Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Минералды суының баламасы жоқ шипажай қашан «сауығады»?

Елімізде емдеу-сауықтыру, демалыс орындары көп. Бірақ олардың бәрі бірдей ауруларды емдемейді. Әсіресе, соңғы жылдары көбейіп кеткен жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша ем-домын ұсынатын санаулы демалыс орындарының бірі әрі бірегейі Батыс Қазақстан облысындағы «Ақжайық» шипажайы десек, қателеспейміз. Бірақ кеңес дәуірінде атағы дүрілдеп тұрған шипажайдың қазіргі кескін-келбеті солғындау, ондағы сервистік қызмет көрсету деңгейі әлі де болса жетілдіре түсуді қажет ететінін көріп қайттық.

«Жыртық» жол,
қураған тал-терек…

Теректі ауданына қарасты аумақтағы Жайық өзені жаға­сындағы тұмса табиғаты тамсандыратын мүйісте орын тепкен демалыс орнына жетудің өзі қиямет-қайым. Оған жету үшін Оралдан шыққан күре жолмен «су төгілмес жорғадай тайпалатып келіп», Барбастау ауылы тұсынан Бұқар бетіндегі үлкен жолға түскенде алдыңыздан көріксіз пейзаж атойлайды. Жол жиегіндегі қураған, ұзынды-қысқалы, қатқан қайыстай тал-терек­тердің иір-иір бұталары «не жазып едік, бұл қалай болды?» деп көкке қарап қол жайып, ұлып тұрғандай… Қарап отырып, санаңызды көңілсіз ойлар иектейді. Бұл ойлар одан әрі шипажайға бастайтын жеті шақырымдық жолға шыққанда да жан-жағыңыздан қаумалап, көңіліңіз ортая түседі. Оған қоса, осы жеті шақырымдық кірме жыртық жолдың ойқыш-ойқыш ойықтары мен ішек-қарныңызды селкілдететін шоқалақтары әншейінде елеусіз жаныңыздың қадірін есіңізге салып, Жаратушыға «сақтай көр» деп жалбырантады екен.
Мұндай міскін жағдайды түзеуге келмейді деуге болмас. Еліміздің өзге өңірлерінен ши­пажайға шипа іздеп келетін азаматтардан ұят-тағы… Солар­дың тиын-тебені есебінен тү­сетін салықтан да аудан қазы­насы толыға түспейтін бе еді? Жол сапасын қадағалауды, жол жиегіндегі ағаштардың қурағанын кесіп-күзеп, әсемдеп отыруды тиісті орындардың ұмытқаны қалай? Әлде бұл жаққа қаржы бөлінбейді ме? Әсілі, «Ақжайық» өңіріміздің маңдайына басқан жалғыз шипажайы ғана емес, басқа облыстардан демалуға келетіндерге облыстың әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуынан хабар беретін орын екенін естен шы­ғар­малық.

Кеңестік стильді
сақтап қалған…

Шипажайдың ауласы жасыл желекке толы, әдемі гүлзарлары көңіл қуантады. Алайда, «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, бас корпустағы қабылдау орны сырт көзге қораштау, өткен қоғамдық формацияда қалып қойған, яғни колхоз кеңсесіндегі кассирдің бөлмесін еске салады. Демалыс орнының қақпасы, яғни атауы жазылған құрылым да кеңестік стильде жасалып, сол күйі сақталған.
Жаз маусымында шипажайда жер­гілікті тұрғындармен қатар Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан келген 181 адам демалып, емделді. Мұнда жылына 3 мыңнан аса демалушыға қызмет көрсетіледі. Медбике боп жұмыс істегеніне 30 жылға жуықтаған Әлия Нысанғалиева бір күнде 181 адамды 8 ваннаға минералды суға түсуге қабылдайды. «Қалай үлгересіз?» дейміз таң қалып. «Үлгереміз, – деп қысқа қайырған ол сосын тәптіштей түсіндірді. –Минералды суға шомылу қан айналымын реттейді, одан зат алмасу үрдісі түзеледі, қан қысымын және қандағы қант мөлшерін қалыпқа түсіреді. Содан демалушылардың көңіл күйлері жақсарады».
Ванналар ескі, тат басқан, сұрық­сыз. Суасты массажының сый­ым­дылығы да, әйелдер ауруларына қолда­нылатын және ішек жолдарын тазалайтын құрал-жабдықтар да сондай сүреңсіз күйде. «Суымыз йод-бромды, сондықтан ваннаның эмалын жеп тастайды. Бұларды 30 жылдан бері пайдаланып келеміз», – деп ақтала сөйлегендей болды медбике.
Емдеу үрдістері жүргізілетін корпус дәлізінің бір шетіндегі қазандықтар орынжайының жағдайы көңіл құла­зытады. Бұл орынның үстіңгі қаба­тында үлкен сыйымдылықтарда минералды су жылытылады да, астыңғы қабаттағы осы орыннан ванналарға құбырлар арқылы жөнелтіледі. Су емделушілерге жылытылып жіберіледі. Үстіңгі қабаттағы әрқайсысы төрт тонналық үш сыйымдылықтың зіл батпандай салмағынан қазандық бөлмесінің төбесі опырыла жаздап, сансыз тіреудің арқасында «шықпа, жаным, шықпамен» тұр. Жақында бір сыйымдылық ыдыс жарылып, астыңғы қабат суға кете жаздаған. Сонда қызметкерлер жан алып, жан беріскендей болып, апатты жағ­дайды жойғанын өз көздерімен көрген емделушілер ұжымға, әсіресе, қазан­дық операторы Алтай Өркеновке ақ­жарма алғыстарын білдіріпті. Бұл орын­ға әлі жөндеу жасалмай, жамап-жасқап қойған. «Келешекте ғимаратқа жалғап жаңа құрылыс салып, мына сыйымдылықтарды сонда көшіру жоспарланып отыр», – деді аталмыш шипажай директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Бауыржан Имашев.
Емдік дене шынықтыру кабине­тінің жаттықтырушы-нұсқаушысы Мәнсия Хайрушева терапевт-дәрі­гердің нұсқауымен емделушілерге таңертеңгілік, тыныс алу, буын, омырт­қа, көз жаттығуларын жасатады. Ал глаукома, инсульт, инфаркт алған жандармен арнайы бөлек жаттығу өткізеді. Мұндағы жаттығу залы 20 адамға лайықталған, өте тар әрі жөндеуді қажет етеді. Ал жабдықтары ескірген, мысалға, жүгіру жолағы жабдығының «ғұмыры» 15 жылдан асқан. Сондай-ақ физиокабинеттің де құрал-жабдықтары кеңестік заманнан қалған «жәдігерлер» тәрізді көрінді. «Осындағы 14 түрлі аппараттың 85 пайызы ескі. Негізінен, олар хондроз, салқын тиген ауруларды емдеуге қолданылады», – деді физиокабинеттің медбикесі Меруерт Мәженова.
Сондай-ақ парафинмен және бал­шықпен емдеу бөлімінің бөлмелері де айналуға келмейді, жабдықтары да тозған. Ондағы кабиналардың арасы мал қорасындағыдай тақтайлармен бөлінген, емдік балшық және парафин салып қыздыратын қазандары ескі. «Балшық Әлжан сордан әкелінеді. Күніге 110 адамды қабылдаудамыз. Парафинді қоғамдық орында тамақ пісіруге арналған қазанда жылытамыз», – деді шипажай ашылғаннан бері жұмыс істейтін медбике Қарлығаш Байғалиева.
Өмірінің 42 жылын дәрігерлікке арнаған Уағади Нығметов шипажайда дәрігер-реабилитолог болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, емдеу корпусы мен емделушілер жататын ғимараттың арасы 250 метрдей қашық. Әсіресе, қыстыгүндері егде адамдарға қатынау қиын. Өзге шипажайлардағыдай емделушілер ем алуға сыртқа шықпай, іштен қатынаса құба-құп. Емдеу корпусында емдік шаралардан кейін жатып демалатын орын жоқ. Бұл да емделушілерге өзіндік қиындықтар тудыратыны кәміл.
Сондай-ақ емдік шаралар түрлерін де молайту кезек күттірмейді. Мұнда тек мия тамыры ғана фитошай ретінде қолданылады. Бұрын болған оттегі коктейлін беру жағы қарастырылғаны ләзім. Тыныс жолы ауруларымен сырқаттанып келетіндерге тұзды шахта қызметі көрсетілсе, бөлмелердегі ескі жиһаз жаңаланса деген демалушы­лардың тілек-талабы орынды деп білеміз.

Жаңғырту жұмыстары
кімнің есебінен жүреді?

«Ақжайық шипажайы» ЖШС-ның директоры болып қызметке кіріскеніне екі айдан асқан Альберт Сафуллинге жолығып, демалыс-сауықтыру орнындағы түйткілді мәселелерді шешу бағытындағы жоба-жаспары жайында әңгімелестік.
– Жақында Қарағанды облы­сынан хабарласып, 100 адамды ор­наластыруға келісімшарт жасау ұсынылды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тендерін ұтып алып, қосымша 311 адамды қабылдайтын болдық. Мұның алдында ғана осы басқарма арқылы 783 адам демалатын болып келісілген. Сондықтан, өкінішке орай, қарағандылықтарды осы маусымда қабылдай алмайтынымызды айттық. Бүгінде жолдамаларымыздың сатылымы жақсы, бірде-бір бос орын жоқ.
«Ақжайық» шипажайының қақ­пасын, сырттағы шипажай атауы жазылған құрылымды, қабылдау орындарын жаңарту, ауладағы субұрқақтарды жөндеп, іске қосуды ойлағанбыз. Шипажайдың жер астынан минералды суды айдайтын мұнарасы, ванналарға су беріп тұрған сорғылары, сыйымдылықтар бар, солардың жайын білмек болып арнайы мамандарды шақырып, қараттық. Мамандар негізгі құрал-жабдықтардың тозғандығын, тез арада күрделі жөндеу жасау қажеттігін айтып, тиісті актілер жасады. Алдымен бес және үш қабатты ғимараттардың арасын қосып, жаңа емдеу корпусын саламыз. Оның жобалық-сметалық құжаттары дайын, қазір сараптамадан өтуде. Бәрі жақсы болса, алдағы 2019 жылы жаңа ғимарат салынады. Сондықтан әзірге ескі емдеу корпусын жаңалау, жаңа жабдықтар алу тиімсіз. Бірақ жаңа ғимарат салады екенбіз деп жұмысты қаңтарып қоймаймыз, құрылтайшылардың келісімін ала отырып, тиісті жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Ертең «қыстың көзі қырауда» шипажайдың жұмысы тоқтап қалмауы үшін қазандық салу жоспарланған, – деді ол.
Аталмыш шипажайдың құрылтай­шылары – Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі, Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы және үш жеке тұлға. Директордың айтуынша, демалыс орнының қызмет көрсетуінен есепшотқа түсіп жатқан қаражатты құрылтайшылардың бірде-бірі алып жатқан жоқ, қаржының бәрі емдеу орнын дамытуға жұмсалуда, бюджеттен көк тиын бөлінбейді. Сон­дықтан жаңғырту, жөндеу жұ­мыс­тары шипажайдың өз есебінен жүргізілуі тиіс. Жыл аяғына дейін демалушылар қатары үзілмейтін болса, жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жабдықтарды ауыстыруға қаржылық мүмкіндік болады. Ал жаңа ғимарат салу жұмыстарына жолдама сатудан түскен қаржы-қаражат жетпейді, сондықтан оған Кәсіподақтар федерациясы қаржы бөледі немесе олай болмаған жағдайда даму институттары арқылы несиелік қаржы алуға көмектерін береді деп күтілуде. Өйткені облыс әкімдігі ши­пажай акцияларындағы өз үлесін Кә­сіп­одақтар федерациясына сенімді басқаруға берген. Қалай болғанда да, елімізде баламасы жоқ минералды суы бар шипажайды қайта түлету, жаңғырту қажеттігі анық.

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру