Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Тұрақты табыс көзі

Алматыда Туризм саласы бойынша конференция өтті. Шара аясында «Қазақстан Туризм қауымдастығы» ЗТБ және «Ақмола облысы Туризм қауымдастығы» ЗТБ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға «Қазақстан Туризм қауымдастығы» ЗТБ директоры Рашида Шәйкенова және «Ақмола облысы Туризм қауымдастығы ЗТБ төрағасы Қайрат Сұлтанов, «Шығыс Қазақстан Туризм қауымдастығы» ЗТБ атынан оның атқарушы директоры Серік Жүнісов ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

 

ҚР Президенті Н.Ә.Назарба­ев­­­тың тапсырмасы бойынша Ішкі және көшпелі туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама және жаңа заң жобасы дайындалу үстінде. Алакөл, Бурабай, Каспий және Түркістан сынды басты туризм орындарын дамыту жоспарланған. Мемлекет соңғы жылдары заманауи автокөлік жолдарын салуға, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғыртуға айтарлықтай қаржы құйып, көліктік және басқа да қажетті инфрақұрылым салды.
Соңғы он жылдықта әлемдік туризм зор қарқынмен дамып жатыр. Сала жаһандық эконо­микалық дағдарысқа қарамас­тан, экономиканың ең жылдам дамып жатқан секторларының біріне айналып отыр.
Туризм – бұл әлемдік ЖІӨ-нің 10 %-ы, әрбір оныншы жұмыс орны туризмде шо­ғырланған, осы салаға бүкіл әлем бойынша орасан зор қар­жы құйылып отырады, әрбір оты­зыншы турист арқасында жаңа бір жұмыс орны құрылады. Экономика құрылымы жағынан Қазақстанға ұқсас көптеген елдер туризмді дамыту арқылы зор биіктерге жетіп отыр.
«Қазақстан туризм қауым­дас­тығы» туризмді дамытуға арналған соңғы бастамаларды зор алғыспен әрі үлкен қуанышпен қабылдап отыр. ҚР-дағы туризмді дамыту ісінде үкіметтің дайындап жатқан Мемлекеттік бағдарамасы маңызды рөл орын алады. Мәдениет және спорт министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен және Туризм қауымдастығымен бірлесе отырып, аталмыш стратегиялық құжатты дайындап шығару бойынша үлкен жұмыс атқарып, жобаны нарық қатысушыларына таныстырды. Тұңғыш рет бағдарламаға туризмді қолдауға арналған жүйелі шаралар мен жаңа құралдар енгізіліп отыр.
Инвестициялық тартымды­лықты қамтамасыз ету үшін басымдық берілетін туристік аумақтар режімін құру көз­делген. Бұл мемлекет есебінен, жер телімдері түріндегі заттай гранттар ұсыну есебінен, сондай-ақ, корпоративтік табыс салығынан, мүлік және жер салығынан 10 жылға босату түріндегі салықтық артық­шылықтар беру арқылы туризм жобаларын қажетті инфра­құрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Сарапшылардың пікірінше, мемлекет салық салмау нәти­жесінде 25 миллиард теңге мөлшерінде шығын көтеріп, сыртқы инфрақұрылымға 300 миллиард теңге мөлшерінде бюджет қаржысын салған күн­нің өзінде, ел экономикасы 600 миллиард теңгеге жуық қо­сымша тікелей инвестицияға қол жеткізіп, 60 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылу есе­бінен ұтады.
Туризм саласындағы жаңа жобаларға арнап ұзақ мерзімді несиелерді ұсыну қажетті шара болып табылады. Мемлекеттік бағдарлама жобасында туризмді дамыту үшін аса маңызды басқа да бірқатар құралдар қарастырылған.
Шетелдік азаматтардың визасын рәсімдеу кезінде ша­қыртуды талап етпеу, элек­трондық визаны ендіру, көші-қон заңнамасын ізгілендіру арқылы визалық және көші-қон режімдерін ырықтандыру шараларын қабылдау көшпелі туризмді зор серпіліспен дамыту үшін шешуші мәнге ие болуы мүмкін. Қазақстанның туризм мүмкіндіктерін біздің нысаналы нарықтарымызда маркетингтік жағынан ілгерілету үшін қаржыландыру көлемін ұлғайту да аса маңызды болып табылады.
5-дәрешелі Ашық аспан саясатын таяу уақытта қабыл­дау, әуекеросин бағасын мем­лекеттік реттеу және ұлттық лоукостерді құру әуебилеттер бағасының төмендеуіне, турис­тік объектілерге көлікпен жету мүмкіндігінің жақсаруына зор ықпал етуі мүмкін.
Ерекше қорғалатын таби­ғи аумақтарда туризмді қол­жетімді ету үшін отандық бизнесті тарта отырып ұлттық саябақтарды басқарудың жаңа үлгісін, сондай-ақ, Америка, Канада, Австралия және т.б. елдердің үлгісі бойынша ең үздік халықаралық тәжірибелерді ендіру қажет.
Елімізде жайлы туризм климатын қалыптастыру үшін шекара және кеден қызметтерінің жұмысын өзгертіп, мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерін жаңғырту қажет.
Мемлекеттік бағдарла­маға қолөнершілер, автокеруен­шілер, ауылдық және аңшы­лық, этнографиялық және экологиялық, медициналық туризм, балалар мен жеткіншек­терге арналған туризм сынды туризмның барлық бағыттарын қолдауға арналған шаралар енгізілді.
Туризм 33 сабақтас салаға мультипликативтік әсерін тигі­зетіндігін ескеретін болсақ, атал­мыш шаралар туризм мен экономиканың дамуына зор ықпалын тигізбек.
Қазақстан әлемдік туризм картасындағы саяхаттау үшін ең тартымды мекенге айналуға қауқары бар.
Туризм нарығы жоғарыда аталған шаралар басқа мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан қолдау таппауы мүмкін деп алаңдайды, өйткені Қазақстан Туризм қауымдастығының бас­тамалары келісу сатысының өзінде талай мәрте қолдау таппай келеді.
Экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігі, Ауыл шаруашылығы министр­лігі, ІІМ және ҰҚК туризм саласындағы зор әлеуеттің бар екендігін көріп отырған жоқ, туризмді дамыту олар үшін екінші орындағы мәселе болып табылады.
Осы шараларды қабылдау және оларды мемлекеттің дұрыс жүзеге асыруы арқасында туризм саласындағы турис­тер ағыны ұлғайып, өнім мен қызмет­тер көлемі артады, салық төлеу базасы кеңейіп, жаңа жұмыс орындары құрылады, нәтижесінде елдің өркендеуіне үлес қосылады.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру