Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Теңге еркін бағамда қалады

Ақша-кредит және бюджет саясатын үйлестіру экономиканың орнықты дамуының қажетті шарты болып табылады. Осы ретте қаржы нарығының және бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында еліміздің бас банкі жүзеге асырып отырған қажетті шаралар жалғасын табуда.

Бұл тұрғыда атқарылып жат­қан жұмыстар туралы Ұлт­тық банктің төрағасы Данияр Ақышев Парламенттің жоғарғы палатасында жасаған баяндамасында айтып берді. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыру – Ұлттық банк­тің басым ба­ғыттағы міндеті. Осы орайда бас банк Үкіметпен және банктермен бірге өтімділікті беру тетіктерін жедел әзірлеуге дайын екенін атап өткен Данияр Ақышев 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістердің өлшемдері Ұлттық банкпен толық келісіл­ген биылғы жылғы жекелеген макроэкономикалық көрсет­кіштерді қайта қарауға негіз­делгендігіне тоқталды.
Биыл қаңтар-қыркүйек айлары аралығындағы кезеңде инфляция 3,3 пайыз болды. Бұл өткен жылдың есепті мер­зіміндегі көрсеткіштерінен төмен. Қыр­күйек­тегі жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1 пайызбен салыстырғанда 6,1 пайызға дейін төмендеді. Данияр Ақышев атап өткендей, Ұлттық банктің бағалауы бойынша, ағымдағы жылы инфляция 5-7 пайыздық межелі дәлізде қалады. Ал келесі жылы 4-6 пайыз болатын жаңа, барынша төмен нысаналы дә­ліздің жоғары шегіне жақын қалыптасуы тиіс. Алдағы уа­қытта инфляцияның өсуіне жол бермеу үшін Ұлттық банк 15 қазанда базалық мөлшерлемені 9-дан 9,25 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі теңгедегі активтерге сұранысты арттырады және қолайлы ақша-кредит ахуалын сақтауға мүмкіндік береді. «Жылдың басынан бастап 24 қазанға дейін валюта нарығында теңге бағамы 10,1 пайызға әлсіреді және бір АҚШ доллары үшін 365,82 тең­гені құрады. Теңгенің әлсіреуі сыртқы факторларға байланысты болды. Біріншіден, дамушы елдердің валюталарына қатысты АҚШ долларының күшеюі.

Екінші фактор – Ресейге қарсы санкцияларды одан әрі қатайту туралы хабарлау. Осыған орай жылдың басынан бері Ресей рублінің әлсіреуі 15 пайыз болды. Ұлттық банк шекара, дәліз немесе өзге де бағдарларсыз өзгермелі айырбастау бағамы саясатын жүргізуін жалғастыратын болады», – деп мәлімдеді Ұлттық банктің басшысы.
Д.Ақышев келтірген алдын ала деректерге сәйкес, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 30 млрд АҚШ долларын, Ұлттық қордың активтері 56,3 млрд АҚШ долларын құрады. Жалпы халықаралық резервтер көлемі 86,4 млрд АҚШ долларына жетті. Биылғы 9 айда депозиттер 0,8%-ға, яғни 17,6 трлн теңгеге дейін өсті. Ұлттық валютадағы депозиттердің өсімі 1,1% немесе 97 млрд теңгені құраса, шетел валютасындағы депозиттер 0,5%-ға немесе 40,8 млрд теңгеге көбейді. Нәтижесінде депозиттердің долларландыруы 47,5%-ға дейін төмендеді. Бұған дейін айтылғандай, 1 қазаннан бастап жеке тұлғалардың депозиттері бойынша ең жоғары мөлшерлемелерді анықтау тәсілі өзгерді. Жаңа тәсіл бойынша мөлшерлемелер мерзім және салым түрі бойынша жіктеледі.
Ұлттық банк басшысы кредит нарығының қалпына келе бастағанын атап өтті. Биылғы өткен 9 айда былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда жаңа несиелер беру көлемі 25,8 пайызға немесе 2 триллион теңгеге өсті. Қайта құрылымдаудан өтіп жатқан және лицензиядан айырылған банктердің кредиттік қоржынын қоспағанда, экономиканы кредиттеудің жылдық өсуі 11,2 пайызға немесе 1,1 триллион теңгеге бағаланып отыр. Кәсіпорындарға теңгемен берілетін кредиттер бойынша мөлшерлеме биыл қыркүйекте жыл басындағы 13,2 пайыздан 12,2 пайызға дейін төмендеді.


Биыл бірінші жартыжылдықта төлем балансы және сыртқы борыш көрсеткіштері қалай қалыптасты дегенге келсек, есепті кезеңде ағымдағы операциялар шотының дефициті 4 есе қысқарды және 0,7 миллиард доллар (2017 жылғы 1-жартыжылдықта 3,0 млрд доллар) немесе ішкі жалпы өнімге қатысты алғанда 1,0 пайыз болды. Ағымдағы операциялар шоты дефицитінің қысқаруына энергия ресурстарының әлемдік бағасының қолайлы конъюнктурасы аясында сауда теңгерімі профицитінің ұлғаюы себепші болды. Экспорт өсімі қарқынының импорттың өсімінен үш есеге дерлік басым болуы нәтижесінде сауда теңгерімінің оң сальдосы өткен жылдың алғашқы жартысындағы көрсеткіштермен салыстырғанда 1,5 есе немесе 4,6 миллиардқа ұлғайып, 13,1 млрд АҚШ долларын құрады.
Осы кезеңде тауарлар экспорты 24,9 пайызға немесе 5,9 миллиард доллардан 29,4 миллиардқаа дейін ұлғайды. Мұнай және газ конденсаты экспортының құны (ресми экспорттан 61,1%) былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда 37,6 пайызға өсті.
Тауарлар импорты есепті мер­зімде 8,7 пайызға ұлғайып, 16,4 миллиард доллар болды. Негізгі тауар түрлерінің барлық топтары бойынша импорт құнының өсуі байқалды. Импорт көлемі негізінен инвестициялық тауарлар тасымалы бойынша ұлғайды (14,8%) , бұл жалпы импорттың
35,2 пайызы. Аралық өнеркәсіптік тұтыну тауарларын әкелу 7,3 пайызға ұлғайды. Тұтыну тауарларының импорты 8,9 пайызға, оның ішінде азық-түлік тауарлары – 11,2%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 7,4%-ға өсті.
Шикізат экспортынан түскен кірістердің өсуі бейрезиденттерге тікелей инвестициялардан түсетін кірістердің 29,5 пайызға, яғни 11,0 миллиард долларға дейін өсуіне себепші болды. Бұл табыстың жартысынан астамы еншілес қазақстандық ұйым­дарды қаржыландыруға бағыт­тал­ды.
Қаржы шоты бойынша (Ұлттық банктің резервтік активтерімен операцияларды қоспағанда) резидент­тердің міндеттемелерінің төмендеуі нәтижесінде капиталдың таза әкетілуі 1,3 млрд АҚШ доллары көлемінде қалыптасты.
Тікелей инвестициялар бойынша құйылған таза қаржы сомасы 4,2 миллиард доллар мөлшерінде қалыптасты. Елімізге шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы әкелінуі 15,4 пайызға өсті және 12,3 млрд АҚШ доллары (былтырғы есепті мерзімде 10,6 миллиард доллар) болды. Қазақстанға келген тікелей инвестициялар негізінен мұнай-газ секторының және металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарына бағытталды. Қазақстанға тікелей инвестиция салушы елдер негізінен Нидерланд (шетелдік тікелей инвестицияның жалпы түсімінің (30,6%-ы), АҚШ (22,7%), Швейцария (10,3%), Ресей (6,7%), Бельгия (6,5%) және Қытай (6,3%) болып табылады.
Қоржындық инвестициялар бойынша таза әкетілу негізінен «ҚазМұнайГаз Барлау Өндіру» АҚ-ның нарықтағы өз акцияларын және ауқымды депозитарлық қолхаттарын сатып алуы, сондай-ақ «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ валюталық қоржынының өсуі есебінен 2,0 миллиард долларды құрады. Сондай-ақ резиденттердің міндеттемелерінің азаюына олар­дың қайталама нарықта Қаржы минис­трлігінің еурооблигацияларын сатып алуы ықпал етті.
Басқа инвестициялар бойынша 3,3 миллиард доллар көлеміндегі таза әкетілу негізінен резиденттердің кредиттер мен қарыздар бойынша міндттемелерін өтеуіне, ҚР Ұлттық қорының шетелдік шоттардағы қысқа мерзімді активтерінің өсуіне және банктік емес сектордағы кәсіпорындардың дебиторлық берешегінің ұлғаюына байланысты болғандығы атап өтілді.
Биыл бірінші шілдеде Қазақстан­ның сыртқы борышы 164,4 млрд АҚШ долларын құрады. Оның 7,2 пайызы немесе 11,9 миллиард доллары – бұл мемлекеттік сектордың сыртқы борышы, 3,7 пайызы немесе 6,1 миллиарды – «Банктер» секторының сыртқы борышы, 26,1 пайызы немесе 42,9 миллиарды – тікелей инвестицияларға байланысты емес «Басқа секторлардың» берешегі, ал қалған 63,0 пайызы, яғни 103,6 миллиарды аталған сектордың фирмааралық берешегі болып табылады.
Биыл алғашқы жартыжылдықта еліміздің сыртқы борышының көлемі қазақстандық эмитенттердің бейрезиденттер қолындағы еурооблигациялар көлемінің олардың нарықтық құнының төмендеуі аясында азаюына байланысты, сондай-ақ шетелдік бас ұйымдардан тартылған қарыздарды өтеу есебінен 2,8 миллиард долларға қысқарды.
Сыртқы борыштың қысқаруы, ішкі жалпы өнімнің және тауарлар мен қызметтер экспортының өсуі келесідегідей салыстырмалы өл­шем­дердің жақсаруына ықпал етті: сыртқы борыштың ІЖӨ-ге қатына­сы биылғы жылғы 1 шілдеде 96,3% (өткен жылдың соңында – 102,7%), ал сыртқы борыштың тауарлар мен қызметтердің экспортына қатынасы – 265,2% (былтырғы жыл соңында – 299,2%) болды.
Қазақстанның таза сыртқы борышы биылғы бірінші жартыжылдықта 0,4 млрд АҚШ долларына ұлғайып, 46,6 миллиардқа жетті және ішкі жалпы өнімге қатысты 27,3 пайызды құрады.
Мемлекеттік және қаржы сектор­ларының басқалармен қарым-қатынасы таза кредитор (тиісінше 55,6 және 14,9 миллиард доллар), ал қаржылық емес сектор – таза борышкер тұрғысында (117,0 миллиард доллар) болмақ.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру