Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Зейнетақымыз қайда инвестицияланады?

Қай-қайсысымызды болса да зейнетақылық жинағымыздың қайда инвестицияланып жатқаны және оның инфляцияның табыстылығынан асып түсуі мүмкін екені толғандырмай қоймайды. Оның үстіне бұл туралы қазақстандықтардың бәрінің де ертеңгі болашағы үшін жиып-терген маңдай терлері қорына жауапты ұйымның бұған жауабы қызықтырары сөзсіз. Олай болса, таяуда Ұлттық банктің хабарлағанындай, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) ақшаларымыз қайда салғанын және мұндай инвестициялардың Қазақстанға қандай табыс әкелгенін саралап көрелік.

Әрине, ақшалар зейнетақы қорын­дағы жеке шоттарымызда «жайдан-жай жата» алмайды, өйткені оларды инфляция қарадан-қарап «жеп қоюы» әбден мүмкін. Ал активтерді, сақтап және ұлғайта түсу үшін – валюталар, елдер, салалар мен ақша шығарушылар бойынша қаржылық құралдардың сан алуан түрлеріне инвестициялайды. Сонда ғана ақшамыздың қарап жатпай, санына сан қосып, ұлғая түсуіне қол жеткізе алады екенбіз.

БЖЗҚ-да қанша ақша бар?

Осы жылдың 1 қазанына БЖЗҚ-ның зейнетақылық активтері қоржынының көлемі 8,8 триллион теңгені құрады. Соның ішінде ұлттық валютада 6,1 триллион теңге немесе 69,1% активтер салынған. Шетелдік валюталарға салынғаны – 2,7 триллион теңге немесе активтердің 30,9%-ы.
«Теңгеге номинацияланған БЖЗҚ зейнетақылық активтері, жыл сайын тек қана Ұлттық қорды басқару жөніндегі Кеңестің мақұлдауымен ғана, іске асырылатын бағыттарда инвестицияланады. Кеңес 2018 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын иеленуге, қоржынды диверсификациялау үшін шетелдік валюталарды сатып алуды, халықаралық қаржылық ұйымдардың, мемлекеттік сыңайлы салалар субъектілерінің, екінші деңгейдегі банктердің және де басқа корпоративтік қазақстандық ақша шығарушылардың бағалы қағаздарын алуды мақұлдады», – деп хабарлайды Ұлттық банк.

Зейнетақылық ақшалар қайда инвестициялануда?

Қыркүйек айында ұлттық валю­таға 55,4 миллиард теңге инвестицияланды. Оның ішінде 26 миллиард теңгесі Қазақстанның Қаржы министрлігінің жылдық табыстылығы 8,5% мемлекеттік бағалы қағаздарына салынған.
29,4 миллиард теңгеге орташа өлшем­ді табыстылығы 12% қазақстан­дық банкілердің облигациялары сатып алынды.
«Инвестициялар Қазақстанның екінші деңгейдегі банкілерін қаржы­лан­дыру бойынша жарияланған бағдарлама аясында экономиканы қолдау үшін сомасы 200 миллиард теңге көлемінде жүзеге асқан», – деп айғақтайды Ұлттық банктен.
Сондай-ақ теңгелей бос қаражат­тар ақша нарығының қысқа мерзімді құралдарына да орналастырылған.
«Сонымен бірге мұндай инвестициялар инвестициялаудың стратегия­лық мақсаты болып табылмайды және зейнетақылар активтерінің табысты­лығын қолдау үшін ағымдағы өтім­ділікті басқару аясында жүзеге аспақ», – деп түсініктеме береді қар­жы­лық басқарушы.

Валютадағы зейнетақылық ақшалар қайда салынған?

БЖЗҚ-ның шетелдік валюта­лар­дағы зейнетақылық активтері, БЖЗҚ Инвестициялық декларациясымен бел­гіленген, жалпы құрылым мен стра­тегияға сәйкес, инвестицияланады.
Қыркүйекте мұндай активтерді инвестициялаудың көлемі 94,6 миллиард теңгені құраған.
Соның ішінде бұл ақшаларға орташа өлшемді табыстылығы жылына 2,3%-дылығымен сомасы 78,7 миллиард теңге АҚШ-тың қысқа мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздары сатып алынған.
Мексиканың – орташа өлшемді табыстылығы жылына 4,3% дол­лар­ларға номинацияланған – ұзақ мер­зімді мемлекеттік бағалы қағаз­дары долларлық баламадағы сомасы 7,2 миллиард теңгеге сатып алынған.
Тағы долларға шаққанда 8,7 миллиард теңгеге Қытайдың шетелдік ақша шығарушылыарының облигация­ларына салынған, бұлардың орташа өлшемді табыстылығы жылына 4,2%.
«Бұл ең төменгі кредиттік рей­тингі «А+» деңгейіне ие, кредит­тік рейтингтері инвестиция­лық дең­гейге сәйкес, Қытайдың мемлекет­тік сыңайлы секторының екі эмитетен­тінің (ақша шығарушысы) еврооблигациялары. Аталған бағалы қағаздардың эмитенттері 100% мемлекеттің бақы­лауында. Еврооблигациялардың әрбір шығарылымын сатып алу үлесі азғантай ғана және әрбір шығары­лымның айналым көлемінің 0,2%-дан 1,9%-ға дейінгісін ғана құрайды», – деп түсіндіреді Ұлттық банк.
Аталған еврооблигациялардың шығарылымдары танымал және EMBIG (Emerging Markets Bond Index Global) дамушы елдердің неғұрлым көбірек белгілі ірі инвестициялық қорлары облигацияларының индекс­теріне кіреді.

Зейнетақы активтері инвестицияларынан қанша пайда таптық?

Ұлттық банктің мәліметтері бой­ын­ша, 9 айда есептелген инвести­ция­лық табыстың көлемі 663,1 миллиард теңге құраған.
«2018 жылдың 1 қазанына соңғы 12 айдағы (2017 жылдың қазанынан 2018 жылдың қыркүйегіне дейін) зейнетақы активтерінің табыстылығы БЖЗҚ салымшылары үшін инфляция көлемі 6,1% жағдайында 9,0%-ды құрады», – деп атап көрсетеді қаржы басқарушы.
Сөйтіп, соңғы 12 айда БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша нақты табыстылық 2,9%-ды құраған. Яғни, халықтың еліміз бойынша бірден-бір ғана қорымыздың хал-күйі тұрақты екен. Әйтсе де, «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем – «жалмауызым» деген халық даналығын ескерер болсақ, көнбеске лажымыз жоқ, ертеңге артқан үмітіміз өшпесін деп үкілейміз де, әліптің артын бағып табысымыз молая түсуін тілейміз.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру