Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Шұбат өңдеу цехы ашылды

Түркістан қаласында қытайлық «Golden camel» атты түйе мен биенің құрғақ сүті өндірілетін зауыт іске қосылды. Бұл жоба Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60-шы қадамында сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту міндетін іске асыру аясында қолға алынған болатын.

Өңірдегі сүтті дайындау жөнінде ауыл шаруашылық кооперацияны дамытуға серпін беретін зауыттың жалпы құны 7 миллиард 456,5 миллион теңгені құрайды. Зауыт толық қуаттылығына енгенде тәулігіне 100 тонна түйе және жылқы сүтін қайта өңдеп, өнімнің ұнтағын шығаратын болады. Жоба бойынша алғашқы кезеңде 170 адам жұмыспен қамтылмақ.
Түркістан облыстық әкім­дігінің қолдауымен атал­ған кәсіпорынға 5,5 гектар жер телімі бөлініп, мемлекет есебінен инфрақұрылым бойынша барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта «Golden Cаmеl Group LTD» компаниясының басшылығы осында түйе және жылқы шаруашылығымен айналысуды да көздеп отыр. Қазақстанда теңдесі жоқ кәсіпорын ағымдағы жылдың желтоқсан айында толық іске қосылады деп жоспарлануда.
«Golden Cаmеl Group LTD» ЖШС-нің бас директоры Янг Джи дүниежүзі бойынша түйе сүтіне деген сұраныс жоғары екендігін атап өтті. «Жобаны біз Түркістан қаласында жүзеге асырдық. Мұнда әкімдік пен ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қолдауға ие болдық. Сонымен қатар барлық мәселені премьер-министрдің орынбасары мен Қытайдың бас консулдығының басшылы­ғымен талқыладық», – дейді Янг Джи мырза.
Зауыт брендті де тіркеп, тиісті сертификаттың бәрін алып үлгерген. Өзінің пайдалы қасиетін жоғалтпас үшін түйе сүті тоңазытқышта сақталып, сауыла салысымен тестілеуден өтетін көрінеді. Бұл жобаға 7 миллиард теңге жұмсалған, соның ішінде 98 пайызы қытайлық инвестицияның үлесінде. Өндірілетін өнімнің басым бөлігі Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанға экспортталады. Түркістан облысы үшін бұл зауыттың жаңа жұмыс орындарының ашылуы, салық түсімі, жалпы аймақты дамыту тұрғысынан алып қарағанда, маңызы зор. Себебі, Қытай тарапының жоспарында тек ферманы өркендету ғана емес, алдағы уақытта йогурт пен консерві шығару да бар. Құрал-жабдықтың бәрі көршілес Қытайдан жеткізіледі.
Зауытта алдағы уақытта жобаға сәйкес 125-тен астам адам тартылуы тиіс. Дәл қазір мұнда 85 адам жұмыс істейді. Қытай жұмысшылары құрылыс кезінде ғана атсалысады. Өндірісте жергілікті шаруа қожалықтарының шикізаты пайдаланылады. Бұл үшін кәсіпорын 45 шаруа қожалығымен келісімге келген. Олар Түркістан мен Түркістан облысының барлық аудандарынан сүт жеткізіп тұрады. Аталмыш зауыт тәулігіне 100 тонна құрғақ сүт өндіруге қауқары бар. Бұндай көлемде өнім өндіру үшін 29 мың түйенің сүті керек. Ал жылдық өндіріс көлемі 2,5 мың тонна деп жоспарланды. Мәселен, бір тонна құрғақ сүт өндіру үшін 16 тонна жаңа сауылған сүт керек. Қазір сүттің бір литрін зауыт 430 теңгеден сатып алады.
Зауыт басшысы Янг Джи Қытайда құрғақ сүттің бір келісі 140 долларға сатылатынын атап өтті. Жергілікті билік те өз тарапынан осы жобаны дамытуға қызу қолдау көрсетіп жатыр. Бүгінде ұсақ кәсіпорындарда 5 түйе болса, олар 10-20 түйеге дейін сатып алады. Сөйтіп өз қаржысын осы салаға құяды. Ең бастысы, зауыт өніміне сұраныс бар. Сондықтан да таяу арада отандық нарыққа қоса, шетел нарығын жаулайтынына сенім мол.
Аталмыш зауыт құрғақ шұбатты өндіруді бірінші орынға қойып отыр. Өйткені өнімде май қышқылы аз А және В дәруменге бай кальций, калий, темір, магний, цинк, фосфор бар. Осыған байланысты құрғақ шұбатқа сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Қытай ғалымдарының соңғы зерттеулері бойынша бұл өнім инсулиннің төмендеуіне, қан құрамындағы қант көрсеткішінің қалыпты болуын қамтамасыз етеді. Көптеген мемлекеттерде атал­мыш сусын аллергия, ас­қорыту, лактоз ауруына шал­дыққан адамдарды емдеуге қолданылады. Шұбатпен салыстырғанда құрғақ сүттің құрамында С дәрумені мен темір 10 есе көп. Онда май мен холестерин аз болғандықтан адам денсаулығына пайдалы. Сонымен қатар қытайлық компания Түркістанда түйе сүтінен косметикалық заттарды, консерві мен сүт өнімдерін қайта өңдеу бойынша инвестициялауды жоспарлап отыр.
Осылайша Түркістандағы «Golden camel» атты түйе мен биенің сүтін өндіретін зауыттың болашағы жарқын. Халықтың денсаулығын жақсартуды көздеп отырған өнеркәсіптің басшысы Янг Джи көптеген игі істерді жүзеге асыруды көздеуде. Болашақта шетел нарығында шығатын қазақстандық өнім әлемге танымал болатындығына кәміл сенеміз.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру