Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

«Көгілдір отын» өндіру көкжиегі

Заманымыздың экологиялық жағынан ең тиімді отындарының бірі болып табылатын газға деген сұраныс әлем елдерінде, әсіресе экономикалық жағынан дамыған Еуропа елдерінде күн санап өсіп отыр. Ал, энергетиканың осынау өтімді өнімі қорының тең жарымынан астамы үш елге-Ресей мен Иранға және «алақандай» Катарға тиесілі. Қазақстан дәлелденген газ қорлары бойынша әлемде 18-ші орынға және тәуелсіз мемлекеттер достастығында 3-ші орынға ие. Каспий қайраңында ашылған жаңа кен орындарын ескергенде, оның геологиялық ресурстары 6-7 трлн. текше метр асып түседі, алынатын қорлардың шамамен 4 трлн. текше метрін газ құрайды.
Табиғаты жағынан алғанда бұл газ ілеспе болып табылады, сондықтан оны өндіру мөлшері тікелей мұнай шығару көлеміне тәуелді. Көгілдір отын өндірудің негізгі өсімін «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг», «Теңізшевройл», «СНПС-Aқтөбемұнайгаз» компаниялары қамтамасыз етіп келеді. Осы орайда газ қорларының негізгі үлесі мұнай-газ конденсатты кен орындарына келетінін, ол табиғи газдың жалпы қорларының сексен пайызға жуығын құрайтынын, тиісінше табиғи газдың айтарлықтай бөлігі ілеспе мұнай газына тиесілі екендігін атап көрсетуіміз керек. Осылайша елімізде алынатын газ, жоғарыда айтылғандай, мұнай өндіру көлеміне байланысты болып отыр. Бұл ретте табиғи газ бойынша болжамды ресурстардың айтарлықтай үлесі Каспий маңы ойпаттарының үлкен тереңдікте жатқан тұзды шөгінділерінде орналасқаны, басты кен орындарындағы ілеспе мұнай газы күкіртсутекті құрамдастардың өте жоғары болуымен ерекшеленетіні көгілдір отынды тазартумен, күкіртті сақтап, кәдеге жаратумен айналысатын жер қойнауын пайдаланушыларға қосымша міндеттер жүктеуде. Қазіргі таңда газ тазарту инфрақұрылымының қалыптаспай отыруына және газ тасымалдау көлігінің жеткілікті дамымауына орай ілеспе газды пайдаланудың негізгі бағыты мұнай беруді арттыру үшін оны мұнайлы қабатқа қайта жіберу болып отыр. Газ тасымалдау еліміздің сегіз облысының аумағы арқылы өтетін магистральдық газ құбырлары жүйесі бойынша жүзеге асырылады, олардың жалпы ұзындығы жиырма мың шақырымға жуықтайды. Қазақстанның газ құбырлары жүйесі кезінде жалпы одақтық газ көлігі жүйесі ретінде құрылғандықтан, ол табиғи газды Орта Aзиядан Ресейдің солтүстік облыстарына, Украинаға және күнгей Кавказға жеткізуге бағытталған. Республика аумағында тартылған магистральды құбырлардың бір-бірімен технологиялық тұрғыда байланыспауы әзірге газ құбырларын еліміздің батыс өңірлерінде өндірілетін арзан отынды оңтүстік және солтүстік облыстарға ауыс­тырып құю үшін пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Әсіресе бұл түйткіл оңтүстік өңір мен Aлматы қаласы тұтынушылар үшін өзекті болып табылады. Құны батыс облыстардағы газдан 2-3 есеге қымбат тұратын өзбек газын жеткізуге тәуелділік осы аймақтағы газ нарығын едәуір тарылтатындықтан, еліміздің ішкі нарығын газбен қамтамасыз ету үшін кезінде «Газөнеркәсіп», «Өзбекмұнайгаз» және «ҚазМұнайГаз» компаниялары арасында газды ыңғайласпа жеткізулер туралы келісімге қол қойылған.
Саладағы бірқатар түйіндерді тарқатуға түрткі болғанымен, аталған келісім ілгері жылжыған уақыт талабының үдесінен шыға алмағандықтан, жуырда «Қазақстан Республикасының газ секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» қабылданды. Бұл құжатта газ өндіру мен пайдаланудың ағымдағы теңгерімі, сондай-ақ мұнай-газ жобаларын дамытуға бағытталған қолдағы бар жоспарлар негізінде саланы дамытудың үнемді, үдемелі және прагматикалық сценарийлері әзірленді. «Үнемді» сценарий онжылдықта 5-10 млрд. текше метр өсім шамасында мұнай және газ өндірудің ұстамды саясатына негізделген. Оны іске асыру нәтижесінде 2030 жылға қарай Қазақстанда газ өндіру деңгейі 51,3 млрд. текше метр, ал 2050 жылға қарай шамамен 66 млрд. текше метр құрайды. «Үнемді» сценарийді іске асыру Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз сынды үш ірі кен орнын бірқалыпты дамытумен байланысты. Бұл сценарий бойынша елімізде газ қорының көлемі сақталынғанымен, алпауыт кен орындарын өндіру тиімділігі және газға артып келе жатқан ішкі сұранысты қанағаттандыру мәселесі тиісті дәрежеде қамтамасыз етілмейді. «Үдемелі» сценарий шеңберінде газ өндіру көлемін барынша тез арттырып, 2030 жылға қарай жылына шамамен 100 млрд. текше метр деңгейге жеткізу қарастырылуда. Ал, кен орындарын бұлайша жедел дамыту еліміздегі көмірсутекті шикізаттың қолданыстағы қорларының жылдам сарқылуына алып келуі ықтимал. Сонымен бірге бұл сценарийдің тиімділігі мұнай өндіруді арттыру үшін газды қабатқа қайта жіберуге байланысты шектелетіндіктен, тауарлық газды өндіру көлемі де көбеймейді. Ал, «прагматикалық» сценарий кен орындарын жылдам сарқылтпай өндірудің оңтайлы өлшемдерін назарға алуды көздейді. Бұл сценарий аясында газ өндіру көлемінің едәуір өсуі күтілумен қатар 2030 жылға дейінгі көкжиекте жер қабатына кері айдалатын газ көлемі де артатын болады. Нәтижесінде аталған кезеңде өндіру көлемі бір жарым есе, жылына 42,3-тен 59,8 млрд. текше метрге дейін көбейе отырып, тауарлық газдың бос ресурстары 21-25 млрд. текше метр деңгейінде сақталатын болады. Өз кезегінде, 2030 жылдан кейін Теңізде және Қарашығанақта сұйық көмірсутегін өндіру қысқара бастап, бұл қайта жіберілетін газға деген сұраныстың азаюына алып келеді. Сол кезеңнен бастап Қазақстан Республикасында тауарлық газды шығару көлемі едәуір артады және 2050 жылға қарай жылына шамамен 40 млрд. текше метр құрайды.

Жетпісбай
Бекболатұлы,
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail:
Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру