Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Мұнай-газ секторына серпін керек

Еңку-еңку жер шалған, егеулі найза қолға алған ата-бабаларымыз ақ сүңгінің ұшымен, сом білектің күшімен бағындырған тұлпарының тұяғы жеткен жердің ең бір сүбелісі қара алтын-мұнай мен көгілдір отын-газға бай Батыс өңірі болып табылады. Еліміздің жиынтық байлығының басым бөлігі нақ осы аймақта өндіріледі десек, артық айтқандық емес. Сондықтан да табиғаты қатал бұл облыстар халқының тұрмыс тауқыметін елеулі түрде жеңілдететін көгілдір отынға қол жеткізуін әлеуметтік әділеттіліктің салтанат құруымен барабар санауымызды ойлы оқырманымыз айыпқа бұйырмас, деген пікірдеміз.

Бұл орайда алысқа бармай-ақ, мысалды бір ғана Сыр өңірінен келтірсек деп отырмыз. Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газеті Елбасының тапсырмасымен жүзеге асқан маңызды бастамалар ішінде «Қызылорда қаласының жылу-қуат көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру» жобасын айрықша атап өтеді. 2004 жылы қолға алынған бұл жобаны жүзеге асыруға ел қазынасынан қомақты қаражат бөлініп, қаланы газдандыру құрылыстары жүргізілген, нәтижесінде қуатты газтурбиналық станса пайдалануға берілген. Алдыңғы кезекте шаһардың көпқабатты және жеке сектордағы тұрғын үйлері, коммуналдық-тұрмыстық мекемелер жабдықталып, кейін шағын және орта бизнес нысандары ілеспе газға қосылуға мүмкіндік алған. Өңірдегі газ бағасының ел бойынша ең төменгі құнды құрауы да тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, яғни, отын сатып алуға кететін шығындардың азаюына әкелген, деп жазады басылым. Осы тұста қала аумағының өсіп келе жатқанын да естен шығармаған жөн. Соңғы жылдары жаңадан шағын аудандар бой көтерген. Сондықтан да шет аймақтарды газдандыру тұрғындардың өтініш-ұсынысы бойынша әлі күнге жалғасуда. Қазір Қызылорда қаласын газдандыру деңгейі 92 пайызды құрап отыр.
Облысты кешенді газдан­ды­рудың бірінші кезеңі баста­лып та кеткен. Бұл мүмкін­дікке Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алын­ған «Бейнеу-Шымкент» магис­тральды газ құбырының құ­ры­лысы аяқталған соң қол жеткізілгенін тілге тиек еткен газет жұртшылықты осылайша Қазақстанның батысын шығыспен жалғаған құбыр іске қосылған соң Қызылорда облысының елді мекендерін толық газдандыру жұмысы қолға алынатынынан хабардар етеді. Мұнан бұрын облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы арасында меморандум жасалып, газ және газбен жабдықтау нарығында өзіндік орны бар компания бұл іске 23 млрд теңге қаражат бөлген болатын. Осы қомақты қаражат игерілген соң 4 аудан орталығы мен Байқоңыр қаласы газбен қамтылатын болды. Елді мекендерді газдандыру жұмыстарының қазіргі күнде 70 пайызы орындалған. Байқоңыр және Арал қалалары мен Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кенттері магистральды газ құбырына қосылған кезде ондаған мың тұрғын көгілдір отынның игілігін көреді. Облыстың Мұстафа Шоқай, Қамыстыбас, Төреңөзек, Ақсуат, Бесарық және Ақеспе елді мекендерінде газ стансаларын орнату және Жақсықылыш кентін газдандыру бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге облыс қазынасынан 356 млн қаржы бөлінген. Қалған аудан орталықтарын газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен облыстық, республикалық бюджет есебінен жүргізілетін болады.

Облыстағы өзге елді мекендерге көгілдір отын жеткізу мәселесі газдандырудың екінші кезеңінде толық шешімін табады. Өйткені, елді мекендердің 85 пайызы магистральды газ құбырының бойында орналасқан.
Ал, Астана қаласының ақпарат көздері жуырда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Елордамызды газдандыру туралы нақты тапсырма бергенін жамиғатқа қуана жеткізіп жатыр. Бас қаламызды және еліміздің орталық, сондай-ақ солтүстік өңірлерін газдандыру жобасы Елбасының маңыз­ды 5 әлеуметтік бастамасының қата­рына кіріп отыр. Көгілдір отынды жеткізетін «Сарыарқа» магистральды газ құбырының ұзындығы 1081 шақырым. Ол «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының Қызылорда облысы аумағындағы «Қараөзек» компрессорлық станциясынан бастау алып, өндірісі дамыған Жезқазған, Қарағанды, Теміртау өңірлері арқылы Астанаға дейін жүргізіледі. Осы бағытпен газ құбырын салу арқылы 2,5 млн-ға жуық тұрғынды газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ел ордасы үшін газ жеткізудің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық әсері үлкен. Газ жіберу энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететініне тоқталған басылымдар қысы ұзақ Арқа даласында көгілдір отын тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, әлеуметтік жағдайын көтеруге, шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал ететініне, мыңдаған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретініне айырықша тоқталуда. Көмір жағып отырған шамамен 250 жылыту орталығы, 20 мыңнан астам жеке тұрғын үйді газға ауыстыру, сондай-ақ Астанадағы 2 жылыту электр орталығын газға көшіру көзделген. Экологиялық ахуал да жақсарып, зиянды қалдық мөлшері 35 мың тоннаға азаяды. Бұл жоба бүкіл солтүстік өңірді газдандыруға жол ашады.
«Астананы газдандыру» жобасы бойынша мемлекеттік сараптама жүргізу үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасалып, әзірленді және «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты. Қорытындыны алудың болжамды мерзімі–2018 жылдың төртінші тоқсаны. Астана қаласында газ тарату желілерінің құрылысы үш кезекке бөлінген. Қазіргі уақытта газдандыру үдерісін жеделдету үшін бірінші кезектің 9 кешенін іске қосу мақсатында жобалау-сметалық құ­жат­тама әзірленуде. Оның қоры­тын­дысын алудың болжамды мерзі­мі 2019 жылдың бірінші тоқсанына белгіленген. Екінші және үшінші кезектегі газ тарату желілерінің құрылысын 2021 және 2023 жылдары іске асыру көзделіп, жергілікті және республикалық бюджеттің, сондай-ақ жеке инвестициялардың есебінен жүзеге асыру жоспарланған, делінеді әкімдік ақпаратында. Екінші кезектегі газ тарату желілерінің құрылысын іске асыру жобасы шеңберінде көгілдір отын Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар, Тельман, Пригородный, Garden Village және Family Village тұрғын алаптарына жеткізіледі.
Дегенмен, келешегі кемел саланың тарқатуды қажет ететін толғақты түйіндері, шешімін күткен сауалдары жоқ емес. Осынау өзекті мәселеден халық қалаулылары-Мәжіліс және Сенат депуттары да қалыс қалып отырған жоқ. Заң шығарушылар өз тараптарынан «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде бастама көтерді. Заң жобасын Мәжіліс алғашқы оқылымында мақұлдап, сараптамаға жібергенін атап өткеніміз жөн. Көгілдір отынның экономикамыздағы орны, оның бүгіні мен келешегі жөнінде еліміздегі мамандандырылған салалық басылым – «Petroleum» журналы 2000 жылдан бері ойлы әңгімелерге түрткі болып, талдамалы-аналитикалық шолулар мен мақалаларға орын беріп келеді. Қааламгер, журналдың бас редакторы, Қазақстан журналистика академиясының академигі, «Қаз­МұнайГаз» компаниясы мен «Kazenergy» ассоциациясы белгі­леген «Қалам энергиясы» конкур­сының Гарн-при жүлдегері Олег Червинскийдің басшылығымен атал­ған басылым мұнай-газ секторы­ның көкейтесті мәселелерін білгір­лікпен көтеріп, журналдың отандық жазылушыларын, сондай-ақ шет елдердегі, атап айтқанда Америка Құрама Штаттарындағы, Ұлыбританиядағы, Канададағы, Қытай Халық Республикасындағы, Польшадағы, Ресей Федерациясын­дағы, Жапониядағы, Швейцария Конфедерациясындағы, Нидерланд Корольдігіндегі оқырмандарын сапалы ақпаратпен қамтамасыз етіп келеді.
Бүгінде көзіқарақты қауым, мамандар мен ғалымдар саладағы қол жеткен жетістіктерді атап өтумен қатар, сала басшылығының назарын көп ұзатпай шешімін табуы тиіс мәселелерге де аударып келеді. Айталық, Қазақстанның мұнай саласын барлау және өндіру сегментінде «үлкен үштік» – Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындары жобаларын дамытуға байланысты мұнай-газ саласы уақыт көкжиегінде 15-20 жылға жетерлік едәуір қорлармен қамтамасыз етілген. Aтап айтқанда, 2030 жылға дейін өндіру көлемін едәуір өсіруге мүмкіндік беретін бірқатар жобалар жоспарлануда. Ал, барынша ұзақ мерзімді келешекте 2050 жылға дейін геология-барлау саласында қорларды игеруде едәуір құлдырау болуы мүмкін. Сондықтан да геологиялық саланы және геология барлау қызметін белсенді дамыту, геологиялық барлауға инвестициялар тарту және қысқа мерзімді келешекте кен орындарының ұлттық резервтік қорын құру, мұнай және газ беруді арттырудың қолданылып жүрген әдістерімен қатар экономикалық және фискалдық ынталандыруды қолдану қажет болады. Шикі мұнайды экспорттауда Қазақстанның дәстүрлі сыртқы сауда әріптестерінің құрылымы сақталады. Ал, еуропалық нарық тоқыраулайды, мұнда сұраныс жылына 0,8 пайызбен баяулап азаяды. Ұзақ мерзімді келешекте сұраныс серпінін өзгертудің негізгі қозғаушы күші Aзия-Тынық мұхиты өңірі, атап айтқанда Үндістан мен Қытай болады. Мұнда сұраныстың жыл сайынғы өсу қарқыны 2030 жылға дейін 2,1 пайызды құрайды. Қазіргі таңда шығыс бағытындағы мұнай тасымалдаудың жалғыз ұтымды бағыты қуаттылығы жылына 20 млн. тоннаға дейін жететін Қазақстан-Қытай құбыржолы болып табылады.
Мұнай және газ өнімдерін өңдеу-саланың бүгінгі таңдағы көкейтесті түйінлдерінің бірі болып табылады. Өзге мұнай өндіруші елдермен салыстырғанда Қазақстандағы үш мұнай айыру зауыты құмға сіңген су сияқты. Тілге тиек етілген осынау түйткілдердің шешімін табу ел экономикасын зымыран замана талабына бейімдеуге жәрдемдесетінін атап өтуге тиіспіз.

Жетпісбай Бекболатұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру