Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Игілікті істер бастау алды

Қазақстанда машина жасау өнеркәсібі бірден пайда бола қойған жоқ. Елімізде машина құрастыру саласы біртіндеп жұмыс істей бастаған алғашқы жылдары тек шағын металдарды ғана өндіретін. Яғни, халыққа өтімді, күнделікті тұрмыста пайдаланылатын еңбек құралдары мен түрлі бұйымдарды шығара бастады.

 

Мемлекет басшысы еліміздің автокөлік және теміржол инфрақұ­рылымын дамыту, жетілдіру мақ­сатында шетелдерде бірнеше мәрте болып, олардың басшыларымен іскери кездесулерде жиі басқоса­тындығы бізге мәлім. Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Брюссель қаласында өткен «Азия-Еуропа» форумының 12-ші саммитіне қатысты. Бұл туралы inform.kz сайты хабарлайды. Бельгия королі Филипп Делермен кездескен Мемлекет басшысы бірқатар экономикалық мәселелер тұрғысында ашық әңгіме өрбітті. Соның ішінде мемлекетаралық темір­жол инфрақұрылымын дамыту жұмысына кеңінен тоқталды. Филипп Делер «Бүгінгі таңда өнеркәсіптің барлық саласы ақсаңдамай, дұрыс бағытта жүргізілуі үшін теміржол инфрақұрылымының маңыздылығы басым» дей келе, «Альстом» компания­сының цифрлық мәліметтер тарату жұмыстарына инвестиция салуға әзір екендігін атап өтті. Осылайша, француздың машина жасау компаниясы Алматы қаласында маңыздылығы басым екі жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Яғни, аталмыш жоба «Алматы-1» теміржол вокзалымен қатар, еліміздің 5 теміржол станцияларында халыққа мәлімет беру жүйесін жаңартатын болады. Бұл бастама теміржол транспортын жиі пайдаланатын қазақстандақтардың біріншіден қауіпсіздігін күшейтсе, екіншіден осы салаға деген сенімділігін арттырады. Сонымен қатар, «Альстом» машина жасау компаниясы қолға алған екінші жоба Алматыдағы жеңілрельсті көлік құралдарына байланысты болмақ.
«Альстом» компаниясы Франция­дағы көшбасшы кәсіпорындардың бірі. Елімізде аталған холдингтің бір­лескен кәсіпорындары мен зауыттары ашылған. Қазіргі таңда бұл өндіріс ошақтарында 600-ден астам жұмысшы қызмет етеді. Дүниежүзі бойынша сапалы теміржол көліктерін өндіретін компанияның 60-тан астам мемлекетте филиалдары орналасқан. Мұнда барлығы 34500 қызметкер еңбекке жұмылдырылуда. Бүгінгі таңда экономикалық тұрақтылық пен ілгерілеуді мақсат тұтқан компания нарық сұранысына сай қызмет етеді. Яғни, заман талабына байланысты теміржол саласына керекті құрал-жабдықтар мен саймандардың алуан түрін шығарып, уақытылы жеткізіп отырады. Атом және жылу электр станцияларына арналған генераторлар мен турбиналар да осы холдингте өндіріледі. Осылайша, жылдамдығы жоғары поездардың жылжымалы құрамынан бастап, трамвай мен метро қызметтерінің жаңаруына септігін тигізіп отырған компанияның 2017-2018 жылдардағы сату көлемі 8,0 млрд еуроны, ал тапсырыстардың көлемі 7,2 млрд еуроны құраған.
Мемлекет басшысының «Төр­тін­ші өнеркәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» атты биылғы Жолдауын­да «Цифрлы Қазақстан» бағдарлама­сы қабылданғаны бәрімізге белгілі. Осы­ған орай, қазірден бастап әлем елдерімен экономикалық байланыс орната отырып, олармен етене жұмыс істеу барысында көлік құрылымдарын цифрландыру сая­сатын жетілдіру көзделіп отыр. Экономикалық сарапшылардың пайым­дауынша, отандық кәсіп­орын­дарға цифрлы технологияларды жүйелендіру арқылы өндірістің тиімділігін арттырып қана қоймай, өндірілетін өнімнің өзіндік бағасын 20 пайызға дейін төмендетуге мүм­кіндік береді.
Қазіргі таңда елімізде машина құрастыру өндірісі оң жолға қойылған. Атап айтсақ, осы бағытта көрініс тапқан ірі кәсіпорындардың бірі – Өскемендегі «Азия Авто» зауыты. Нарықтағы «Қазақстанда жасалған» бағдарламасының кең етек жаюына аталмыш зауыттың атқарып отырған рөлі ерекше. Ма­шина құрастыру барысында қажетті құрал-саймандарды зауыт басшылығы Талдықорғандағы аккумулятор зауытынан жеткізіп отыр. Болашақта еліміздің машина шығару өнеркәсібі тың серпін алып, нарық сұранысына төтеп беретін отандық ірі кәсіпорындардың біріне айналатыны сөзсіз. Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, еліміздегі машина жасау өндірісі биылғы жылы былтырғы жылмен салыстырғанда 12,2 пайызға өсіп, 384,6 млрд теңгені құраған.

 

Мақпал САҒЫНДЫҚ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру