Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Еуразиядағы маңызды хаб

Брюссельде еліміздің транзиттік мүмкіндіктері таныстырылды 

Еліміздің континентальдық көлік-логистика торабы ретіндегі рөлін арттыру – Президент Жолдауында белгіленген басым міндеттердің бірі. Осы орайда Жаңа Жібек жолын дамыту және Қазақстан арқылы өтетін көліктік дәліздер бойынша Еуразиялық аймақ елдері ыңтымақтастығының перспективалары мен мәселелері Берлиндік Еуразиялық клубтың Брюсселдегі 24-ші отырысында талқыланды.

12 жыл бұрын Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған форум екіжақты ықпалдастық мәселелерін талқылау үшін беделді үнқатысу алаңына айналды.

Берлиндік Еуразиялық клубтың негізгі идеясы – Қазақстан мен Германия арасындағы ыңтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылау үшін экономикалық және инвестициялық трек платформасын ұсыну болып табылады. Клуб жұмысы ұсынымдар әзірлеу мен пікір алмасулар мақса­тында екі ел саясаткерлері, сарапшылары, бизнесмендері арасындағы өзара ықпалдастықты тұрақты реттеуге бағытталған. Бұл еуропалық және азиялық мәдениеттер арасындағы сарапшылық үнқатысуды нығайтуға арналған Қазақстанның Еуропадағы бірінші жобасы.
Жиынға еуропалық компания­лардың, Қазақстан мен Еуроодақтың экономикалық, қаржылық және ғылыми ұйымдарының 50-ден аса өкілі қатысты. «Жаңа Жібек жолы: Қазақстан – Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік, транзиттік және энергетикалық хаб» тақырыбындағы панельдік талқылауда «KTZ Express» АҚ бас директорының орынбасары Сергей Анашкин Еуразиялық аймақ елдеріндегі трансконтинентальдық тасымал үшін диалог алаңының маңыздылығын, Жібек жолы бағыт­тарының халықаралық көліктік жүйе­сіне тартылған елдердің даму бағдар­ламаларының ұштастығын атап өтті.
Бүгінде «Қазақстан темір жолы» мультимодальдық холдингі Еу­разияның көлік-логистикалық әлеуетін жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді. Бұған компанияның тауарларды жеткізу жылдамдығы мен божамдылығын қамтамасыз ететін логистикалық қызметтің кешенді пакетін және мультимодальдық ше­шім­дерді қолдана отырып Азия, Еуропа, Түркия және Парсы шығанағы елдері сауда полюстары арасындағы тұрақты контейнерлік қызметті алға жылжытуға тікелей қатысуы дәлел. Қазақстанның ішкі, сыртқы аумақтарында жүк ағындарын тарату мен логистикалық шоғырландыру орталықтарының тірек желілері дамуда, жеке секторды тартумен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдайлар жасалуда. Мұның барлығы өз кезегінде жүк ағындарын ынталандырып, сауда қозғалыстарында жаңа логистикалық тізбектерді қалыптастырады.
Спикер Транскаспий бағыты – Middle Corridor бойынша тасымалды ұйымдастырудағы ынтымақтастық туралы айтып берді. Бүгінгі таңда Каспий аймағы елдері контейнерлік және мультимодальдық технологияларды қолданумен трансконтинентальдық жүк ағынын дамыту үшін үлкен перспективаларды ашып, тиісті дәліз инфрақұрылымы мен порттарды белсенді дамытуда.
Сарапшылар Еуропа – Азия бағы­тындағы тасымалдарға сұра­ныстың артуын және Еуразия елдері заңнамаларын стандарттау мен үй­лестіру процесін, ұлттық және өңір­лік бағдарламаларды байланыстыру арқылы құрлықаралық жүк ағынын ынталандырудың маңыздылығын атап өтіп, логистикалық ағынды әртараптандыру, мұнай-газ секторын жаңғырту жобаларын жүзеге асыру мен ынтымақтастықтың перспективаларын пысықтады.
Қазақстанның Германиядағы төтенше және өкілетті елшісі Болат Нүсіповтің айтуынша, екі елдің ғана емес, жалпы Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы әріптестік тұрғысында тартымды ұсыныстар алға тартылды. Басқосудың нәтижесі бүгінде өзін Еуразиядағы маңызды энергетикалық және транзиттік-көліктік хаб ретінде танытып отырған біздің елімізбен әріптестікке қызығушылық зор екен­дігін көрсетті.
«ҚазМұнайГаз» компаниясы бас­қарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Есқазиев елімізде жү­зеге асырылып жатқан іргелі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, сондай-ақ бірқатар теңіз жобаларына тоқталды. Бұл жобалардағы еуропалық компаниялармен әріптестік барысы, Қазақстан үкіметінің инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытында жүргізіп жатқан жұмыстары атап өтілді. Жуырда Мәжіліс қабылдаған Жер қойнауы туралы кодекс барлау және өндіру бөлігінде жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар алуды айтарлықтай жеңілдетеді.
Отырыста жақында Брюссельде өткен ASEM саммиті барысында Елбасы ұсынған бастамалар жөнінде айтылды. Еуропаның сыртқы әрекет қызметі Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Борис Ярошевич Нұрсұлтан Назарбаевтың Азия-Еуропа саммитіне қатысуын және Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкермен өткізген кездесуін жоғары бағалады. Қазақстан Еуроодақпен Кеңейтілген серіктестік жөнінде келісім жасаған аймақтағы жалғыз ел екенін тілге тиек еткен ол, Еуро­одақтың Азиямен өзара байланысты дамыту стратегиясын жүзеге асырудағы басты серіктесі екенін атап өтті. Германия экономикасы шығыс комитетінің басқарушы директоры Михаэль Хармс екіжақты ынтымақтастықтың оң сипатына, былтырдан бері екіжақты тауар айна­лымының айтарлықтай өсіміне тоқталды. Өндірісті алға жылжыту – ең алдымен логистиканы дамытудан басталатынын терең түсінетін Қазақстан тарапының темір жол көлігін дамыту жобасы айрықша маңызды. Бұл бағытта Қорғас – Жаңа Жібек жолының Шығыстағы қақпасы болатыны сөзсіз.
Жиында еуропалық кәсіпкерлер мен саясаткерлер Қазақстанмен инвестициялық, сауда-экономикалық және саяси ынтымақтастығын одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру