Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Алғашқы жарнаның жартысы қайтарылады

Мәжіліс депутаттары Елбасының биылғы Жолдауын халыққа түсіндіру және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысымен танысу үшін Қостанай облысында болды.

 

Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері, депутаттар Ирина Аронова, Асылбек Смағұлов, Василий Олейник, Сергей Симонов және Әлия Сапаровалар алдымен қаладағы «Юбилейный» шағын ауданында «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілетін тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Жұмыс басында болған Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Айдар Құсайынов қазіргі уақытта аталған шағын ауданда 2172 пәтерлі 25 үйдің құрылысы жүргізіліп жатқанын, биылғы жылдың соңына дейін тағы 600 пәтер пайдалануға берілетіндігін айтты.
– Қазіргі күні құрылыс жұмыс­тарында 380 адам жұмыс істеуде. Алдағы уақытта мұнда тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандар, атап айтқанда 280 орындық 2 балабақша, 1200 орындық мектеп, емхана, мұз сарайы, ұлттық мәдени орталық, смарт-орталық және қонақүй салынады. Пәтерлердің дені «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатылады. Бүгінде 43 өтінім түсті. Оларға желтоқсан айының басында пәтер кілттері тапсырылады. Барлығы 400 отбасы «7-20-25» бағдарламасы арқылы қоныс тойын тойлайды, – деді Айдар Құсайынов.
Депутаттар нысанды жоспарланған мерзімде салып бітіріп, уақытында тапсыру қажеттігін атап өтті. Құрылыс жұмыстарын кешеуілдетуге ешқандай негіз жоқтығы да айтылды. Себебі, баспанаға мұқтаж жандардың қажет­тілігін өтеу алғашқы кезектегі маңызды да жауапты міндеттің бірінен саналады. Сондай-ақ халық қалаулылары пәтерлердің бағасына, бөлмелердің шаршы көлеміне, жылу маусымына дайындық жайына алаңдаушылық білдірді.
– Елбасының бес әлеуметтік бастамасының бірінші бағыты бойынша қолға алынған «7-20-25» бағдарламасының арқасында түрлі мамандық иелері өздерінің алғашқы баспанасына ие болып жатыр. Бұл үлкен қуаныш. Бүгінде елімізде «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» белсенді түрде іске асырылуда. Сондықтан Елбасы биылғы Жолдауында бес бастаманың маңызды рөлін атап өтті. «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының іске асуын жеделдету үшін нарықта тұрғын үй қатарын көбейту қажет, – деді «Нұр Отан» партиясының мүшесі Асылбек Смағұлов.
Халық қалаулылары «7-20-25» бағдарламасының Қостанай облысында енді ғана іске асырылып жатқанын атап өтті. Аталған бағдарлама бойынша әкімдіктерге бастапқы жарналарды жергілікті бюджет есебінен ішінара субсидиялау тетіктерін қарастыру тапсырылған-ды. Енді жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне алғашқы жарнаның жартысы қай­тарып берілмек.
Осы мәселені Мемлекет басшысы 5 қазанда жарияланған «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында аймақ басшыларының алдына қойды. Қолжетімді жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп, ең алдымен дәрігерлердің, мұғалімдердің, әлеуметтік және өзге саланың білікті мамандарына жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнасын ішінара субсидиялау мәселесін шегіне жеткізу жүктелді.
– Бүгін біз «Юбилейный» шағын ауданындағы құрылыс барысы­мен таныстық. Президенттің тұрғын үй құрылысын дамытуды қолдау жөніндегі Жолдауда атап көрсеткен тапсырмаларын іске асыру Қостанайда жақсы қарқынмен жүргізіліп отырғанын көріп, білдік. Айта кетерлігі, облыста «7-20-25» бағдарламасына сұранысты арттыру үшін құрылыс компанияларының санын көбейту де маңызды. Себебі, қазіргі таңда құрылысқа арналған қаржылық қолдаулар көп. Нарықта бәсеке артқан сайын пәтерді төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік туады, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты Сергей Симанов.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғын үй құрылысы бойынша бағдарламаны іске асыру 5 жылдың ішінде 650 мың отбасының немесе 2 миллион адамның баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

 

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру