртшылықпен байланыс және аталмыш Клуб туралы оқырмандарымызға қысқаша мәлімет бере кетсеңіз.

-Өзіңіз білесіз, біздің елімізде жұртшылықпен байланыстың кәсіби қызмет саласы ретінде пайда болуына әлеуметтік қатынастардың дамуы, азаматтық қоғам институттарының, нарықтық экономика тетіктерінің өмірге келуі түрткі болды. Осы арқылы экономикалық және саяси салаларда бой көрсеткен мүдделерді ескеріп отыру мүмкіндігі туындады. Жұртшылықпен байланыс демократиялық қоғамның басты белгілерінің бірі болып табылады. Тоталитарлық елдерде, атап айтқанда, бұрынғы Кеңестер Одағында ақпарат тарату қатаң бақылауда болып, қоғамдық пікір елеп-ескерілмегендіктен, РR-ға да қоғамдық қажеттілік болған жоқ. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде, соның ішінде біздің Қазақстанда жұртшылықпен байланыстың әлеуметтік институт ретінде орнығуы империя ыдырап, «темір қорған» құлаған кезеңнен бастау алады. Сөйтіп, РR-дүбірлі дәуір перзенті десек те болады.

Осы кезеңде билік пен азаматтық қоғам арасында өзара тиімді сұхбат орнатуға мүмкіндік беретін саяси технологияларға қажеттілік пайда болды. Жұртшылықпен байланыстың алғашқы қарлығашы-республика Президентінің баспасөз қызметі 1990 жылы құрылды. Кейіннен Үкіметтің, министрліктер мен ведомстволардың, ірі банктер мен компаниялардың, облыстық әкімдіктердің баспасөз қызметтері жолға қойылды. Мен сол 90-жылдардың орта тұсында белгілі кәсіпкер Ерлан Сағадиев ашқан «Фудмастер» компаниясының РR қызметін басқаратынмын. Сол кезде «Қазатомпромда» жұмыс істейтін Шынар Жәнібекова, «Проктер энд Гэмблдегі» Сұлушаш Мағзиева, «Банкцентркредиттегі» Жанна Мәмбетова бәріміз «Ренесанас» РR-агенттігінің басшысы Светлана Крутских жүргізетін оқу курстарына қатысатынбыз. Ақылдаса келе, өзара пікір алысып, ой бөлісетін Клуб қажет, деп шештік. Бұл 2002 жылдың көктемі болатын. Клубымызға әуелде 30 адам мүше болып кірді. Студенттермен жұмыс істедік. Әсел Қарауылова КИМЕП, Светала Крутских Халықаралық Бизнес Академиясы, мен-Қазақ экономикалық университеті тәлімгерлерімен қоян-қолтық араласып, алғашқы ғылыми конференцияларды ұйымдастырдық.

Клубтың негізгі міндеті еліміздегі кәсіби PR нарығын дамытуға жәрдемдесу болып табылады. Осы мақсатта жыл сайын мамыр айында дәстүрлі PR-форум және жоғары оқу орындарында шеберлік сыныптары, студенттердің ғылыми жұмыстарының байқаулары өткізіледі. Сондай-ақ төрт жылда бір өтетін «PR-маусымы» мерекесіне пиаршы мамандар, журналистер, өзге де мамандық өкілдері қатысып, іскерлік байланыстар орнатуда.

-Майраш Ғұмарқызы, пиаршылардың тағы бір қоғамдық ұйымы -Қазақстан Республикасының Жұртшылықпен байланыс жөніндегі ассоциациясы туралы айта кетсеңіз.

-Қазақстан Республикасының Жұртшылықпен байланыс жөніндегі ассоциациясы (ЖБҰА) PR нарығында кәсіби қызмет көрсететін бірнеше компанияның бастамасы бойынша 2001 жылы құрылды. ЖБҰА-ның құрылтайшы-мүшелері заңды тұлғалар болып табылады. Қазіргі таңда ассоциация мүшелері қатарына «BRIF Research Group» Әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер агенттігі, Қазақстан Баспасөз клубы, «Ренессанс» коммуникативтік менеджмент агенттігі, Ұлттық баспасөз клубы, «Имидж-Партнер» коммуникациялық тобы, «Медиа-Систем» агенттігі, «PR-Management Company» агенттігі кіреді. ЖБҰА-ның негізгі миссиясы Қазақстанда кәсіби PR индустриясын қалыптастырып, дамыту. Белсенді іс-әрекеті арқылы ұйым Қазақстанда азаматтық қоғам орнату үдерісіне араласуда. 2008 жылы Ассоциация Қазақстан Республикасының Жұртшылықпен байланыс саласындағы кәсіби және этикалық принциптері кодексін қабылдады.

Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі таңда тек Ресей, Украина мен Қазақстан PR нарықтары ғана қалыптасып үлгірген. Бұл орайда Ресей нарығы зияткерлік әлеуетінің молдығымен ерекшеленеді. Ресей пиаршыларының тұңғыш кәсіби бірлестігі – Жұртшылықпен байланыс жөніндегі Ресей ассоциациясы 1991 жылы ЮНЕСКО сияқты беделді халықаралық ұйымның қуаттап, қолдауымен құрылды.

Еліміздің жұртшылықпен байланыс қауымдастығы үстіміздегі мерекелі жылда «Ақ мерген» Ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдағанын оқырмандар назарына сала кеткім келеді.

– Қазіргі таңда әлемнің РR мамандарын қандай көкейтесті проблемалар толғандырып отыр деп ойлайсыз?

Жұртшылықпен байланыстың Еуропадағы дамуының стратегиялық модельдері осы аймақ елдеріндегі жалпыға ортақ бірігу тенденцияларымен сайма-сай келеді. Кірігуге және бірлікке деген ұмтылыс әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени салаларды ғана қамтымайды. Жұртшылықпен байланыс үшін практикада, сондай-ақ білім беруде қолданылатын өзіндік бір стандарт құру идеясы актуалды бола түсуде.

Мұндай стандарт не үшін қажет? Ең әуелі ол стандарт PR саласындағы мамандар үшін ортақ негіз жасайды, пікірталастар мен білім алмасу іргетасын қалайды. Жұртшылықпен байланыс стандарты мәселесі жуық арада толыққанды шешімін таба алмауы да ықтимал. Алайда қазіргі таңда жұртшылықпен байланыс стандартының түйткілді тұстарына көңіл бөлу, ахуалдың барысын айқындап, Еуропа назарын осы проблемаға аудару маңызды мәнге ие болып отыр. Кәсіби тұрғыдан алғандағы жұртшылықпен байланыс стандарты бірқатар зерттеушілердің пікірінше, ол (стандарт) болашақ маман алатын білімнің, кісілік қарым-қатынасының, жеке бас қасиеттерінің сипаттамасы, сондай-ақ кәсіптік машықтардың жиынтығы болып табылады. Мұндай сипаттама стандарт бола алуы үшін оған кәсіптің өзі де, сондай-ақ кәсіпқойлар да барлық жағынан сай келуі тиіс.

Сөйтіп, стандарт мазмұны жұртшылықпен байланыс кәсібінің және оның мақсаттарының сипаттамасын түзуге тиіс болғанымен, бұл аталған сипаттама да ұдайы даму ахуалында өзгеріп тұрады. Сондай-ақ Еуропаның өзінде жұртшылықпен байланыстың өркендеу дәрежесі, заңнама негіздері әр елде әрқилы болғандықтан, бір өлшем аясына сиғызу қиындық туғызады. Дегенмен, осындай кілтипандарға қарамастан жалпыеуропалық стандарт мәселесі кәрі құрылықта талқылана бастады. Қол жеткен жетістіктер де бар. Мәселен, Еуропадағы жұртшылықпен байланыс бойынша білім беру жүйесі Еуропа паблик рилейшнз конфедерациясында аккредитациядан өтеді. Еуразия құрылығында бұл проблема әлі де өз шешімін тапқан жоқ.

Біздің еліміздегі РR қызметінде корпоративтік мәдениетті қалыптастыру мәселесі бөлек тоқталуды қажет етеді. Ол үшін арнайы кәсіби білім беруді жолға қою, оқулықтар мен әдістемелік құралдар шығару, жұртшылықпен байланыс саласындағы құрылымдарда жұмыс істейтін мамандарға ғылыми тұрғыдан сараланған талаптар қою керек. Өйткені, қазіргі заманғы ақпараттық процестерді басқару баспасөз қызметтері өкілдерінен экономиканың маркетинг және менеджмент сияқты салаларын, әлеуметтануды, әлеуметтік психологияны, бұқаралық коммуникация теориясын, сондай-ақ корпоративтік мәдениет талаптарын білуді талап етеді.

-Мағыналы әңгімеңізге көп рахмет.

Ж.Жаңбыршы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру