Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Қуат көздері тиімді пайдаланылады

«Судың да сұрауы бар», дейді халық даналығы. Иә, бар болғанда қандай. Мәселен, қазба байлықтарға кенде көршілес Қырғызстанның нақ осы суды тиімді пайдалануға, су энергетикасына қатысты ұстанған сая­саты мемлекет қазынасына қомақты қаржы түсіруде. Бұл аталған жәйт шикізат ресурстарын саудалауға ден қойып отырған біздің елімізге де тікелей қатысты. Осы орайда қолға алынып жатқан шаралар өз жемісін беруде. Мәселен, солтүстік өңірде темір рудасын, орталықта таскөмір, шығыста түсті металдар, батыста мұнай мен газ өндіру үдерісінде заманауи технологияларды қолда­ну тиімділікті арттыруға бағытталып, өнім ысырабын кемітуге мүмкіндік беріп отыр.
Қойнауы толы қазына Қазақстан өз қолы өз аузына жетіп, бөлек отау тіккеннен бері шикізат өндірісі еселеп артты, соның ішінде негізгі қуат көзі болып табылатын көмірсутекті ресурстарды өндіру екі еседен астам өсті. Ал, әлемдік экономикада бұл көрсеткіш мөлшері 1,3 есе төңірегінде. Жер байлығын ел байлығына айналдырып, оны үлгіртумен, өңдеп, кәдеге асырумен айналысатын еліміздің отын-энергетикалық кешені тілге тиек етіліп отырған отын өнеркәсібі мен электр энергетикасын біріктіреді. Отынды өндіру көлемінің ішкі тұтынудан бірнеше есе асып түсуі кешеннің бүгінгі таңдағы басты ерекшелігі болып отыр. Негізгі міндетіне халықты, шар­уашылықтың барлық салаларын жылумен, жарықпен қамтамасыз ету үшін энергияның әр түрін өндіру және сыртқа шығару жататын бұл кешен отын өндіріп, оны өңдеу, тұтынушыларға жеткізіп беру барысында елді мекендерді ұлғайту, олардың тұрғындарын жұмыспен қамту сынды бірсыдырғы әлеуметтік мәселелердің де түйінін тарқатып, ел байлығын еселеуге қал-қадерінше қол ұшын беріп келеді. Қуат көздерін ұтымды да тиімді пайдалану өз кезегінде еңбек өнімділігін арттыруға да септігін тигізуде. Елімізде ядролық отын-уранның, қоңыр көмірдің және кокстелетін таскөмірдің пайдаланымдағы және барланған қорлары жеткілікті, сондай-ақ күн және жел энергиясының сарқылмайтын көздері бар. Ал, бүгінде мұнай-газ, мұнай-химия өнімдеріне деген сұраныс жылдан-жылға артып келе жатқандықтан, отандық энергия қуаттарын өндіру саласындағы көшбасшылық мұнай-газ өнеркәсібіне тиесілі. Көмірсутектердің мол қорына ие еліміз әлемдік энергия ресурстары нарығының қалыптасуына өзіндік әсерін тигізіп отыр. Табиғат сыйлаған осынау артықшылықты баянды ету үшін шаруақорлықтың ауадай қажеттілігі өзінен-өзі түсінікті.
Міне, сондықтан да елімізде бұл орайда технология­лық үдерістерді жетілдірумен қатар саланы құқықтық реттеу де қолға алынған. Кезінде қабылданған «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» «Магистральдық құбыр туралы», «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы», «Газ және газбен жабдықтау туралы», «Aтом энергиясын пайдалану туралы», «Электр энергетикасы туралы», «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» республика заңдары және «Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейiнгi тұжырымдамасы» сынды бірқатар бағдарламалық құжаттар отын-энергетикалық кешенді одан әрі дамытуды көздейді. Атап айтқанда, электр энергетикасы бойынша қуаттарды жаңғырту және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру есебінен республиканың энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өнеркәсіптің энергия тиімділігін арттыру, электр және жылу желілеріндегі ысыраптар деңгейін төмендету, электр және жылу энергиясын өндіруде үлестік шығындарды кеміту, тұрғын үй секторында жылуды тұтынуды азайту, қуат үнемдеу және тиімділігін арттыру саласында кадр даярлау, халық арасында энергияны үнемдеуді насихаттап отыру сөз болады, сондай-ақ электр энергиясы мен қуаттың көтерме сауда нарықтарын өркендету, ұзақ мерзімді кезеңге тарифтер бекіту қарастырылады. Мұнай-газ өнеркәсібінде геологиялық барлауға инвестициялар тарту және мұнай өндіруді технологиялық тұрғыдан тиімді дамыту, мұнай өнімдерінің түйінді түрлеріне, моторлы отын мен жанар-жағармай материалдарына ішкі сұранысты толық қамтамасыз ету, мұнай өңдеуді және мұнай өнімдері нарығын дәйекті ырықтандыру, халықаралық бірлестіктерге кірігуге жәрдемдесу, газ өңдеу технологиялары мен инфрақұрылымын өркендету, сұйытылған табиғи газ пайдалануды жетілдіру, Солтүстік Қазақстан өңірін газ тасымалдау құрылымдарымен қамтамасыз ету, шалғайдағы аудандарды газдандыру, қосылған құны жоғары мұнай-химия өнімдерін ала отырып, газды қайта өңдеудің жоғары қайта бөлінуіне қол жеткізу сынды міндеттердің шешімін табу көзделеді. Көмір өнеркәсібінде шикізатты тереңдетілген қайта өңдеу технологияларын дамыту, көмір газын пайдалану жөнінде инфрақұрылым тұрғызу, атом өнеркәсібінде уран өндіру көлемін арттыру және өткізу арналарын кеңейту, уранды байыту бойынша кәсіпорындарды жобалық қуатқа шығару, ядролық отын өндірісін ұйымдастыру жоспарларын іске асыру, атом электр стансаларын салуға қатысты жобаларды пысықтау, елімізде атом саласын дамыту үшін ғылымды көп қажет ететін өндірістер мен ғылыми-зерттеу орталықтарын құру, бұл орайда саланы кәсіби кадрлармен қамтамасыз ету алға қойылған. Бұлтартпайтын статистика деректері қолға алынған осынау ұланғайыр жоба-жоспарлардың іс жүзіне асырылып жатқанын көрсетіп отыр.

Жетпісбай
Бекболатұлы,
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail:
Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру