Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Пошта мерекесі

Алматыда жыл сайынғы дәстүрлі пошта күні аталып өтті. «Қазпошта» АҚ бөлімшесінде «Алматы почтамты» филиалының ұйымдастыруымен «Жазылушы күні – 2019» атты шара барысында қонақтарға әртүрлі газет пен журналдар тегін үлестірілді. Сонымен қатар шара аясында басылымға жазылған оқырмандар арасында лотерея ойнатылды.

«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» пош­ташылардың төл мерекесі. Адаммен бірге жаралған ақпарат беру, хабар алмасу, сәлемдеме, хат тасымалдау секілді қызметтің бұл түрінің тамыры тереңде жатыр.
Қазақ жерінде де поштаның өзіндік дәстүрлі тарихы бар. Ресми түрде пошта бөлімдері ашылмаған тұста да қазақ даласының о шеті­нен бұ шетіне хабар жеткізетін арнайы қызметкерлер болыпты. Жаушы, елші дегендердің жолға шыққандағы мақсаты жаулас­тыру, не елдестіру болғанымен, бұл мақсаттың түп-төркінінде бір жерден екінші жерге ақпарат жеткізу мұраты тұрған. Мысалы, Әбілқайыр хан мен Әйтеке би саяси шаралар кезінде белгілі бір міндеттер атқаратын, сол заманның хабаршылары – жаушылар ұстаған.
Биылғы Жазылушылар күні «Қазпошта» АҚ-ның 25 жылды­ғы­на арналды. Шараға келушілер­ге мерзімді басылымдардың көр­ме­лік стендтері мен жаймалары ұсынылды. Дәл осы күні оқыр­мандар газет-журналдарға 15 пайыздан 50 пайызға дейін­гі жеңілдікпен жазылуға мүм­кіндік алды. Келушілер жаңа басы­лымдар­мен танысып, газет-журнал қызметкерлерімен, белгілі қаламгерлермен жүздесіп, риза­шы­лықтары мен ой-пікірлерін жеткізді. Сонымен бірге дәл осы жерде рәсімдеген басылымға жазылу қағаздары бойынша ұтыс ойын­дары өткізіліп, жеңімпаздар түр­лі заттай сыйлықтарға ие болды.
Қазақстанда ресми пошталық байланыс бөлімшесі алғаш рет 1860 жылы Верныйда (Алматы қаласы) ашылды, ол көп ұзамай пошта-телеграф кеңсесі болып қайта құрылған. Ал 1883 жылы оған 14 пошталық байланыс бөлімшесі бағынатын болған. Кейін Сырдария облысының Тәшкенттегі пош­та кеңсесіне бағынатын Перовск қалалық пошта бөлімшесі, Ростов телеграф округінің Нарынқұм теміржол бекетіндегі Нарынқұм (хан ордасы) пошта бөлімшесі, Орал губерниялық пошта-телеграф кеңсесі, Петропавл уезінің Петропавл пошта бөлімшесі және басқалар ашылды.
Төңкеріске дейін Қазақстан аумағында барлығы 250 пошта-телеграф кәсіпорны болды. Олар шенеуніктер мен жандармерияға және жергілікті ақсүйектерге қызмет етті. Шалғай ауылдарда пошта сирек кездесетін болған. Жергілікті жерлерде пошта ашу үшін тұрғындар үш жыл бойы поштаны өздері тегін тасуға, баспанамен және керек-жарақтармен қамтамасыз етуге, көбіне пошта қызметкерлерінің штатын өздері ұстауға міндеттеме алатын болыпты.
Пошта байланысының арзан болуы үшін пошта идарасы (атты пошта бекеттері) және болыстық басқарма жанында қосымша пункттер ашты. Ондай пункттерде пошта жұмыстарын жүргізу болыстық старшиналар мен писарьларға жүктелді. Атты-пошта даңғыл жолдарының жалпы ұзындығы 20 мың шақырым шамасында болды.
Бірінші дүниежүзілік соғыс Ресей империясының пошта шаруашылығына үлкен зиян тигізсе, азамат соғысы және бас­қыншылық жылдары ол барынша әлсіреді. Елдегі хат-хабарлар тасымалдау жүйесі бүлінді. Жергілікті өзін-өзі басқарудың жойылуы даңғыл жолдар бойымен пошта тасу санын азайтты, пошта бекеттері іс-жүзінде барлық аттарынан айрылды.
Ұлы Отан соғысы пошта алдына барлық жағдайда армияда, тылда, майдан мен тыл арасында сенімді және тұрақты байланыс орнату туралы қиын да, жауапты да мәселе қойды. Көптеген білікті байланысшылардың армия қатарына алынуына байланысты соғыстың бастапқы жылдары пошта үшін аса ауыр болды.
1950 жылы республикада 2438 пошта кәсіпорны болды. Ал­пысыншы жылдардың ортасында Қазақстанда толық қанды қызмет көрсететін 4000 байланыс бөлімшесі жұмыс істеді.
Бұл мереке ақпарат пен элек­троника дәуірінде де қағазға ба­сылған газет-журналдарға деген оқырман сұранысы ешбір төмендемейтінін тағы бір көрсетті. «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарас­ты алты басылым – «Ана тілі», «Теңге монитор», «Ұйғыр авази» газеттері және «Ақиқат», «Мысль», «Үркер» журналдары алдағы жылы да өз оқырмандарының сенімінен шығуға күш салмақ.
Қазақстан тәуелсіздік алып, егеменді ел болғаннан кейін сала­дағы жағдай күрт өзгерді. 1992 жылдың жазында еліміз Бүкіл­әлемдік пошта одағына мүше болып кірді.
Жалпы Бүкіләлемдік пошта мерекесі 1969-шы жылы Токиода өткен Дүниежүзілік пошта одағының XVI конгресінің шешімі бойынша өткізіледі. Қазір қызмет көрсететін байланыс түрлерінің арасында бәрінен бұрын пошта пайда болған. Бүгінде ол, тіпті телефон желісі мен электр қуаты жетпейтін елді мекендерге де, яғни бүкіл әлемге дерлік жайылған.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру