Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Қазақстанның кітап нарығы

Ғасырлар бойы адам баласымен бірге жасап, бірге дамып келе жатқан кітаптың біздің рухани өмірімізден алатын орны ерекше бағаланып келеді. Л. Толстой «Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей» десе, М.Горький «Мен өз бойымдағы барлық жақсылығым үшін кітапқа борыштымын» деген, ал М.Әуезов «Көп жасаған білмейді, көп оқыған біледі» деп баға берген. Кітаптың сондай қасиеттерін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл-кітаптың рухани атқаратын қызметі. Біз оның экономикалық, әлеуметтік өмірде алатын орны, кітап таратудың жолдарын сөз еткелі отырмыз. Бүгінгі таңда кітаптың шығарылуы, оқылуы мен таратылуында қол жеткізген біраз табыстарымызбен бірге шешуін тосып тұрған келелі мәселелері де жеткілікті.

Баспа индустриясының кенжелеп дамуына байланысты қар­жы айна­лымының негізгі бөлігі кітап саудасымен айналысатын компаниялар үлесіне тиеді. Ірі дүкендер кітап саудасы қазіргі кезде сауда айналымының басым бөлігін қамтамасыз етеді. Қазіргі кезде Қазақстанда әрбір 50000 тұрғынға 1 кітап дүкені келеді. Өкінішке орай, кітап дүкендері бас­қа сауда нүктелерімен бәсекеге түсе алмайды, кітап дүкендерінің табыстары басқалардан төмен бол­ғанына қарамастан, сауда ала­ң­­дарын жалға алу құны олармен бірдей. 90-жылдардың басында, Алматыда өз тауарларын майда нүктелер арқылы саудалайтын кітап сатушылармен қатар тауарларын «Академкнига» дүкендеріне өткізетін ірі кітап ұсынушы ұйымдар болған. «Академкнига» дүкендеріне өз кітабын ұсынушылардың бірі кейіннен өзінің жеке кітап саудасымен айналысатын «Экономик’C» фир­ма­сын құрды, екіншісі «МИС» кітап саудасы фирмасын ұйым­дас­­тырды.
Алматыдағы кітап саудасы нары­ғындағы негізгі «ойыншылар» – «Эврика» дүкендер желісі, «Гулянда» сау­да үйі, «Алматы­­кітап» дүкендері, «Экономик’С» дүкендер желісі, бұлар Алматыда, Астанада және Ақтөбе, Шымкент, Тараз қалаларында дүкендері бар, «Руханият» дүкені, «Раритет» компаниясының «Книжный мир семьи» дүкені, «Кiтап Әлемi» дүкендері. Сонымен бірге 5-6 сауда нүктелері бар бір-екі жеке кәсіпкерлер және лоток арқылы сауда жасайтындар кейбір бағалау бойынша коммерциялық көркем әдебиеттер саудасының 30-40 пайызын иеленіп отыр. Соңғы кездері бұрын аудио-бейне өнімдерін шығаратын ірі «Меломан» ритейлері кітап саудасына қызығушылық таныта бастады. «Меломан» сауда желісі аз уақыт ішінде Қазақстандағы кітап саудасы нарығының 8 пайызын иеленіп отыр. Қазіргі кезде Қазақстан бойынша маманданған үш кітап дүкені, «Меломан» дүкендер жүйе­сі жанында 44 кітап саудасы бөлім­дері жұмыс істейді. Сауда алаң­дары 50 ден 600 шаршы метрге дейін жетеді. Компанияның Алматыда, Астанада, Екібастұзда, Оралда, Атырауда, Қарағандыда, Қостанайда, Өскеменде, Семейде, Зыряновскіде, Таразда, Шымкентте, Павлодарда сауда орындары жұмыс істейді.
Қазақстандық кітап саудасы нары­ғында «Академкнига», «Book­market», «Гулянда» сияқты ойыншылармен қатар, ресейлік «Книжный город» бәсекеге түсуде. 2008 жылы Алматыда Bookmark жаңа кітап дүкені, сол жылдың желтоқсан айында сауда алаңы 1000 шаршы метрден асатын, тағы бір аса ірі «Книжный город» дүкені ашылды. 2009 жылдың көктемінде «Книжный ОСТА» дүкені мен 700 шаршы метр­ден сау­да алаңы бар, 60 мыңнан аса атаулы кітап ассортиментін ұстап тұра алатын «Гулянда» дүкендері нарыққа шықты. Дүкенге сатып алушыларды тарту мақсатында интернет-кафе, балалар ойнайтын алаң ашылған. Жоғарыда аттары аталған кітап саудасы компанияларының Астана мен облыс орталықтарында сауда нүктелері бар. Соның бірі – Қара­ғанды қаласын алсақ, бұл өңірде сатып алушылар бел­сенділігі ерекше жоғары, бұл қалада кітап саудасы жүйесі жақсы дамыған, кітап саудалаушылар арасында өзара бәсекелестік бар. «Экономик’С» кітап саудасы фирмасы 1992 жылдан бері ресейлік және қазақстандық баспалардан шыққан кітаптарды таратуға маманданған. Олар Қа­зақ­­станда бірінші болып іскер­лік тақырыптағы кітаптарды та­­ра­туға кіріскен, қазіргі кезде «Эко­но­мик’С» кітап дүкенінің ас­сор­тиментінде Ресейдің, Қазақ­станның және ТМД елдерінің баспаларынан шыққан іскерлік та­қы­рыптағы және аударма әде­биет­­терінің толық жиынтығы бар. Бү­гінгі таңда олардың Астанада, Ақтөбеде және Қызылордада филиалдары жұмыс істейді.
Қазақстанның көптеген қа­лала­рына ресейлік кітап өнім­дері Алматы арқылы емес, жақсы реттелген жеке арналар арқылы таратылады. Мысалы, Қостанайға ресейлік кітаптар Челябі және Екатеринбург қалаларынан жет­кі­зіледі. Атырауға – Астрахань, Петропавловскіге – Омбы арқы­лы, Павлодар, Көкшетау, Семей, Өскемен, ішінара Қарағанды қалаларына Новосибирск арқылы жеткізіледі. Астанадағы кітаптар­дың көпшілігі Екатеринбург ар­қылы әкелінген. Алматыдағы кі­тап саудасы компаниялары тіке­лей Москва, Новосибирск қала­лары арқылы жұмыс істейді. Мысалы, «Экономик’C» компаниясы іскерлік тақырыптағы, оқу, компьютерлік тақырыптағы әдебиеттерді 35-тен аса ресейлік басылымдар арқылы жеткізеді, сонымен бірге ресейлік он ірі баспаның бірі «Эксмо» баспасы­ның осындағы өкілі болып табылады. «Алматыкiтап» дүкені ірі көтерме сауда «Книжный клуб 36,6» компаниясымен бірлесіп жұмыс істейді, ал «Эврика» дүкен­дер жүйесі кейбір ресми емес мәліметтерге қарағанда «Гулянда» сауда үйі Новосибирскідегі көтер­ме және жеке дара кітап саудасымен айналысатын, өз саудасын лоток желісі арқылы бастаған «Топ-книга» ірі компаниясымен жұмыс жасайды.
Кейінгі бір жылдары Алматы қала­сы бойынша кітап нарығын зерттеу мақ­сатында талдау жасалып, жоғарыда ай­тылған кітап саудасымен айналысатын ме­ке­мелер­дің қызметкерлері сұрас­ты­рылды. Мысалға, «Алма­ты­кі­тап» кітап дүке­нінде – көбіне­се қа­зақ­­стандық кі­тап­тар басым, ол 55 пайыз құрайды, қал­­ған­­ 45 пайызы ресейлік кітаптар. Кітап өнімдерінің бағасы жыл сайын біраз ғана кө­терілген. Қыз­мет­кер­лерінің айтуы бойынша оқырмандар кө­бінесе балаларға арналған және көркем әдебиетті, оқулық­тарды сатып алады. «Гулянда» кітап дүкеніне келсек, осы дүкен қызметкерлерінің пайымдауы бойынша көбінесе шетелден келген кітап өнімдері басым, 75 пайыз құрайды, демек қазақстандық кітап өнімдері – 25 пайыз және оқырмандар негізінен анықтамалық, көркем әдебиеттер мен оқулықтарды сатып алады. Кейбір кітап өнімдерінің бағасы жылдан–жылға өсіп келеді. Келе­сі «Экономик’С» кітап дүкенінде қазақстандық басылымдардың бар­лық өнімдерінің 30 пайызын құрайды, ал қалған 70 пайыз кітаптар Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан әкелінген. Оқырмандар негізінен көркем және балалар әдебиетін, оқулық­тарды сатып алады. «Эврика» кітап дүкені қызметкерлерінің ай­­ту­ынша, ресейлік кітаптар басым және 70% құрайды, демек, қа­зақ­стандық кітап өнімдері 30 пайыз. Оқырмандар негізінен балаларға арналған және көркем әдебиет алады. Кейінгі жылдары кітап өнімдерінің бағалары көтерілгені байқалады. «Академкнига» кітап дүкенінде жоғарыда айтылған кітап дүкендерімен ұқ­сас жағдай. Көбінесе ресейлік кі­тап өнімдері басым, 85 пайыз құрайды, ал қазақстандық кітап өнімдері небәрі 15 пайыз. Оқыр­мандар негізінен оқулықтар мен анықтамалық, көркем әде­биет­терді сатып алады.
Осындай көрсеткіштерге қа­ра­мастан, қазақстандық әдебиет бө­лігі біздің дара кітап саудасында өсіп келеді. Кітаптардың барлық түрлерінің ішінде 20 пайызы қазақстандық әдебиетті құрайды, ал балалар әде­биеті одан көбірек. Тағы айта кете­тін жағдай, кітап сату барысында да қазақстандық әдебиет 20 пайыз құрай­ды, бес жыл бұрын қазақстандық әдебиет 5-ақ пайыз құраған. Қазіргі жағ­дай кітаптардың сатылып кетуі­не және сөрелерде қалмауына ай­ғақ болады. Егер баспалар кітап нарығы сұранысын бақылап отырса, жақын аралықта қазақстандық әдебиет 30 пайыз құрайды, ал қолайлы болжамда 50 пайызға дейін көтерілуі мүмкін.
Тағы бір ділгір мәселе – ха­лықтың кітапқа деген ынта-ықы­ласына дем беру. Бұл мақсатта отандық білім мен ғылымның қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалым Мұтанов­тың «100 кітап» атты бастамасы ел көлемінде қолдау тауып отыр­ға­нын атап өткеніміз ләзім.

Қоңыр Мұқатаева,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ доценті


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру