Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Салық кешірімі қалай іске аспақ?

Елбасы соңғы жолдауында шағын және орта бизнеске (ШОБ) салық кешірімін жасау жөнінде қадап айтқаны белгілі. Осыған орай, кәсіпкерлерге 111 млрд өсімақы мен 5,8 млрд айыппұл есептен шығарып тасталады, деп хабарлайды ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметінен.

Еліміздің қаржы министрі Әлихан Смайыловтың мәлім­деуінше, салық кешірімі жалпы сомасы 294 млрд теңге қарызы бар 90 мың кәсіпкерлік нысандарды қамтып, солардың алдағы іс-қимылына тың серпін береді екен.
«Негізгі борыштарын келесі жылдың аяғына дейін өтеген жағдайда 111 миллиардтай өсім­ақы мен 5,8 миллиард айып­пұл есептен шығарылады», – деп түсіндіреді Ә. Смайылов.
Есептен шығару ағымдағы жылдың 1 қазанына ғана құрал­ған берешектер бойынша ғана жүргізіледі екен.
«Кешірім еліміздегі бизнес-ахуалды жақсартуға, сосын шағын және орта бизнестің салықтарды төлей алуына мүм­кін­дік беру мақсатында жүргі­зіліп отыр», – деді министр.
Салық кешірімінің акцизде­летін (бағаларына жанамалық салық – акциз қосылатын) тауар­ларды өндірушілерге, мұнай ком­па­нияларына, жалған кәсіп­орын­дарға қатысы жоқ.
Өздеріңізге мәлім, 2018 жыл­дың 5 қазанында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев құзырлы ұйымдарға бизнес үшін салық кешірімін өткізуді тапсырған болатын.
Сондай-ақ Әлихан Смайы­лов Елбасының барлық тапсыр­ма­ларын іске асыруға үш жылдық мерзімге 1,8 трлн теңге қарасты­рылған деп хабарлады.
«Үкімет тарапынан 1,28 трлн теңге қарастырылып отыр. Республикалық бюджеттен үш жыл аралығында 966,1 млрд теңге бөлінеді», – деді Әлихан Смайылов.
Енді бөлінетін қаражаттың қай салаларға және қандай көлемде бөлінгеніне тоқталып өтсек.
Атап айтқанда, қаражаттың бір басым бөлігі ең төменгі еңбекақыны көтеруге (үш жылда 288,9 млрд теңге), 85,8 млрд теңге – тікелей 275 мың азаматтық қызметкерлердің еңбекақыларын көтеруге, 10,4 млрд теңге – салықтық шегерімдердің артуына бай­ланысты аймақтардың табыс бөлігі ысырабының өтемі үшін бөлінеді.
Өңдеу өнеркәсібі мен экспортты дамытуға үш жылда 500 млрд теңге бөлінеді, оның ішін­де 322 млрд теңге – Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен бұрынырақ бөлін­ген қаражаттар қайта пайда­ла­нылады.
Шағын және орта бизнесті дамытуға үш жылға 90 млрд теңге немесе жыл сайын 30 млрд теңгеден бөлу қарастырылған.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға үш жылға 300 млрд теңге (жыл сайын 100 млрд теңгеден) бөлінеді.
Жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысын ұлғайтуға қосымша үш жыл кезеңге, 250 мың отбасының тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндік беретін, 300 миллиард теңге бөлінбек.
Білім беру нысандары құры­лы­сына, оқушылар орнына мейлінше зәрулікті сезіне­тін аймақтарға, сондай-ақ үш аусымды және апаттық жағдай­дағы мектептердің мәселесін шешу мақсатында бюджеттен үш жылда 50 млрд теңге бөлінетін болады.
Бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында, сондай-ақ мектеп психологтарының жұмысын күшейтуге 16,8 млрд теңге (жыл сайын 5,6 млрд теңге) бөлінбек.

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру