Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Үйлесімді жұмыс ілгері бастырады

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында елде инвестициялар тарту, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту, сондай-ақ көлік пен логистиканы цифрландыру мәселелері қаралды.

Бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы тікелей инвестицияларды тарту бойынша көшбасшы саналады. Биылғы 9 айда негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 21,6%-ке артып, 7,5 трлн теңгені құрады. Инвестициялық ахуалды жақсарту және Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндаған инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбектің айтуынша, тау-кен өнеркәсібінде – 41,4%, құрылыста – 37,1%, өңдеу өнеркәсібінде 26,4% өсім байқалуда. Республикалық деңгейде инвестициялардың басым бөлігі Атырау, Астана, Алматы өңірлеріне тиесілі. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлеміндегі жеке қорлардың үлесі ағымдағы жылдың 9 айында 73,1%-ті құрады. Биылғы І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 15,4%-ке ұлғайып, $12,3 млрд құрады.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Ұлт жоспары – 100 нақты қадам аясында ИДМ трансұлттық компанияларды тарту жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатыр. Шамамен $10,6 млрд болатын 34 жобадан ТҰК жобаларының тізімі жасалды. Жалпы сомасы $1,4 млрд болатын 12 жоба іске асырылу сатысында. Сонымен қатар қазіргі уақытта үш деңгейлі инвестициялар тарту жүйесі құрылды, бұл – сыртқы деңгейде – Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің инвестициялық кеңесшілері және «Kazakh Invest» өкілдері, орталық деңгейде – Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитеті және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, өңірлік деңгейде – жергілікті атқарушы органдар, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның өңірлік өкілдері. Ж.Қасымбек облыс әкімдерінің назарын жұмысты жандандыруды талап ететін бірқатар мәселеге, атап айтқанда, инвестициялық жобаларға жер телімдерін бөлу, инженерлік инфрақұрылым жүргізу, газбен жаб­дықтау, арнайы экономикалық ай­мақтардың аумақтарын топтастыру, ірі серпілісті жобаларды іске асыруды қолдауға арналған жаңа қаржыландыру құралдарын енгізу, сондай-ақ өңір­лердергі инвестициялық порталдар жұмысының сапасы мәселелеріне назар аударды.
Үкімет басшысы Б.Сағынтаев инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту және ел экономикасына тартылатын шетелдік инвестициялардың көлемін ұлғайту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Мемлекеттік-жекешелік әріп­тестікті дамыту мақсатында ат­қа­рылған жұмыстар мен ұсынылған шаралар туралы ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, бірқатар облыстардың әкімдері, «Атамекен» ҰКП төрағасы А.Мырзахметов баяндады.
Т.Сүлейменов қолданыстағы заңнамалық актілерге ЕДБ үшін өтімді кепілдікті қамтамасыз ету ретінде мемлекет тарапынан тұрақты төлемдерді көздейтін МЖӘ шарттарын тану тұрғысынан бірқатар түзетулер қабылданғанын айтты. Бұл шара банктерге қаражаттың қайтарылуын кепілдендіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жеке әріптес өзіне алған міндеттемелерді орындамаған жағдайда жеке әріптесті ауыстыру функциясы көзделген. Сондай-ақ бюджеттен төленетін елеулі төлемдері бар МЖӘ инфрақұрылымдық жобаларының басым бөлігін іске асыру үшін МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер лимиттерін айқындау әдістемесіне өзгерістер енгізілді.
Премьер-министрдің орынбасары Е.Досаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудағы оң үрдісті атап өтті және алдағы жұмыс МЖӘ-ні артта қалған аймақтарда дамытуға баса назар аудара отырып жасалатындығын айтты. Сонымен қатар көлік және инфрақұрылымды дамыту салаларында МЖӘ жобаларын дамытуға ерекше назар аударылатын болады.
Отырыста қаралған келесі тақырып – көлік пен логистиканы цифрландыру туралы баяндаған инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбектің мәлімдеуінше, 2020 жылы ұзындығы 6,5 мың шақырым болатын 17 учаске төлемақы алу жүйесімен қамтылады. Сонымен қатар Астана – Щучинск учаскесінде RFID таңбаларды пайдаланумен аялдаусыз жүру жүйесі іске қосылған, PayWay.kz, интернет-банкинг, QIWI – әмиян қолма-қол ақшасыз төлемақы төлеу сервисі іске асырылған. Жүргізушілерді ауа райы, жылдамдық режимі туралы хабардар ету мақсатында бұл учаске ауа райы датчиктерімен және ақпараттық табломен жарақталған. Сондай-ақ жол бойы сервисін цифрландыру үшін «KazWay» мобильді қосымшасы іске қосылып, жол бойы сервисінің барлық нысандары бойынша өзекті мәліметтерді қамтитын IRU халықаралық автомобиль көлігі одағының «Transpark» электронды картасына деректер енгізілген. Жол активтерін басқару жүйесін 16 жол зертханасы арқылы алынған автомобиль жолдарының жай-күйі туралы деректермен толықтыру жұмыстары да жалғасуда. Бұдан өзге, көлік бақылауын автоматтандыру үшін арнайы өлшеу құралдарын енгізу жалғасып жатыр, ол шекті салмақ параметрлерінің бұзушылықтары санын азайтуға мүмкіндік беріп, автомобиль жолдарының сақталуын қам­тамасыз етуде оң ықпалын байқатады.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қ.Алпысбаев цифрландыру компанияның бар­лық басты бағыттарын: темір­жол инфра­құ­рылымын, жүк, мультимо­дальді және жолаушылар тасымалын қамтитынын айтты. Теміржол инфрақұрылымын дамыту аясында компания инфрақұрылымның нақты жай-күйіне қарай қызмет көрсету және жөндеу жүргізуге көшу міндетін қояды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына енген «Магистраль» автоматтандырылған басқару жүйесі» жобасын іске асыру бекітілген жос­парға сәйкес жүргізілуде.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру