Елімізде жұмысы сегіз жыл бойы тұралап қалған әйгілі «Биохим» зауыты қайта іске қосылды. Отын қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен импортты алмастыруға бағытталған бірегей жоба Солтүстіктегі қала құраушы кәсіпорынға айналып, өңір экономикасының дамуына мультипликативті әсер бермек.
Қазақстан мен көршілес өңірлерде баламасы жоқ жоба Тайынша ауданында 2006 жылы жүзеге асырылған болатын. Жұртшылық «қыр ғажайыбы» деп атаған ерекше зауыт «30 серпінді жоба» бағдарламасы аясында іске қосылып, құны 11,5 млрд теңгені құраған-ды.
Сөйтіп, кәсіпорында бензиннің октанды санын арттыру, оны экологиялық тұрғыда таза ету үшін астықтан биоэтанол өндірілуі тиіс болды. Бұдан басқа, онда мал шаруашылығы кешені, ет өңдеу зауыты, құс фабрикасы, аралас жем, диірмендер мен жылыжайлар өндірісі де қарастырылды. Алайда, зауыт жұмысы бастала салысымен өнімді сату бойынша көптеген қиындықтар туындап, нәтижесінде «Биохим» АҚ-тың салық пен еңбекақы бойынша қарызы еселеп артты. ТМД кедендік тауарлар номенклатурасының жетілмеуінен биоэтанолды шетелге шығара алмау, шикізат жетіспеушілігі, су тапшылығы сынды проблемалармен бетпе-бет келіп, шығынға батқан зауыт ақыры жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.
Өңір үшін стратегиялық маңызға ие өндіріс ошағын қалпына келтіруді отандық инвесторлар қолға алды. Соңғы жылдары жүргізілген үздіксіз жұмыстардың нәтижесінде кәсіпорын қайта жандана бастады. Бидайды терең өңдеп, түрлі тыңайытқыштар мен жемазық шығаратын қуатты кәсіпорынды қайтадан аяққа тұрғызу үшін отандық инвесторлардың қаржы құюы – үлкен жетістік. Өйткені, еліміздегі көптеген өндіріс орындарын шетелдік инвесторлар қаржыландыратыны белгілі. «Биохим» жобасы «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ инвестициялық портфеліне сауықтыруды жүзеге асыру үшін Қазақстан Даму банкінен түскен болатын. Мәміле құны 7 млрд теңгені, «BiolineKz» ЖШС сатып алған үлесі – акциялардың 75%-ін, «ҚазМұнайГаз АҚ – өндіру және маркетинг» АҚ үлесі – акциялардың 25%-ін құрады. Шарттың талаптары бойынша сома кезең-кезеңмен, бірнеше жылдың ішінде төленеді.
Енді астықты терең өңдейтін «BioОperations» ЖШС жылдық қуаттылықты 82 мың тоннаға жеткізіп, Қазақстанда тұңғыш рет глютен мен крахмал шығаратын болады. Осылайша, сегіз жылдан соң өмірге қайта жолдама алып отырған ірі де тартымды жоба Қазақстанның глютен мен крахмалға импортын алмастырып, ішкі қажеттілікті толық өтемек. Одан артылса, өнім Еуропа, Орталық Азия өңірі елдеріне экспортталады.
– Өндіріске тек жергілікті шикізат қолданылады. Кәсіпорында 400 жергiлiктi тұрғындар жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар көп жылдар бұрын тұрғызылса да, әлі іске қосылмаған қуатты ет комбинатының да жұмысы жолға қойылады. Келешекте жұмыспен 1000 адам қамтылады. Бұл бағытта Тайынша ауданының қазынасына жыл сайын салық түрінде 100 млн теңге түсіп отырады, – дейдi өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
Қалпына келтіру жұмыстарының ерекшелігі мен техникалық күрделілігін ескере келе, жаңғырту үш кезеңге белгіленген. 2017-2018 жылдарға арналған бастапқы екі кезең аясында ұн, крахмал, клейковина және азық өнімдерін өндіру бойынша диірмен кешені іске қосылды. Екі кезең сәтті аяқталды, ал үшінші кезең 2019-2020 жылдар аралығында жүзеге асырылатын болады және бұл жеке биоэтанол өндірісін қамтиды.
Кәсіпорынды қайта түлетуге 11 млрд теңге көлемінде инвестиция бағытталды. Жаңғыртудың бірінші кезеңінің шегінде ғана инвестиция сомасы шамамен 5 млрд теңгені құрайды. Отандық инвестор, «BiolineKz» ЖШС басшысы Ә.Талғатбектің айтуынша, қайта өндіру қуаттылығы жылына 191 мың тонна бидай өнімін, ұн өндірісі – 83 мың тоннаны, крахмал – 39 мың тоннаны, клейковина – 10 мың тонна, азық өнімдері – 41 мың тоннаны құрайды. Атап өту қажет, ұнды тарту өнеркәсібінде талап етілетін жоғары сапалы астықтан бөлек, отынға арналған экологиялық таза қоспаларды өндіруде технологиялық талаптарды сақтаумен сапасы төмен төртінші, бесінші сұрыпты бидайды да жаратуға болады. Сондай-ақ ағымдағы міндеттер бойынша өндірістік қуаттылықтардың энергиямен қамтамасыз етілуі, сумен жабдықтаудың ішкі және сыртқы желілері қалпына келтіріліп, су сорғы станциясы белгілі бір ретке келтірілді, мазут шаруашылығы мен қазандық цехы жаңартылды.
Келер жылы зауыт биоэтанол өндiре бастайды. Бұл экологиялық мәселелер күрделене түскен қазіргі уақытта әлемдік стандарттарға сай бензин шығаруға бет бұрған еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары үшін өте қажет. Биоэтанол бензиннiң октан санын көбейтiп, экологиялық тазалығын қамтамасыз етеді. Сондықтан қазір олармен биоэтанолды жеткiзу бойынша келiссөздер жүргiзiлуде. Отандық мұнай өңдеу зауыттарының еуро-5, еуро-6 бензинiн шығаруға көшкенiн ескерсек, өзімізде өндірілген биоэтанолға сұраныс арта береді. Биоэтанол – қазір импортталып, жоғары октанды қоспалар өндірісінде қолданылып жүрген уытты метанолды алмастыруға арналған органикалық табиғи өнім. Еуропада метанолды қолдануға тыйым салынған. Бізде бұл зиянды шикізатты алмастыратын биоотын әзірге жоқ.
Астықты өлкеде ірі астық өңдеу кластерін құру идеясы аясында өңірде мал шаруашылығы қатар дамиды. Өйткені, астықты өңдеу барысында жоғары протеинді жемазық өндіріліп, ол ішкі тұтынуды қамтамасыз етеді. Сөйтіп, өз кезегінде мұндай өндіріс ошақтары жұмысының Мемлекет басшысы қойған ауыл шаруашылығы өнімдерін 2,5 есеге арттыру мен экспорт көлемін ұлғайту міндеттерін жүзеге асыруда атқарар рөлі айрықша болмақ.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ