Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Экотуризмді дамыту мүмкіндігі жоғары

Экотуризм мұнайгаз секторы экономикасының баламасы екендігіне ешкімде дауласа қоймас. Үстірт қорығы маңындағы Қансу газ кенішін барлау жұмыстары жүріп жатқандығы белгілі. Ал, қорыққа ең жақын орналасқан Аққұдық елді-мекенінінің тұрғындары болса, кенорын өз жұмысын толыққанды бастап кетуіне еш қарсылық білдірмейді және үлкен үміт артып отырғандарын да жасырмайды. Бірақ қорықтың қорғау аймағында экотуризмді дамыту туралы ұсыныстар бұрыннан айтылып жүргендігіне қарамастан, әзірге бұл жоспар сөз күйінде ғана қалып тұр.

Үстірт мемлекеттік қорығы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра­лары тізіміне ұсыну туралы ақпарат­тық кампания аясында Маң­ғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Үстірт қорығы» және «Ковчег» ресей экологиялық орталығының «К берегам океана Тетис» атты деректі фильмдерінің фрагметтерінен бір бейнефильм ретінде арнайы монтаждалған фильм, Қарақия ауданы Аққұдық ауылы тұрғындарының назарына ұсынылды. Шараға Үстірт қорығы, аудан әкімдігі және Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының Маңғыстау филиалының өкілдері қатысты.
Бір қызығы облыстық туризм басқармасы бұл кездесуге қатысуға ниет білдірмеді, керісінше бұл басқосуға туризм саласын дамытуға жауапты басқарма өкілдерінің бірінші болып төбе көрсетпеуі түсініксіз.
Бірлескен фильмде Үстірт қоры­ғының нағыз экологиялық туризмнің біріне айналу мүмкіндігінің жоғары екендігі туралы айтылады. Жалпы қорыққа жергілікті тұрғындарды алмағанда, еліміздің барлық өңірінен келушілер аз емес, бұған алыс және жақын шет елдерден келетіндерді тағы қосыңыз. Сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер әлемі бар Үстірт табиғи қорығы Қарақия ауданының күнгей жағындағы 223 мың гектар шөл және шөлейт жерді алып жатыр.
Ал, фильмді бастан аяқ қарап шыққан кейбір ауыл тұрғындары, аталмыш тақырыптың маңызды екендігіне қарамастан «ҚМГ-Қансу Оперейтинг» ЖШС үлкен үміт артып отырғандарын жасырмаған олар, аумақтық әлеуметтік жағдайы жақсарып, жұмыссыздық мәселесі шешілетініне сенімді.
Сонымен қатар, егер газ қоры ойлағандай жоғары емес болып шықса, коммерциялық табыс туралы айтудың өзі артық екендігін тұрғындардың өздері мойындап отыр.
Үстірт қорығы директорының орынбасары Меңдібай Ағиев ауыл тұрғындарына «Өнере» және «Көк­есем» туристік бағдарлары туралы толы­ғырақ ақпаратпен бөлісті. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындардың туристердің арқасында табыс таба алатындығы туралы өз ойымен де бөлісті.
«Еуропа немесе Америка елдері­нен келген туристер жайлылық іздемейді. Олар керісінше тыныш жерлерде демалғанды ұнатады, көбіне ғаламтор мен телефон байланысы жоқ аумақтарды таңдап жатады. Әлемнің көптеген елдері үшін турис­тер табыс көзі болып табы­лады. Мәселен, саяхатқа шық­қан туристерге жолсерік болсаңыз тұрақты табыс тауып отыруға еш кедергі жоқ. Әсіресе киіз үй немесе қонақ үйіңіз болса, жылқылар мен түйелеріңіз, ұлттық қолөнер бұйымдары, қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынсаңыз, әсіресе шұбат, балқаймақ, құрт және т.б. қажетті тағамдарды жеткізіп отырсаңыз келуші туристер қатары көбейе түсер еді», – дейді М.Агиев.
Ауыл тұрғындары мұндай аймақ­тарға туристердің келуі екіталай деген пікірлерін айтты. Өз кезегінде экологиялық ағарту және туризм бөлімінің жетекшісі Эльнара Бек­мағам­бетова, соңғы екі жылда табиғи қорыққа келуші туристер саны артып келе жатқандығын айтты.
«Мәселен, 2016 жылы аталмыш туристік бағдарға 60 саяхаттау­шы келсе, өткен 2017 жылы оның ке­лушілер саны 110 адамға жеткен, ал осы жылдың 9 айында 180 турист келіп, өңіріміздің сұлулығына жоғар баға берген. Көбіне турис­тер Ресейден, Еуропа елдерінен, АҚШ, Жапония, Ақтауды алмағанда республикамыздың әр өңірінен келіп жүр», – деді ол.
Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының Маңғыс­таудағы филиалының төрағасы Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, Үстірт мемлекеттік қорығын ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралары тізіміне ұсыну туралы ақпараттық кампания 2017 жылы өткізілген және бұқара­лық ақпарат құралдарында кеңінен жа­рия­ланған күннен бастап, аталмыш қо­рықта экотуризмді дамыту түрлі бас­қо­су­ларда жиі айтылып жүр.
Өзінің қырғыз елінде болып, «Чон Кемин» ұлттық табиғи саябағына жақын орналасқан ауыл тұрғындары туристерге қызмет көрсетіп отырған­дығы туралы айтып берді.
«Қырғызстанда мұнай мен газ жоқ. Ауыл тұрғындары үшін көбіне өздерінің күшіне сенуге тура келеді. Олар қоғамдық ұйым құрып алған және оның негізінде табиғат қорғау бойынша қоғамдық инспекция жұмыс жасайды. Ұлттық парк маңайында аңға шығатын аңшылармен түсін­діру жұмыстарын жүргізіп келе жат­қанына біраз болған, әрбір кездесуді фото және бейнекамераға түсіреді. Ғаламтор арқылы танымал болудан қашатын браконьерлер ертеңгі күні жұршылыққа танымал болып кетуден сақтанғанды жөн санап, аңға қарсы оқ атудан бас тартып жүргендері көбейген. Уақыт өте таутекелер мен арқарлар саны артса, жабайы аңдар адам баласынан қорқудың не екендігін ұмыта түсуде», – деді өз сөзінде Әділбек Қозыбақов.
Оның айтуынша, көршілес қыр­ғыз елінде тұратын ауыл тұр­ғын­дарына қарағанда Аққұдық ауылы­ның тұрғындарына сервис ұйым­дастыру әлде қайда оңай, себебі қо­ғамдық бірлестік құру және Үстірт қорығы жанынан қоғамдық инспекция ашудың қажеттілігі жоқ.
«Егер сіз Қырғызстанда болып Чон-Кеминге барғыңыз келсе, ешқандай қиындық туында­майды себебі арасы жақын. Ал біздің Үстірт қорығына бару үшін жүздеген шақырым жол жүруіңізге тура келеді, және жолыңыздың көп бөлігін даланың қара жолымен өтесіз. Оның үстіне қорық күндіз-түні күзетіледі. Сол себепті де бұл аумаққа браконерлердің келуі екіталай», – деді сарапшы.
Кездесу соңында ауыл тұрғын­дарына жергілікті халықтың ішінен экотуризмді дамытуға ниет білдір­гендердің тізімін жасақтау жөнінде ұсыныс жасалды. Ең бастысы туристерге сервистік қызмет көрсету туралы ұсыныста қажетті қаражат көрсетілгені дұрыс, себебі бұл бастама алдағы уақытта облыстық туризм басқармасы, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және «ҚМГ-Қансу Оперейтинг» ЖШС қаржылай қолдау көрсету туралы ұсыныспен шығу жоспарланып отыр.

Кәмшат Ізбасарова,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Маңғыстау облысы,
Ақтау қаласы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру