Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Шығыс әлемі – әдебиеттің айнасы

Алматыда «Шығыс әдебеті және өнері» халықаралық баспа компаниясында дөңгелек үстел өтті. Шараның ашылу рәсімінде баспаның бір жылда шығарған 11 кітабы көрермендерге таныстырылды.

Аталмыш баспа компаниясы­ның бас редакторы Гүлнұр Юсупбаева сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы өз ойын ортаға салды. «Елімізде тұңғыш ашылған «Шығыс әдебиеті және өнері» халықаралық баспа компаниясы Қытайдан бастау алып отырған ежелгі Жібек жолы бойындағы елдердің тарихы мен мәдениетін қазақ оқырманына таныстырып келеді. Аз уақыт ішінде әдебиет, мәдениет, өнер, тарих, философия, экономика салаларының дамуына елеулі еңбек сіңірген, аса зор жетістіктерге қол жеткізген көрнекті ұлт тұлғаларының еңбектерін жарыққа шығарып келеміз. Олардың қатарында Лиң Хайшұңның «Жібек жолы: археологиялық зерттеулері», Жуң Сиңцзиянның «Дұңхуантану туралы он сегіз дәріс» сияқты таным тұрғысынан құнды еңбектер бар. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің көрнекті шығармаларын, тарихшы ғалымдарымыздың таңдау­лы еңбектерін, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына байланысты көрнекті этнографтардың еңбектерін басқа тілдерге аударып, кітап етіп шығару мәселесі де ойда бар»,– деді Гұлнұр Қыран­бай­қызы.
«Шығыс әдебиеті және өнері» халықаралық баспа ком­па­ния­сының орынбасары Нұрғиса Сахов: «Бұл халықаралық дең­гейдегі бағдарлама болғандық­тан, жобаны қытай елі қаржы­лан­дырып отыр. Біз осы мүмкін­діктерді тиімді пайдалануымыз керек. Тек қана қытай елі емес, Жібек жолы бойындағы басқа да елдердің танымал туындыларын қазақ тілінде сөйлету ісін қолға алдық. Алдағы уақытта жоба аясында еліміздің терең тарихы мен бай мәдениетінен сыр шертетін қазақ тіліндегі құнды еңбектерді басқа тілдерге аударып, жарыққа шығаруды көздеп отырмыз» деді ол.
Шара аясында баспа компа­ния­сының жауапты хатшысы Ханшайым Тәуірбай «Бір белдеу – бір жол» деп аталған жаңа кітап қытай тілінен алғаш рет аударылып, қазақ оқырманына ұсынылып отырған құнды дүние екендігін атап өтті. Кітап құрастырушылары Цин Юйцай, Чжоу Гупин, Ло Вэйдун. Қазақ тіліне тәржімалаған Бодау Гули және Дана Алтынбекқызы. Аталған бастама Халықаралық деңгейдегі «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының аясында қолға алынған ауқымды шаралардың бірі. «Бір белдеу – бір жол» хрестоматиясы – білім беру тұрғысынан алғанда пән ретінде де, жалпы оқырман көзқарасымен келгенде – елінің де, ғаламның да әлеуметтік-саяси тыныс-тіршілігіне бейжай қарай алмайтын әрбір жанға географиялық та, саяси да, тари­хи-экономикалық жағынан да аса мол, жан-жақты мағлұмат көзі бола алады. Танымдық еңбек Жібек жолы бойындағы елдердің мақсат-мұраттарын ескере отырып, әрбір халықтың өз мүддесін қорғауына және ұлттық тарихы мен құндылықтарын жалпы адамзаттық құндылықтармен бірлестіре отырып жаңғыртып, өркендетуге жол ашуды мұрат тұтқан.
Жалпыға ортақ, баршаның құқықтары мен мүдделері тең құрметтеліп, тең сақталатын, ежелгі Жібек жолының тарихи дәстүріне мұрагерлік еткен, осы Жібек жолының бойындағы елдердің мақсат-мұраттарын ескере отырып, әрбір халықтың өз мүддесін қорғауына және ұлттық тарихы мен құндылықтарын жалпыадамзаттық құндылық­тармен бірлестіре отырып жаң­ғыр­тып, өркендетуге жол ашуды мұрат тұтқан. Жобаның басты ұраны – бейбіт даму, ынтымақтаса отырып, бірлесе табысқа жету. Ол белдеу бойындағы елдер мен аймақтар өзара экономикалық серіктестік байланысты белсенді түрде дамытып, саясаты сенімді, экономикасы біріккен, мәдениеті тоғысқан, мүддесі мен міндеті ортақ, тағдыры бір экономикалық топ құру. Бұл кітап қытай тілінен алғаш рет аударылып, қазақ оқырманына ұсынылып отыр.
«Шығыс әдебеті және өнері» елімізде ашылып отырған алғашқы халықаралық баспа компаниясы. Компанияның алдына қойып отырған мақсаты – Қытайдан бастау алып отырған ежелгі Жібек жолы бойындағы елдердің тарихы мен мәдениетін Алаш еліне таныстыру. Осы уақытқа дейін зерттеушілер өз тарихымызды зерттеу үшін өзге елдің мұрағатына рұқсат ала алмай қиналса, ендігі уақытта дайын еңбектерді пайдалану арқылы зерттелмей жатқан құнды деректерге қол жеткізе алады. Ком­панияның білікті редакторлары әзірге осы жағына басымдық танытып отыр. Алдағы уақытта әлем елдері әдебиетін қазақ тіліне аударып қана қоймай, қазақ әдебиетін шетел тілдеріне аударуды компания қызметкерлері жоспарлап отыр.
Жалпы компания алғашында яғни, 2016 жылы Қырғыз Рес­пуб­ликасының Бішкек қа­ла­­сындағы «Чыгыш адабияты жана искусствосы» ЖШҚ құрамында болған. Онда қа­зақ редакторларымыздың бел­сен­ділігінің арқасында бас­паға қазақ тіліндегі бірнеше кітаптар дайындалып, басылып шықты. Әрине, еткен еңбекті қазақстандық оқырмандарға ұсыну мәселесі алдымыздан кесе көлденеңдеп шыға келді. Сондықтан, «Шығыс әдебиеті және өнері» ЖШС деген атаумен 2017 жылдың күзінде Қазақстан Республикасының Әділет минис­трлігінде тіркеліп, биылғы жыл­дың басында өз жұмысын бастап кетті. Ашылғанына аз ғана уақыт болса да, бірнеше кітапты өзге тілден тәржімалап, тұсаукесерін жасап үлгерді. Жалпы алғанда еліміздегі баспа ісі саласындағы халықаралық алғашқы компания болып есептеліп отыр. Осыған қарап аталмыш баспа компаниясының болашағы кемел болатындығына кәміл сенеміз.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру