Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ-Болашақ» экологиялық бірлестігінің төрағасы, кәсіпкер: Қазақстан дағдарыстық жағдайда емес

– Бізде еліміздің ішкі-сыртқы саясаты жөнінде түрлі болжамдар жасап, сәуегейлік танытып жүрген саясаттанушылар өте көп. Бірақ экономиканы, қаржы саласын жіліктеп тұрып айтып беретін сарапшылар некен-саяқ. Бәлкім бұл салаға көбісінің тісі батпайтын шығар. Дегенмен өзіңіз секілді экономиканың тілін білетін жастар баршылық. Елімізде жүргізіліп жатқан қаржы саласындағы саясатқа, экономиканың дамуына көңіліңіз тола бермейтінін айтып жүрсіз. Расында осы салаларда кемшілік бар ма?

– «Айтпаса сөздің атасы өледі» демей ме қазақ. Мен бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерге жиі шығып, өз ойымды білдіріп жатсам, ол «атың шықпаса жер өртенің» кері емес. Өз-өзіме пиар жасап жүрген адам да емеспін. Құдайға шүкір, қолымнан келгенше дөңгелетіп отырған кәсібім бар. Тұрмысым түзу. Үндемей-ақ жүре беруге де болады. Бірақ «көрмейін десем, көзім бар» демекші, осы елде, осы топырақта туып-өнген соң, алаш елінің өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді. Сол үшін үнсіз қала алмаймын. Неге дейсіз ғой, саясатты былай қойғанда еліміз өркениетті мемлекеттердің қатарынан табылуы үшін алдымен экономикамыз мықты болуы керек. Егерде осы саланы жақсы жолға қоя алсақ, елдің тұрмысы да анағұрлым жақсармақ. Демек экономикасы қарышты дамып, халқының тұрмысы, әл-ауқаты жақсы мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты да жаман болмасы хақ. Олай болса біз Елбасы айтқандай алдымен экономиканың күшеюіне мән беруге тиіспіз.
– Бұл үшін не істеу керек?
– Әрине, бүгінге дейін жүргізіліп келген экономикалық саясатты жоққа шығаруға болмайды. Қол жеткізген жетістіктер де бар, же­місін де жеп жатырмыз. Бірақ бізде өте зор табиғи байлық бола тұра, әлі күнге тасбақа тірліктен аса алмай жатқан жай бар. Қазіргі қалыптасып отырған халықаралық жағдайды, әлем экономикасының бүгінгі, аухалын жетік зерттеп, соған сай өз мүддеміздің тұрғысынан қимылдауға тиіспіз. Мәселен, біздің «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсы мемлекеттің дамуына үлкен серпін беретін Жаңа экономикалық стратегия жасап шығып, Үкіметке ұсынып отырмыз. Атап айтқанда:
1. Қазақстан нарығын тек қана қазақстандық кәсіпкерлерге арнауымыз керек. Шетелден келетін тауарлардың мемлекеттік төлемін жоғарылату, сонымен қатар, олардың адам денсаулығы және қоршаған ортаны қорғау стандарттарына сәйкестігін қатаң тексеріп, арнайы төлемдерді бекіту қажет.
2. Мемлекеттің инвестициялық қаражат айналымы жүйелерін толық түрде ашық көрсету. Үкімет бас­шысы бөлінген қаражат бойынша нақты жеткен жетістіктер мен кем­ші­ліктер бойынша қоғамдық ұйым­дар мен xалыққа есеп беруі тиіс. Екінші дәрежелі банктерден тікелей және уақытылы шағын-орта кәсіпкерлікті қаржыландыру жүйе­сінің ашықтығын қалыптас­тыру.
3. Ауылшаруашылық қожа­лық­­тарын мемлекеттің тікелей қолдауына алғызу. Кейбір қожа­лықтарды біріктіріп, коллективті шаруа қожа­лықтарын жұмыс іс­­теуіне жағдай жасау. Өндірілген ауылшаруашылық өнімдерін толық түрде өзіндік құны­нан жоғары бағаға өткізуді мем­лекеттің өз мойнына алуы. Соны­мен қатар, кейбір өнімдерге мемле­кеттік дотация бө­лініп, олардың қожалықтарға уа­қытылы берілуін қамтамасыз ету керек. Дер кезінде берілмеген жағ­дайда шенеуніктер заң алдында жа­уап беруі қажет. Қысқасы, бұл бағ­дарламаны «Қазақстандық нарық – қазақ кәіпкерлеріне» деп атап отырмыз. Өйткені ішкі нарық алдымен өз кәскерлеріміз өндірген өнімге толуы тиіс. Бұл экономикалық стратегияны іске асыру үшін, мынадай 5 қадамды жолға қоюға тиіспіз.
1. Шетелден кіретін тауарларға мемлекеттік төлемдерді көтеру керек.
2. Сырттан келетін тауарлардың эко­логиялық стандарттарға сәйкес­тігін тексеру қажет.
3. Қаржы институттардан ша­­ғын-орта кәсіпкерлікке бөлін­ген қара­жатты толық түрде ашық көр­сету қажет. Министрлер, әкім­дер әр жоба туралы нақты жеткен нәти­желер жайында xалық алдында есеп беру керек.
4. Қазақстандық ауылшаруа­шы­­лық қожалықтарына нақты бағдарла­малар арқылы тек өндіруші­лік ұста­нымда жұмыс істеуді қалып­тастыру.
5. Қоғамдық ұйымдардың бел­сен­ділігін арттыру. Кәсіп­кер­лердің жеткен жетістігін арна­йы ашық рейтингтер арқылы анық­тау керек. Осы стратегияны іске асырған жағдайда xалықтың тұр­мыс­тық жағдайы екі есеге өсіп, жаңа жұмыс орындары ашылар еді.
– Бәрекелді. Ниет еткен жоспар­ларыңыз орындалсын. Дегенмен мемлекет тарапынан кәсікерлерге қолдау жоқ деп айтуға болмас. Кәсіпкер кез-келген банктен несие алып, шаруасын жүргізіп жатқан жоқ па?
– Әрине, жоқ деп аузымызды қу шөппен сүрте алмаймыз. Қолдау бар. Бірақ… Иә, бірақ несие арзан емес қой… Мемлекет Ұлттық қордың есебінен екінші деңгейлі банктерге көп қолдау көрсетті. Әйтсе де, банктер өндіріске ақша салып жатқан жоқ, пайыздық үстемақысы өте жоғары. Осы тұста бізде банктер кім үшін жұмыс істейді? Банктермен жұмыс істеу қаншалықты тиімді және қолжетімді деген сауал алдан шығары хақ. Мемлекет екінші деңгейлі банктерге көп қаражат бөліп келді, әлі де бөлуде. Олардың мақсаты банктер арқылы шағын және орта кәсіпке қолдау көрсету болатын. Бірақ ол қаражат екінші дәрежелі банк-тердің қожайындарынан артылған жоқ. Қаражат артылмағаннан кейін бөлінген қаражат екінші деңгейлі қаржы институттары арқылы жоғары пайызбен шағын және орта кәсіпкерлікке берілді. Мұндай жағдайда кәсіпкер тірлігін дөңгелетіп алып кете қояды деу артық. Үстемақысы көп несиені төлей ме, әлде шаруашылығымен айналыса ма? Бұл үлкен мәселе. Осы жерде айта кететін тағы бір жайт – бізде өндіріс, сауда деп бөліп қарайды. Ол дұрыс емес. Сауда мен өндіріс бір. Алып-сатумен айналысатын компания – болашақ өндіріс ашумен айналысатын әлеуеті болатын компания. Өйткені кезінде компанияларын, зауыттарын ашып өз өндірісін жүргізгенмен, оны сату жағынан ақсап жатты. Бұл – нарық. Нарықта бірінші сауда компаниясы жұмыс істеп, белгілі бір өндірістің тауарын сатады. Нарықта сұранысты білгеннен кейін жаңа өндіріс құрылады. Сол арқылы біз нарықты қамтамасыз етеміз. Сату деген технологияның өзі үлкен кәсіпкерлікті қажет етеді. Ол жерде дистрибьюторлік, дилерлік қызметтер бар. Әртүрлі компаниялармен жұмыс істейді. Бренд танымал болуы керек. Соның бәрін жасайтын осы – сауда компаниялары. Ал өндірісші тек тауарды өндіреді. Бұл жағынан алғанда өндірушінің жұмысы жеңіл. Ал сатушының жұмысы ауыр. Сон­дықтан біз кәсіпкерлерімізді қолдауымыз керек. Саудамен айналысушылардың бәрі болашақ әлеуетті өндірушілер. Шағын және орта кәсіпкерлік саласындағылар – сол өндірушілер. Сондықтан оларды мемлекет қолдауы керек. Ұзақмерзімді жеңілдетілген ақша тауып беру керек. Қазір сол қаражаттың мәселесі қиын. Өкінішке орай, банктерге мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетілгенмен, өндіріске қарай бет бұрып, пайыздық үстемақысын төмендетіп жатқан банк жоқ. Осы жағына қатты көңіл бөлгеніміз жөн.
– Демек қаржы саясатында олқы­лық бар дейсіз ғой?
– Қаржылық жүйеде әділеттілік болмай тұр. Ұлттық банк реттеуші ретінде доллардың бағамын ұстай алмай отыр. Ешқандай қарсы құрал пайдаланып жатқан жоқ. Осы жерде олигархтар мен банк қожайындары өз жағдайларын жасап жатыр. Бұл – бір. Екіншіден, мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлік саласына бөлініп жатқан қаражат сол салаға тікелей барып жатқан жоқ. Өйткені бұл жерде жемқорлық жайлаған. Бұл жүйенің бәрін реттеу үшін ашық жүйе қажет. Ол үшін қоғамдық ұйымдардың белсенділігін арттыру керек-ақ. Барлық мәселеге қоғамдық ұйымдар қатысып, ашық талқылануы тиіс. Қазақстандық қор биржасы көшедегі ақша айырбастау пункті сияқты. Бұл жерде оның айырмашылығы ақша айырбастау пунктінде бір ғана адам болса, онда көбірек адам жұмыс істей-тіндігінде. Біз өзімізді өзіміз алдап отырмыз. Екінші деңгейлі банктер арқылы «лас» ақшалар келеді. «Лас» ақшалар деп отырғаным – көлеңкелі экономиканың ақшалары. Бұл долларға жалған сұраныс тудырады. Осы жалған сұраныстың арқасында долларға сұраныс артып, доллар бағамы көтеріліп кетті. Мұның бәрін мемлекеттік құзырлы органдар бақылауға алуға тиіс. Осы жағдайды дәл қазір қолға алмаса, жағдай бұдан да әрі ушығып кетуі әбден мүмкін.
– Шикізатқа тәуелді болмай, экономиканы әртараптандыру үшін қай салаға басымдық беріп, көңіл бөлуге тиіспіз?
– Ол – шағын және орта кәсіп­кер­лікті қолдау. Бұл сала эконо­миканың 70-80 пайызын алатын болса, онда экономика­мыз тұрақтанды деген сөз. Ешқандай шикізатқа тәуелді болмаймыз. Мысалы, қырғыз елінде шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі – 90 пайыз. Шағын және орта кәсіпкерлік – туризм, ауыл шаруашылығы, ІТ- технология, әртүрлі сауда-саттық және қызмет көрсету орындары. Шағын және орта кәсіпкерлік саласы енді еңсесін тіктей бастаған кезде девальвация болады да, банкротқа ұшырап қалып жатыр. Бұл бар қаржысын осы саланы көтерсем деп жұмсап отырған отбасыларға ауыр тиеді, отбасылық қоржын азайып кетеді. Елдің тұрмысы төмендейді. Осының бәрі бір-бірімен байланысты. Мемлекет өзі бәрін үйлестіріп, тепе-теңдікті ұстаса, онда шағын және орта кәсіпкерлікті көтеруге ден қойғандардың жұмысы алға басар еді.
– Көптеген сарапшылар Қазақ­стан экономикасының Ресейге тым байлаулы, ол ел Батыс салған түрлі санкциялар әсерінен күйзеліске ұшырап, соның салқыны бізге тиіп жатыр деседі.
– Біз мынаны түсінуіміз керек: Ресейге қарсы санкциялар салынады деген сөздің айтылғаны сол еді, доллар бағамы көтеріліп кетті. Бұл нақты бір экономикалық жағ­дайдан болып отыр ма, әлде бір үрей­ден ғана пайда болған импульс па? Әрине, бұл үрейден пайда болған импульс. Бірақ доллардың көтерілгені біреуге үрей болса, енді біреулерге пайда әкелуі мүмкін. Мысалы, валюта саудагерлеріне доллар өскені мықты пайда әкеледі. Ал валюта саудагерлері деген кім? Бұл біріншіден, банк қожайындары, олигархтар және тағы басқалар. Олар теңгеге төмен курспен доллар алып, доллар қымбаттағанда қайта өткізу арқылы пайдаға кенеледі. Мұны математикалық түрде оңай түсінуге болады. Сондықтан, жағдайды мемлекет тарапынан түсіндіретін Ұлттық банк қазіргі жағдайда әлсіздік деп көрсетуде. Екінші дәрежелі банктердің тірлігін бақылауға алмай отыр. Есіңізде болса, кезінде Г.Марченко Ұлттық банк төрағасы болған кезде осы жайт бақылауда болды. Ал бүгінгі Ұлттық банк іштеңе істей алмай отыр. Бізде бүгінде қаражат бақылау комитеті бар, жемқорлыққа қар­сы ұлттық агенттік бар, түрлі мем­лекеттік фискалдық мекемелер бар. Олар неге осы мәселені бақыламайды? Олар неге екінші деңгейлі банктердің, Ұлттық банктің жұмысын тексермейді? Менің айтарым, Қазақстанның қазіргі нақты экономикасы ешқандай да дағдарысқа ұшырайтын жағдайда емес. Тек осы жалған қаражат айналымының кесірінен біз тең­гемізді әлсіретіп отырмыз.Теңге әлсіреген сайын экономикамыз тұрақсыз болады. Ал экономика тұрақсыз болса, бірден шағын және орта кәcіпкерлік құрдымға кетеді. Өйткені олардың айналымдағы ақшасы түгелдей теңгемен, олар өз бизнес-жоспарларын тек теңгемен ғана жасайды. Доллардың ертеңгі бағамын білмегендіктен, олар ертеңге жауап бере алмайды. Ал шағын және орта кәсіпкерліктің құрдымға кеткені ең алдымен халықтың әл-ауқатына әсерін тигізеді.
Сондықтан мемлекеттің өзіне сай, мемлекеттік позициясы болуы керек. Макроэномикалық жағдайда қарайтын болсақ, біздегі бизнестің өзі екіге бөлініп кетті. Шағын және орта кәсіпкерлік пен үлкен бизнес. Үлкен бизнес әрине, олигархтардыкі. Көлеңкелі бизнес, олар бүгін экономиканың бақылаушылары болып отыр. Олар мемлекеттік мекемелерге өз ықпалын жүргізуде. Оны нақты көріп отырмыз. Осы жерде шағын-орта кәсіпкерлік, қарапайым халық қорғалмай отыр. Халықтың осындай сұранысы мемлекет тара­пынан қорғалса, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы бұл жағдайды өз бақылауына алса нұр үстіне нұр болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Дана Халық


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру