Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Тиімділік табыс өсімімен бағалануы тиіс

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру барысы мен оны өзектілендіру жобасы қаралды. Сондай-ақ Үкіметтің алдағы жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспары талқыланды.

Өнімді жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағ­дар­ламасын іске асыруға ағымдағы жылы 112,9 млрд теңге бөлінген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова жыл соңына дейін 571 мың азаматты жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланғандығын айтып өтті. Өткен 10 айдың қорытындысы бойынша 82,5 млрд теңге игерілген. Қазандағы жағдай бойынша қолданыстағы бағдарламаны іске асыру 563 мың адамды жұмыспен қамту шараларына тартуға мүмкіндік берді. Олардың ішінен 458 мың адам, оның ішінде 327 мың адам немесе 71% тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар бойынша жаппай оқыту – бағдарламаның басым бағыттарының бірі. Бұл ретте тегін техникалық және кәсіптік оқыту шеңберінде 1 қыркүйектен бастап 20 мың жас адам оқуға кіріскен. Қазіргі сәтте 40 мыңға жуық бағдарлама қатысушылары қысқа мерзімді оқытуға жіберілді. Жалпы республика бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды аяқтаған 18 мың адам жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар оқуды аяқтаған адамдарды жұмыспен толық қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тетіктер қарастырылған.
Министрдің мәліметінше, жыл басынан бері барлығы 9 801 шағын несие берілген. Несие алған азаматтар қосымша 9 117 жұмыс орнын ашқан. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша осы жылдың 10 айында 24 мың адам оқытылып, оның ішінде 16 мың қатысушы бизнес-жобаларын қорғап шықты. Сонымен қатар шағын несиелерді соңғы қарыз алу­шыларға жеткізуді тездету үшін мем­лекеттік бағдарлама жобасында бір­қатар өзгерістер орын алмақ. Мысалы, ауылдық елді мекендерде зәкірлі кооперацияны дамыту үшін шағын несие мөлшері 5000-нан 8000 АЕК дейін ұлғайтылды, зәкірлі кооперация қатысушыларына, ауылдардағы және шағын қалалардағы жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге жұмыс орындарын құру бойынша қойылатын талаптар жеңілдетілді, бағдарламаға қатысушылар саны жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлермен толықты.
Қазандағы жағдай бойынша 128 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына, оның ішінде 22 мың адам әлеуметтік жұмысқа орналастырылды, 26 мың адам жастар практикасына және 80 мың адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Электрондық еңбек биржасы арқылы 336 мыңға жуық адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Бұған қоса, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру аясында жұмыс күші көп оңтүстік өңірлерден 1 488 отбасы немесе 4 925 адам қоныс аударды. Оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы 2523 адам қатарынан 1424 адам жұмысын бастап, 87 адам кәсіпкерлікпен айналысуда.
Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов қазіргі таңда шағын несие беру схемасына екінші деңгейдегі жеті банк және екі шағын қаржы беру ұйымы қатысатынын айтты. Биыл қалалардағы шағын несие беруге бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 17 млрд теңгені құрайды. Қазіргі кезде 11,1 млрд теңге игеріліп, 1 042 жоба қаржыландырылған. Экономика салаларының бөлінісінде қарыз алушылардың басым бөлігі сауда, қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі және құрылыс салаларында қызмет атқарады. Шағын несиелерді ке­піл­дендіру бойынша ағымдағы жылы 1,9 млрд теңге сомасына 320 шарт жасалды. Іс жүзінде әрбір үшінші қарызға кепілдік ұсынылған.
Бейінді министрліктер мен өңір әкімдерінің баяндамаларын тыңдаған Премьер-министр Б.Сағынтаев барлық өңірлерге бағдарламаны іске асыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Ұлттық экономика, Ауыл шаруа­шылығы министрліктерімен бірлесіп, нысаналы топтарды, атап айтқанда жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың табысын арттыру үшін азаматтарды өнімді жұмыспен қамтуға тарту бойынша қабылданып жатқан шаралардың әсеріне мониторинг жүргізу жүйесін жолға қою тапсырылды. Сонымен қатар министрлік «Атамекен» ҰКП және өңірлермен бірігіп «Бизнес-Бастау» жобасымен білімін жетілдіргендерді шағын несиемен қамту мәселесіне ерекше назар аударуы керек. Бұдан бөлек, бағдарламаның орындалуын жеке өңірлік жұмыспен қам­ту бағдарламалары, оның ішінде бюд­жеттік қаражаттың тиімділігі тұрғысында іске асырылуын ескере отырып талдау жасау тапсырылды. Б.Сағынтаев Үкімет мүшелеріне өзектендірілген бағдарламаның тиімділігі тұрғындардың табысының өсімімен де бағалануы тиіс екендігін еске салды.
Жиында 2019 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспары туралы әділет министрі М.Бекетаев баяндады. Жоспар негізіне ел Пре­зиденті айқындаған, мемлекеттің стратегиялық құжаттарында баян­далған міндеттер алынды. Алдағы жылы «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы», «Қазақстан Республикасының Эко­ло­гиялық кодексі» кодекстердің жаңа жобалары, сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы», «Мемлекеттік фельдъ­егер­лік байланыс туралы» заң жо­баларын әзірлеу, сондай-ақ мем­лекеттік органдар құқықтық мониторинг нәтижелерінің негізінде бірқатар заң жобаларын әзірлеу көзделіп отыр. Жоспардың жобасы Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында талқыланған. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары ескерілді. Көзделген заң жобалары бойынша түсіндіру жұмыстарын оны қабылдағаннан кейін мемлекеттік органдар жүргізетін болады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру