Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Соңғы 30 жылда Ембі қандай өзгерістерді басынан кешті?!

Ембінің жоғын жоқтап, барын түгендеу маған әрі оңай, әрі қиын. Оңай дейтінім – өзім осы қаладан шыққан соң, оның «әттеген-айының» бәрін дерлік білемін. Ол жақтан кеткеніме талай жыл болса да және қайда жүрсем де, онда нендей жағдай болып жатқанын жіті қадағалап отыруға тырысамын. Ал қиын болатыны уақытында оның бүкіл проблемаларын көріп, ащысын татып өстім.

Қалай дегенде де, мен соңғы отыз шақты жылдың ішінде осы қала мен оның халқының тұрмыстық жай-күйіне арналған мақа­лаларды қазақ және орыс тілдерінде бірнеше рет жария еттім. Олардың алғашқысы сонау 1980-інші жылдардың екінші жартысында жарық көрген, ал кейінгілері 2002-2005 жылдары жарияланған. Әрбір мақаланы жазып, шығарған сайын «енді ондағы жағдай аз да болса оңалса» деп үміттенесің. Бірақ кейінгі кезге дейін үмітім ақталмай жүрді. Сондағы айтпағым не? Енді осыған тоқталайын.

Кезінде оның үлкен қалаға айналуына не тежеу болды?

Осыдан тура 30 жыл бұрын журналистік іссапармен Ембі қаласына барып, ондағы әлеуметтік мәселелер жағдайы туралы үлкен мақала дайындап, баспасөз бетінде («Ембіні елеп, ескерсек…», «Арай» журналы, №7, шілде, 1988 ж.) жария еткенмін. Онда мынадай сөздер болған: «Жиырма жыл бұрын (яғни 1960-ыншы жылдардың аяғына таман – авт.) бұл теміржолға екі қапталынан жармастыра салған жадағай ғана станция еді… Өзгермейтін не бар – бұнда барлаушы геологтар келіп жайғаса бастады. Үш бірдей экспедиция. Олар Ембінің солтүстік-шығысынан өз поcелкелерін салды. Ембі Ақтөбе облысының Мұғаджар (қазіргі Мұғалжар – авт.) ауданы орталығына айналды да, қала атағын алды… Геологтар кен іздеді. Ал жергілікті жұрт осы тұста ірі-ірі кеніштер, таза су көздерінің ашылып, соның арқасында Ембінің дамыған өндірісі бар, үлкен қалаға айналатынына шексіз сенімді еді… Содан бері өзгеріс көп. Бірақ сонау алпысыншы-жетпісінші жылдары Ембі тұрғындары қиялдағандай сәні мен сәулеті бар қаланы көре алмадым. Ембінің баяғы проблемалары шешілу орнына бұрынғыдан да көбейіп кеткенге ұқсайды». Сол жолы Ембінің бар мүмкіндігі болғанына қарамастан, дұрыс қалаға айнала алмағанынан менің көңілім қалған. Оның кезінде ашық айтуға болмайтын бір себебі бар-тұғын. Менің аталмыш мақалам «Арай» журналында жарық көрген соң, редакцияға ЛИТО (кеңестік кезеңде баспасөз цензурасын жүргізген мекеме) қызметкерлері келіп, маған: «Ембі тұрғындарының саны шамамен он бес мың болады» деген мәліметті келтірмеуіңіз керек еді. Өйткені бұндай ақпарат әскери құпия қатарына жатады», – деп ескерту жасады. Бұның себебі осы қаланың тап жанында Ембі-5 әскери қалашығы­ның және содан сәл әріде №11 Ембі мемлекеттік сы­нақ полигонының орналас­қанында болатын. Кеңес кезе­ңінде Ембінің үлкен қалаға және ірі өндірістік орталыққа айналуына осындай фактор тежеу болған сияқты. Тоқетерін қазір, әрине, ешкім де кесіп айта алмайды. Дегенмен, сол заманда осындай жағдайдың болғаны туралы да айта кеткенді жөн көрдім.

Жаңа кезең жаңа өзгерістер әкеледі ме?

Одан кейін 14 жыл өткен соң, журналистік сапармен тағы осы қалаға келіп, ненедей өзгерістердің болғанын көріп, жергілікті адамдардың пікірін тыңдағанда, мен бұрынғым бекер екен дедім.

Өйткені 2002 жылғы Ембінің жағдайы 1988 жылғыдан көп нашар көрінді. Сонда: «Бұрынғы көргенім айналайын екен», – дедім. Дегенмен, «Эмба: территория отчаяния» деген мақала жазылып, «Мегаполис» газетінің сол жылғы 20-номірінде жарияланды. Содан мәселенің түйінін тарқататындай бір үзінді келтіре кетейін: «Жителям Эмбы есть, отчего приходить в отчаяние. Города как такового уже нет. Он худо-бедно сохранялся до тех пор, пока Эмба оставалась райцентром. Несколько лет назад центр Мугоджарского района, который подвергся укрупнению в рамках очередной административно-территориальной оптимизации, был переведен в Кандагач. Эта мера фактически явилась последним ударом по городу. И не стало ни районных учреждений, ни общественных организаций, ни магазинов, ни кинотеатра, ни клубов…». Басқаша айтқанда, мен сол жолы қаладан көңіл жұбатар­лық ештеңе көрмедім. Бірақ өмір бір орнында тұрмайды, уақыт тоқ­тап қалмайды. Жаңа кезең жаңа өзгерістер әкеледі-ау деп күтесің.
Сондай үмітпен мен 2005 жыл­дың басында өзімнің кіші отаным тақырыбына тағы бір қайтара ден қойдым. Осы тұста жазылған «Район Эмбы еще не зацвел…» деген мақалам «Central Asia Monitor» газетінің сол жылғы 1-номірінде жарық көрді. Онда қалада сол кезде қалыптасып жатқан жағдайға мынадай суреттеме берілген болатын: «А в Эмбе, в отличие от Эмбы-5 или Жема, где сейчас пытаются обогревать жилье, как и прежде, от котельных установок, издавна принято отапливать дома в зимний период углем. Хотя от этого города до газопровода «Бухара-Урал», проложенного еще в 60-ые г.г. прошлого века, всего несколько десятков километров, голубого топлива там как не было, так и поныне нет. К востоку от Эмбы расположена одна из его компрессорных станций – КС-13. Природного газа полно и к западу от этого города. До него отсюда также всего несколько десятков километров. Там, на территории одного из совхозов Мугоджарского района, центром которого тогда являлась Эмба, в начале 80-ых г.г. было открыто нефтегазовое месторождение Жанажол. В прошлом казалось, что у города большие перспективы. Но они не оправдались. И все же не все, кажется, так безнадежно. Потому что хочется надеяться. Ничего другого не остается. Да, прежние надежды не сбылись. Но прошло время, и у эмбенцев появились новые надежды».


Ембі тұрғындарының кеудесіне үміт отын ұялатқан жайт «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қо­ғамының қолға алмақ болған бас­тамасына байланысты еді. Сол кезде осы АҚ Қытай Ұлттық Мұнайгаз Корпорациясының қолдауымен Жаңажол кентінен Ембі станциясына дейін ұзындығы 86 шақырым болатын теміржол тартуға міндеттеме алған. Және сонымен қатар «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» Жаңажолдағы газ өңдеу зауыттарынан «Бұқара – Орал» магистральдік газ құбы­рының №13 компрессорлық станциясына дейін жаңа құбыр тартуды жоспарлап қойған.
Арада көп ұзамай, «Экономика» (қазіргі Tenge Monitor) газеті дүниеге келді. Оның алғашқы нөмірі 2006 жылдың желтоқсан айында жарық көрді. Ал «Экономиканың» 2007 жыл­дың ақпан айында шыққан 3-і нөмі­рінде біз газетіміздің тілшісі И. Қамбаровтың Ембінің сол кездегі әкімі М.Неталиевпен жүргізген сұхбатын жарияладық. Әңгіме қаланың сол кездегі жағдайы мен жай-күйі туралы тақырыптың айналасында өрбіген. Сонда қала басшысы тілшінің «Біздің білуімізше, Ембі қаласында жергілікті халықтың көңілін алаңдатқан 3 мәселе болған еді. Оның бірі – ауыз су, екіншісі – газ, үшіншісі – жұмыссыздық. Осы маңызды мәселелердің бүгінгі таңдағы шешімін табуы қандай деңгейде?» деген сұрағына мынадай жауап берген: «Сұрағыңыздың аужайын аңғардым. Сондықтан алдымен біз үшін ең өткір саналатын газ мәселесіне тоқталайын. Шындығында, кешегі Кеңес Одағы кезінде қыруар күшпен салынған көршілес өзбек ағайындардың газды өлкесі Бұқарадан солтүстіктегі көршілеріміз ресейлік Орынборға (одан әрі Еуропа асып тартылған) жөңкіген газ құбырының іргесінен санаулы шақырым жерде отырып, «көгілдір отынның» қызығын көре алмаған біздің сорымыз бес елі еді. Осынау баршамызды толғандырған ауыр жағдай жақында ғана оңды шешімін тауып, дәл қазір «уһ» деп, көңілімізді біршама орнықтырған жайымыз бар. Білікті басшымыз облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлы Сағындықовтың өзінің тікелей бастамасымен жуырда ғана сол іргеміздегі «көгілдір отын» магис­тралінен құбыр тартылып, газды бөлетін арнайы пункт салынды. Сөйтіп, одан қаламыздағы №3 орта мектептің жылыту қазандығына тиісінше жол тартып, жалғап та қойдық. Ал оның енді қаланың мұнан да басқа әлеуметтік маңызы бар ғимараттары мен жалпы тұрғын үйлеріне жаппай жалғастырылуы алдағы наурыз айынан бастап қолға алынбақшы.
Ендігі мақсатымыз – құбырларды көше-көшелерге тартып, әрбір отбасының өз үйіне газ кіргізуін ұйымдастыру. Сонымен 2007 жылы қаламыздың шығыс бөлігі толығымен газға қосылатын болды. Бұл үшін облыс бюджетінен 360 миллиондай теңге қаржы бөлінеді деп белгіленген. Нәтижесінде 2008 жылы қаланың темір жолдың арғы бетіндегі (батыс) бөлігін де толықтай газдандыруды аяқтау көзделген.
Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету де бұрынғыға қарағанда оңды шешімін тауып келеді. Қолданыста болған су құбырлары, көшелерде орнатылған колонкалар желісінің ақаулы бөлшектерін жөндеу қолға алынған…
Иә, үшінші маңызды мәселе – жұмыссыздық – жайлы айтар болсақ, оны екі тұрғыдан бағалауға тура келеді. Бірінші жағынан, Ембіден айналасы 60 шақырымдық аймақта бірнеше мұнай скважинасы жұмыс істеп тұр. Бұған қосымша соңғы біраз жылдар аумағында ғана мұнай өнеркәсібінің өрісті дамуы әсерінен қаламыздан қашық емес аумақтарда бірнеше мұнай мен газ өңдейтін шағын зауыттар іске қосылды. Ал, өздеріңіз білесіз, мұнай кәсіпшілігімен айналысқандар тәп-тәуір еңбекақы алады».
Сол 2007 жылдың желтоқсан айында отыз корпоративтік көш­басшы қатарына кіретін Ақтөбе облысындағы алты жобаның бірі – үшінші Жаңажол газ өңдеу зауытының 2 миллиард текшеметр газ өңдеуге шақталған және инвестициялық салымы 47 миллиард теңгені құрайтын бірінші кезегі (екінші кезегі 2015 жылдың сәуірінде, үшінші кезегі 2016 жылдың маусымында пайдалануға берілді) іске қосылды.

(Жалғасы бар)

Ахас ТАЖУТОВ,
Алматы – Ембі – Ақтөбе – Алматы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру