Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

KMGI ұзақмерзімді жобаларға дайын

ҚМГ-ның ірі шетелдік активі сапалы жаңғыру және өңірлік позициясын кеңейту жолындағы іс-қимылдарын одан әрі жалғастыруда. Еліміздің Еуропа нарығына шығатын тікелей көлік дәлізін құрумен халықаралық қатысуын кеңейту мақсатында ҚазМұнайГаз құрылымына интеграцияланған KMG International бүгінде тұрақты өсуші компанияға айналып отыр.

 

ҚазМұнайГаз ұлттық мұнай-газ операторының 100% иелігіндегі KMG International N.V. компаниясы Еуропаның және Орталық Азияның негізгі 11 нарығында экономикалық қызметті жүзеге асырады.Негізгі қызметі Қара теңіз өңі­рінде шоғырланған халықаралық мұнай компаниясының жанар-жағармай станциялар желісі мыңнан аса автожанармай станциялары мен өткізу пункттерін қамтиды. Соңғы жылдары KMGI қызметінде қалыптасқан жағымды динамика мен жоғарғы көрсеткіштер ең алдымен негізгі Petromidia мұнай өңдеу зауытында жаңғырту бағдарламасының сәтті аяқталуы мен өнімділіктің ұлғаюына негізделеді. Қазіргі таңда зауыт Румыниядағы ірі мұнай өңдеуші кәсіпорын және Қара теңіз өңіріндегі анағұрлым технологиялық дамыған кәсіпорындардың бірі болып есептеледі. Мәселен, жаңғыр­тудан кейін Petromidia зауытында өңдеу көлемі 3,8-ден 5 миллион тонна шикізатқа ұлғайды, Еуро-5 стандартындағы отын өндірісі бас­талды, мұнай өңдеу тереңдігі 94%-ке жетті. Шикі мұнай өңдеудің өзіндік құны 2012-2017 жылдар аралығында $28-ден $16-ға төмендеді. Сондай-ақ күрделі жаңғырту нәтижесінде зауытта тығыздығы жоғары және төмен полипропилен мен полиэтилен шығаратын мұнайхимиялық өнімдер өндірісінің платформасы орнатылды.

Биылғы жартыжылдықтың қоры­тын­дысына сәйкес, KMG Inter­national тобы операциялық пайданы (EBITDA) $114,6 млн дейін арттырды, бұл өткен жылғы деңгейден 60%-ға жоғары. Таза пайда өткен жылдың осы мерзіміндегі $5,2 млн қарағанда, $30,6 млн жетті. Бірінші жартыжылдықтағы операциялық өнімділікке шикізатты өңдеу көлемінің 27%-ке ұлғаюы, сонымен қатар І-тоқсанда Румыния мен өңірде мұнай өнімдерін сатудың елеулі түрде өсуі, яғни 80%-ке артуы әсер еткен. Таза табыстың күрт серпініне ең алдымен ішкі даму бағ­дарламаларының, оңтайландыру және шығындарды қысқарту жобала­ры­ның арқасында қол жетті.
KMG International Румынияда үш өндірістік нысандарға – Petromidia және Vega МӨЗ-дері, сондай-ақ Petrochemicals мұнайхимиялық кешенге ие екендігі мәлім. Тұтастай алғанда, осы кәсіпорындарда компания ағымдағы жылдың бірінші жартысында 3,4 млн тонна көлемін­де шикізат өңдеді. Топтың ірі активі – Petromidia МӨЗ бірінші жар­тыжылдықта 3,1 млн тонна шикі­зат өңдеп, кәсіпорын тарихында рекордтық көрсеткіш орнатты. Жарты жылда МӨЗ 2,42 млн тонна көлемінде тауарлы мұнай өнімдерін шығарды, аталған көлемнің 64%-ы – дизельді отын мен авиакеросин. Осылайша, қуаттылықты пайдалану коэффициенті 28%-ке артты. Румыниядағы ең ескі МӨЗ – Vega бірінші жартыжылдықта өткен сәйкес мерзімнен артық, атап айтқанда, 194 мың тонна көлемінде шикізат өңдеп шықты. Бұдан бөлек, кәсіпорын биылғы мамырда 42 мың тонна шикізатты өңдеумен және 13 мың тонна битумды шығарумен рекордтық көрсеткішті тіркеді. KMG International есепті кезеңде мұнайхимия кешенінде полимер өндірісінің жалпы көлемін ұлғайтып, 81,6 мың тоннаға жеткізді.
KMGI тобының еншілес кәсіп­орындары Болгарияда, Молдовада және Грузияда 1,5 млн тонна мұнай өнімдерін өткізді, бұл былтырғы жартыжылдық көлемінен 5%-ке көп. Мұнай өнімдерінің айтарлықтай көлемі – 1,4 млн тонна Румыния­да сатылған, бұл 15%-тік өсім. Petromidia және Vega МӨЗ-інің, Petrochemicals мұнайхимия кешенінің тікелей сатылымы ағымдағы жылдың жартысында 37%-ке – 372 мың тоннаға дейін өсті. Тұтастай алғанда, топтың МӨЗ-дері мен мұнайхимия кешені экспортқа жіберілген мұнай өнімдерінің көлемін 34%-ке ұлғайтты. Бұл ретте сатылған өнімдердің жалпы құны $926 млн асып, 2017 жылғы осындай кезеңмен қатар қойғанда 80%-ға жоғары болды.
Биылдың бірінші жартысында KMGI өзінің трейдингтік каналдары арқылы 11,5 млн тонна шикізат пен мұнай өнімдерін өткізді. Бұл көлемге топтың өндірістік бірліктеріне жеткізілген шикізат, еншілес ұйымдарға жөнелтілген және сыртқы серіктестерге сатылған мұнай өнімдері кіреді. Топ деңгейінде 4,45 млн тонна мұнай өнімдері, олардың 2,2 млн тоннасы сыртқы әріптестерге KMGI трейдинг және тізбек бөлім­шесі – KazMunayGasTrading арқылы экспортталды, 1,4 млн тонна өнім Румынияда, 830 мың тоннасы Қара теңіз өңірінде өткізілді. Бұл ретте көлік құралы ретінде кемелер, баржалар, вагон, автокөлік цис­терналары қолданылуда. Бірінші жартыжылдықта Petromidia және Vega МӨЗ-інен 3,6 млн тоннадан аса мұнай өнімдері жөнелтілген. Мидия теңіз терминалы – Midia­MarineTerminal 300-ден астам кемелер мен баржаларға қызмет көрсетіп, теңіз терминалы арқылы 30 мұнай танкерлері босатылған.
Қазіргі күні топ өзінің өңірлік желісін кеңейтуді жалғастыруда. Жыл басынан бері Молдовада үш, Румынияда екі жаңа жанармай құю станция­лары іске қосылды. Жалпы алғанда, жартыжылдық қорытындылары бойынша, Petromidia МӨЗ-де өндірілген автокөлік отынын өткізу орындары жеке және серіктес ЖЖМ станцияларын, «Экспресс» станцияларын, ішкі базаларды қоса алғанда, 1094-ке жетіп, өткен жылдың маусымымен салыстырғанда, 88 нысанға көбейді. Бұдан басқа, Болгариядағы KMGI-ның еншілес компания­сы бес ЖЖМС-ын басқаруына алды. Ортамерзімді кезеңде бұл станциялар кеңейтілген жаңғырту бағдарламасына енгізіліп, Rompetrol стандарттарына сәйкестендірілмек. Бұл өз кезегінде топтың ішкі нарыққа қатысуын кеңейтуге мүмкіндік береді. Ортамерзімді кезеңде KMG International компаниясының Қара теңіз бассейні мен Шығыс және Орталық Еуропа елдерінде шешуші ойыншы ретінде әрі қарай кезең-кезеңмен дамуы көзделеді. Соның ішінде Румынияда мен өңірлерде ЖЖМ бөлшек сауда желісін кеңейту бойынша жобалар анағұрлым перспективалы бағыт ретінде белгі­ленген.
Жуырда Бухарест қаласында­ғы KMG International өндірістік актив­терінде болған Самұрық-Қазы­на басшылығы іскерлік сапар аясында Румынияның энергетика министрлігімен энергетика саласындағы Қазақстан-румын бір­лескен инвестициялық қорының даму перспективалары талқылаған болатын. KMG International бас офисіндегі кездесу барысында ком­панияның соңғы бес жылдағы қызметінің нәтижелері сараланып, ортамерзімді кезеңдегі жоспарлар бекітілді. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ өкілдері Бухаресттегі KMGI-ның негізгі бренді – Rompetrol жаңа автожанармай кешенін аралау барысында компанияның жеке сауда саласындағы инновациялық шешімдері таныстырылды. Сонымен қатар Самұрық-Қазына делегациясы Petromidia мұнай өңдеу зауытын кешенді жаңғыртудың нәтижелеріне, кәсіпорын қызметінің ағымдағы көрсеткіштері мен алдағы даму жоспарларына назар салды. Топтың өндірістік қуаттылықтарын аралау барысында компанияның соңғы жылдардағы жұмысы жоғары бағаланды.
– KMG International қаржылық және операциялық көрсеткіштерінің орнықты өсімі ҚМГ қолдауымен жүзеге асырылған дағдарысқа қар­сы шаралар мен Change for good трансформация бағдарламасының тиімділігін дәлелдейді. Қазақ­стандық менеджменттің ағымдағы басқаруымен KMGI қызметтің негізгі бағыттары бойынша жағымды көрсеткіштер мен қаржылық тұрақ­тылыққа қол жеткізді, – деп атап өтті «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев.
26 қазанда KMG International мен Румыния энергетика министрлігіне тиесілі Societatea de Administrare a Energie энергетика саласында Қазақстан-румын инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қойды. Осымен, қорды құру тараптар арасындағы тарихи мәселелерді түпкілікті шешуге бағытталған өзара тиімді стратегиялық қадам болды. Атап айтқанда, бұған дейін тараптар арасында бекітілген меморандум KMGI тобының Румыния үкіметінен оған тиесілі 44% Rompetrol Rafinare акцияларының 26,7%-ін сатып алуын қарастырады. Қазіргі сәтте жалпы құны $200 млн асатын екі перспективалы жоба айқындалып отыр. Оларды жүзеге асыру компания үшін маңызды Қара теңіз өңірінде энергетика саласының дамуына тың серпін әкелумен қатар, компания қатыса­тын елдерде KMGI қызметі мен Rompetrol брендінің рентабельдігін арттыруға ықпал етеді. Тараптардың мәлімдемесіне сәйкес, бірлескен қор 7 жыл ішінде $1 млрд көлемінде инвестициялауды қарастырады. Қор жобаларына KMGI тарапынан салынатын инвестицияның бастапқы көлемі $150 млн құрайды.
Бірлескен инвестқор құру мақ­сатына қол жеткізу KMGI қазақ­стан­дық менеджментінің қызметі Румыния үкіметі тарапынан жоғары бағаланғандығын көрсетеді. Бұл сонымен қатар, Румы­ния үкіметінің өзара іскерлік әрекеттестікті кеңей­туге ниетті екендігін, ал KMGI-ның стратегия­лық бастамаларды өз беті­мен жүзеге асыруға қабілеттілігін, негізгі нарықта шешуші мүдделі тараптармен ұзақмерзімді әріптестік құруға дайындығын растайды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру