Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

«Тойқазан» – ұлттық тағамдар мерекесі

Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында тұңғыш рет «Тойқазан – 2018» атты ұлттық тағамдар фестивалі өтті. Алматы қаласы мен Алматы облысының тауар жәрмеңкесін насихаттау тұрғысынан өткен шараның мақсаты – Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілін олардың ұлттық тағамдары арқылы біріктіру.

Шараның ашылу салтанатында Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов сөз алып, өңірімізде алғаш рет өтіп жатқан ұлттық тағамдар фестивалінің мән-маңызын айтып, шараға жинал­ған қауымға алғысын білдірді. «Жыл сайын фестиваль Алматы қаласының төңірегінде өткізілсе, биыл Талды­қорғанда өткізу туралы ше­шім қабылдадық. Алдағы уақыт­та да өз жалғасын табады деп ойлаймыз. Барша атсалысқан кәсіпкерлерге алғысымды білді­ремін» – деп жиналған қа­уымды құттықтады.
Бұдан кейін жұртшылыққа облысымыздағы кондитерлік орталықтардың дайындаған ұлттық тағамдары ұсынылды. Сонымен қатар, қолөнершілер мен өнерпаздардың көрмесі ұйымдастырылды. Шара соңын­да «Қуатымыз бірлікте» атты Ассамблея шеруі, «Тойқазан таңы» театрландырылған қойы­лымы, Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының концерттік бағдарламасы көр­сетіліп, спорттық жарыстар өтті.Фестиваль Қазақстан ха­лық­аралық ассамблеясының жеті түрлі этномәдениеттің шеруімен басталды. Бұдан кейін Сүйінбай атындағы филармония жеке бағдарлама бойынша шығармашылығымен елді тамсантты. Достық үйі арнайы ұйымдастыруымен «Бейбіт аспан аясында» атты балалар шы­ғармашылығы өтті. Кеш­ті әрлендіре түскен танымал этни­калық шоу «Сарбаздар рухы» болса, жиналған халықты «Тойқазан таңы» атты театрландырылған көрсетілім тәнті етті. Артынан әр ұлттың ән шашуымен бірге, еліміздің танымал әншілері Ерлан Орынбасаров пен Баян Нұрмышева, Айдарбек Рысбек, Иса Алимуса және «Тигрохауд», «Хан-тенгри» топтары қатысты. Сонымен қатар «Қуатымыз бірлік­те» атты Ассамблея шеруі, «Тойқа­зан таңы» театрландырылған қойы­лы­мы, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармония өнер­­­паздарының концерттік бағ­дар­ламасы және спорттық жарыс­тар өтті.
«Той қазан» – ұлттық жаңа тағамдар әзірлеп, өз асханамызды насихаттап, жаңа идеяларымызбен бөлісе алатын алаң. Фестивальді өткізу – жергілікті тұрғындар мен шетелдік қонақтарға ұлттық тағамдарымызды көрсете алатын мүмкіндік. Жаһандану дәуірінде еліміздің ерекшелігін көрсету өте маңызды.
Биыл фестиваль қонақтары аспаздық флешмобқа қатысты. Ұйымдастырушылар келушілерге ұлттық киіммен келіп, сыйлықтар алуды ұсынды. Алаңда дәстүр бойынша түрлі конкурс, спорттық сайыстар, каскадерлердің шоуы мен басқа да іс-шаралар ұйым­дастырылды. Қонақтар шеберлер ауылына барып, бұйым­дардың дайындалуын тамашалады.
Шараны тамашалауға жи­нал­ған жұртшылық ұлттық сусынымыз қымыз бен шұбат ішіп, мерекеге орай арнайы әзір­ленген тағамдардан дәм татты. Ал қолөнер шеберлері өздері жасаған ұлттық нақыштағы көркі көз тартатын бұйымдарын сауда-саттыққа шығарды. Жетісу төрі Талдықорғандағы «Той­қазан-2018» шарасы барысында алтынмен апталып, күміспен көмкерілген ат әбзелдері мен зергерлік бұйымдарға, ұлттық киімдерге тапсырыс берушілер де аз болмады.
«Тойқазан» – жалпыхалықтық мәдени мерекесін атап өту бір­неше жылдан бері өз деңгейін қалыптастырып үлгерген брендтік мереке. Жыл сайын бағыты мен бастауын кеңінен жайып, ауқымын кеңейтіп келе жатқан атаулы күн.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру