Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Ауылдан шыққан жастар неге қылмыс жасайды?

Соңғы жылдары күллі елімізде, одан қала берді Батыс Қазақстан облысында да жастар қолымен жасалатын ауыр және өте ауыр қылмыстардың небір жантүршігерлік көріністері жиілегені жасырын емес. Тек өткен жылдың өзінде қоғамда резонанс тудырған бірнеше қылмыстық оқиға болды. Мысалға айтсақ, Зашаған кентінде екі әйелді және бір сәбиді өлтіріп, өртеп жіберген жас жігіттің қылмысы жаға ұстатты.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

Одан кейін биыл Оралдағы үйлер­дің ауласының бірінде Ақсайдағы валюта айырбастау пунктінің қожайыны болып табылатын жас келіншек 28 жастағы өзіне таныс жігіттің қолынан қаза тапты. Оралдағы Еуразия көшесінде 20 жасар жігіт сансыз пышақ жарақатынан қайтыс болды. Шілде айының аяғына таман бұталар арасынан балауса қыздың мүрдесі табылды. Тіпті қандықол қылмыскерлерді былай қойғанда, туған ата-енесін, келінін, әкесін өлтіру сықылды сұмдық әрекеттер орын алуда. Мұндай кісі өлтіру қылмысы тек қалада емес, ауыл-ауданда да орын алып отыр. Ел аман, жұрт тынышта жыңғылдай жас­тар неге сондай қылмыстарға барады? Бұған көпшіліктен «ауыр тұрмыс», «жастар жұмыссыз», «жұрттың көбі нервный» деген жауап сөздерді жиі естисіз. Сонда қайтіп жастардың қылмысын азайтамыз?
БҚО ІІД криминалды полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Арыстановтың айтуынша, қылмыс жасаған жастардың барлығы бірдей жұмыссыздықтан, ақшасы жоқтықтан, яки араққа салынғандықтан кісі өлтіруге барды деуге болмайды. Әрине, қалаға жұмыс іздеп келген және жұмыссыз, сондай-ақ темір тордың ар жағынан шыққандардың ауыр қылмысқа баратындарын жоққа шығаруға болмайды. Сан түрлі тағдыр, сан түрлі оқиға… Жоғарыда айтып өткен Оралдағы Д. есімді әйелдің өліміне айыпты 28 жастағы жігіт, сондай-ақ Ақсайдағы валюташының өліміне қатысты деп ұсталған күдікті де көше кезіп, сандалбайлап жүрген «жаман» аттары шыққандар қатарынан емес. Бірінші оқиғадағы жас адам қалаға жұмыс істеймін деп келсе, екінші оқиғадағы жігіттің шаруашылығы бар, екеуі де бақуатты, тәрбиелі отбасылардан. Енді не себеп? Құқық қорғау саласында 20 жылдан астам еңбек өтілі бар Ерлан Арыстановтың айтуынша, ауылдан қалаға келіп, көңіл көтеретін орындарға баратын қыз-жігіттердің көпшілігі ішімдік ішкеннен кейін түрлі ситуациялық жағдайларда өздерін бақылаудан шығарып алады. Оның үстіне кейбір жәбірленуші түрлі жағымсыз сөздер айтып, оның арты неге соқтырарына бойлай бермейді екен. Әдетте қаланың жастары бос уақыттарында түрлі үйірме-секцияларға барады, ал ауылдардың көбінде мұндай мүмкіншілік жоқтың қасы. Сондықтан ауылдан тәрбие алып келген жас қалаға келгеннен кейін өзге ортаға үйрене алмай, қателіктерге бой алдырады. Сондықтан да ауылдық жерлерде қыз-жігіттердің бос уақыттарын тиімді өткізуге, оларды жұмыспен қамту мәселесі жіті назарда болғаны ләзім. Ал бұрын істі болған, тепсе темір үзетін жас адамдардың қылмысқа қайта баруы күнделікті өмірде жиі кездеседі. Көбіне олар жұмыссыздықтан, әке-шешенің, туғандарының қамқорлығынан, бақы­лауынан тыс қалғандықтан немесе ішімдік ішуден, мәжбүрліктен қайта баратын көрінеді. Сондай-ақ қасындағы «жаман» жора-жолдастарының «итер­мелеуінен» де қайта қылмысты болады. Психологтардың айтуынша, ерік-жігері жоқ көңілшек кейбір жас қасындағы ниеті бұзық адамдардың айтақтауына еріп, қылмыс жасауға барады. Осылайша ұсақ қылмыс жасап, одан кейін түрлі себептермен бірте-бірте басқа да қылмыстарға барады. Сөйтіп, бір-екі ұсақ қылмыстан кейін жауапкершілікке тартылмаса еркінсіп, нақ қылмыскердің өзіне айналып шыға келуі кәдік.
– Бұрын 4-5 рет сотталып келген кейбір азаматты көшеден көріп: «Сен неше рет отырып келдің, шаршаған жоқсың ба?» – деп сұраймыз. «Шаршадым», – дейді, бірақ көзқарасынан шаршаған адамның кейпін көр­мейсіз. Көп ұзамай күнделікті тү­сіп жататын ақпараттардан сол кісінің қайта қылмыс жасағанын білеміз. Қылмыскерлердің санасында қалыптасқан қылмыс жасамай өмір сүре алмаймын деген стереотипті бұзып, қылмыс жасамай өмір сүруге болатыны­на көздерін жеткізуіміз керек, – деді Ерлан Арыс­танов. Оның айтуынша, көбіне түрмеге түскендердің соңында қалған әйелдері өзгенің етегінен ұстайды, яки есін біліп қалған ұл-қыздары қабылдамай өзекке тебеді. Содан психологиялық тұрғыдан өзін ешкімге керексіз сезінген кейбір адамдар қайтадан қылмыс әлеміне бет бұрады. Оның үстіне кәсіпорындар, шаруашылықтардың қожайындары істі болған бейбақтарды жұмысқа алып, бастарын қатырғысы да кел­мейді. Ал қоғамның тыныштығы әрқайсысымыздың азаматтық ұста­ны­мы­мызға қатысты екені сөзсіз. Осы жерде ұлы Абайдың «Түзелмейтін адам бар деушілердің тілін кесу керек» дегені еске түседі. Әсілі, жас адамның қоғамның өзге мүшелерін сыйлайтындай, ең қымбат – адам өмірі екенін ұқтырып тәрбиелегенде ғана жастардың қылмысқа баруы азаяр еді.
Елімізде қылмыстық заңна­маларды ізгілендіру үрдісі жүруде. Кейбір заңгерлер сонау өтпелі кезең­дегі еліміздің заңдылықтарының барынша қатаңдау болғанын, әлі де сол бағыттың дұрыстығын айтады. Ал Оңтүстік Корея, Германия сықылды елдердің тәжірибесі негізінде заңдарды «жұмсарту», сол арқылы кейбір қылмыс түрлеріне «жұмсақтау» жаза беру ертелеу сықылды. Оның бір айғағы – әйгілі спортшы Д.Теннің өлімі. Біздің қоғам ондай өзгерістерге дайын емес, түрмеден шыққандарды жұмыспен қамту, жалпы тұрмыстың әлі де төмендігі әлеуметтік мәселелері шешілген, дамыған мемлекеттердің жағдайымен салыстыруға келмейді. Қорыта айтқанда, қылмысты, әсіресе, жас адамдардың қолымен жасалатын қылмысты азайтуға құқық қорғау құрылымдарымен бірге ел-жұрт болып бірлесе күрескенде ғана нәтиже болмақ.

     Ерлан АРЫСТАНОВ,

БҚО ІІД криминалды полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі:
– Кейде ауылдарда жұмыс бола тұра, жас тұрғындардың жұмыс істеуге құлқы болмайды. Неге? Өйткені олардың кейбірі еңбекке тәрбиеленбеген. Балаларды жас кезінен, мектеп қабырғасынан еңбекке тәрбиелеудің маңызы ешуақытта жоғалмақ емес. Бұл менің ашып отырған жаңалығым емес, бұрыннан келе жатқан қағида. Қазір ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жеңілдетілген несиелер берілуде. Құрығанда біреуге барып жалданып, жұмыс істеп адал нан табуға болмай ма? Ауылдағы да, қаладағы жастардың еңбек етемін, адал нанымды табамын деген көзқарасы, ұстанымы болуы тиіс. Сондай ұстаным, сондай тәрбие үстем болғанда ғана қылмыс азаяды.

 Самал ОМАРҒАЛИЕВА,
БҚО ішкі істер департаментінің кадр жұмысы басқармасының инспектор-психологы, полиция капитаны:
– Жастар арасында қылмыстың көбеюі отбасындағы берілген тәрбиеге, ата-ананың балаға қаншалықты көңіл бөлетініне байланысты. Ата-анасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігін сезінбей өскен баланың бойында қоршаған орта мен ұжымға деген кері негативті көзқарас қалыптасады. Ал бетінен қақпай жөнсіз еркелетіп, сұрағанын алып беру де ұл-қыздың бойындағы жалқаулықтың, өмірлік құндылықтарды бағалай білмейтін өзімшілдіктің қалыптасуына әкеліп соғады. Жалпы, жастардың қылмысқа баруына тәрбиедегі кемістік, мәдениет деңгейінің төмендігі, қызығушылықтар мен өмірлік құндылықтар жайлы түсініктердің шектелгендігімен, өмірлік тұрақты бағыттарының жоқтығы себеп болады. Осы аталған әлеуметтік-демографиялық белгілер адамның психикасы мен психикалық сапаларымен тығыз байланысты. Мысалы, білім деңгейінің төмендігі адам интеллектісінің таяздығымен байланысты болса, ал әлеуметтік бейімделудегі қиындықтар еріктік, эмоционалдық тұрақсыздылығымен, агрессивтілігі мен импульсивті жоғарылығымен сипатталады.

Дидар АТАНТАЕВ, БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары:
– Соңғы үш-төрт жылдың статистикасы бойынша 2015 жылы – 132, 2016 жылы – 140, 2017 жылы –141, 2018 жылдың өткен мерзімінде 134 жас (кәмелетке толған) істі болып, тар қапасқа қамалды. Іс жүзінде көріп жүргеніміздей, ауыр және аса ауыр қылмысқа көбінесе жұмыссыз жастар барады. Жазасын өтеп шыққандардың жұмыссыздығы – түйткілді мәселелердің бірі. Біздің департаменттің жабық мекемелерінде орта білімі жоқ сотталғандарға білім алу үшін орта мектеп, сонымен қатар мекемеде газ-электрмен дәнекерлеуші, ағаш ұстасы бойынша кәсіптік мамандарды даярлайтын колледж жұмыс істейді. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмысқа орналастыруды және тұрмыстық жағынан қолдау көрсететін «Қақпа алдында кездесу» әлеуметтік жобасы қолдауға ие. Бүгінде РУ-170/2 мекемесінде «оңалту түрмесі» пилоттық жоба іске асырылуда. Бұл жоба бойынша мамандар сотталғандарды бостандықтағы өмірге дайындайды, жұмысқа орналастыру мәселесін шешеді және бостандыққа шыққан соң тұрғылықты орнымен қамтамасыз ету, өзге де тиісті көмек көрсету көзделеді. Қоғамдағы қылмысты азайту үшін жазасын өтеп шыққан адамдарды жұмысқа орналастыру мәселелерін шешу және осындай санаттағы жұмысшыларды қабылдаған жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылғаны жөн деп есептейміз.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру