Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Еңбек түбі – береке

Күз мезгілі диқандар мен ауыл еңбеккерлері үшін табысты маусымдардың бірі. Жер қарая егін егіп, көкөністің сан түрін баптап, суаратын еңбекшілер күзде мол өнім алуды асыға күтеді. «Не ексең, соны орасың» демекші, диқаншылар да балаша баптаған егіннен жылдағыдан артық нәтижеге қол жеткізуді мақсат тұтады.

Еліміздің барлық аймақтарында, оның ішінде елдімекендер мен ауылдарда күз мезгіліне тән жәрмеңкелер ұйымдастыру дәстүрі бұрыннан қалыптасқан. Халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеріп, экономикалық жағынан уақытша болсын үнемдеу тұрғысынан алып қарағанда, мұндай бастамалардың көмегі зор. Осы орайда, Қызылорда облысында «Алтын дән» мерекесі кең көлемде аталып өтті. Шараға облыстың барлық аудандары мен айналасындағы ауылдардың шаруа қожалықтары, диқаншылары қатысты. Жәрмеңкеге облыс фермерлері 1500 тоннаға жуық ауылшаруашылығы өнімде­рін сатылымға қойды. Олардың ішінде көкөністің алуан түрі, сүт-ет өнімдері, бақша дақылдары, балық, тіпті қой мен ешкі де бар. Жәрмеңкеге қойылған тауарлардың барлығы тұрғындардың күнделікті тұрмысына қажетті болғандықтан, нарықтағы бағадан төмен сатылды. Келем деушілердің санында шек болмады. Тұрғындардың қарасы көбейіп, алаңда мерекелік бағдарламалар басталды. Яғни, концерттік бағдарлама шеңберінде ұлттық ойын түрінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды. Халықтың қуанышында шек болмады. Шараның орта тұсында Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музы­калық драма театрында салтанатты жиын өтті. «Алтын дән» мерекесі аясында өрбіген басқосуға аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қатысты. Сондай-ақ, облыс әкімі Жаңақорған мен Шиелі аудандарында өткен жәрмеңкеге қатысып, ауыл еңбеккерлерін егін жинау науқанының сәтті аяқталуымен құттықтады. «Елбасы Н.Назарбаев ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында қолдан келген көмекті аяп жатқан жоқ. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың арқасында соңғы жылдары облыстың аграрлық саласында даму көрсеткіші жоғарылаған. Мәселен, соңғы бес жылда ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 16,4 млрд теңгеге өсті. Осы жылдары аграрлық секторға салынған инвестиция көлемі 23 есеге, ал тамақ өнімдерін өндіруге салынған қаржы бес есеге ұлғайған. Биылғы жылдың мамыр-маусым айларындағы ауа температурасының жылдағыдан салқын болуы, сонымен бірге, вегетация кезінде жоспарлы сумен қамтамасыз етудегі орын алған қиыншылықтар облыста аса күрделі жағдайды қалыптастырды. Дей тұрғанмен, заманауи үлгідегі озық технологиялардың арқасында диқандарымыз егінді дер кезінде жинап, өздерінің кәсібіне деген шынайылығын, ұйымшылдығын көрсете білді. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында бүгін мерекелі жиында бас қосып отырған жайымыз бар», – деді жиында сөз алған Қ.Көшербаев. Қызылорда диқаншыларының еңбегіне оң нәтиже берген облыс әкімі биылғы жылы мемлекет қазынасына 500 мың тоннаға жуық күріш жинал­ғандығын мақтанышпен атап өтті. Осы орайда, облыстық баспасөз қызметінің келтірген статистикасына көз жүгіртер болсақ, биылғы жылы Қызылорда өңірінде 87,3 мың гектарға күріш егілген. Соңғы бес жылдың ішінде жоғары өнімді сорттарды пайдалану есебінен күріш жармасының өндірісі 39 пайызға артқан.
Елбасының жүктеген тапсыр­масына сәйкес, еліміздің әр ай­мағында Агрокарта шеңберінде жұмыстар жүргізіліп жатқандығы белгілі. Яғни, бағдарлама аясында ауылшаруашылық өнімдері түрлерін және экспорт көлемін ұлғайта отырып, ішкі нарықтың сұранысын толықтай қамтамасыз ету жұмыстары көзделген. Осы мақсатты іс жүзінде орындау барысында Қызылорда облысының ақ маржаны Моңғолия мен Түркия, Ауғанстан елдеріне экспортталмақ. Аграрлық сектор мамандарының алдағы уақытта атқарар жұмысы белгілі. Яғни, көршілес жатқан Қытай мен Ресейге бақша өнімдерін жеткізуді жоспарлап отырса, сиыр мен қой-ешкі малдарын Өзбекстан мен Иран, Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорттауды қолға алмақ ниетте.
Қазақпарат агенттігінің мәлі­метіне сүйенер болсақ, агро­өнеркәсіп саласы бойынша Сыр өңірінде жалпы құны 7,1 млрд теңгені қамтитын 10 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарына халықаралық стандарттар жүйесінің негізінде жұмысын өрге домалатып отырған – Қызылорда қаласында орналасқан екі гектарлық автоматтандырылған жылыжайды, Қармақшы ауданында жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын, Шиелі ауданындағы 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасын, Жалағаш ауданындағы элеватор базасындағы «Байқоңыр» агрохолдингін, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы мал бордақылау алаңдарын жатқызуға болады. Салтанатты жиын соңында ауыл шаруашылық саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, бүгінде жемісін көріп отырған ардагер азаматтарға құрмет көрсетілді.

МАҚПАЛ САҒЫНДЫҚ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру