Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Салалар өсімді қамтамасыз етеді

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджетті атқарудың қорытындысы қаралды. Сондай-ақ Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын орындау мен Жекешелендіруді жүргізу барысы талқыланды.

Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстан экономикасы өсімнің оң қарқынын сақтап, есепті кезеңде ІЖӨ өсімі 4,1%-ке дейін артқанын атап өтті. Базалық салалардың ішінде сауда мен құрылыс серпіні қалпына келіп, өсімнің үдеуіне негізгі үлес қосқан. Сондай-ақ инфляциялық қысымның жеңілдеуі және инвестициялық сұраныстың артуы экономикалық белсенділіктің импульсі болуда. Қазір инфляция деңгейі 5-7% дәлізі шегінде сақталып отыр. Бұл ретте жылдық инфляция – 6,1% құрады.
ҰЭМ деректері бойынша, кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігінің жоғары көрсеткіші сақталуда. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 21,6% өсіп, оның көлемінде 12 өңір өсім көрсетті. Тоғыз айда өнеркәсіп өндірісінің өсімі 4,8% құрады. Өңдеу өнеркәсібі бойынша өсім 5,1% болды. Бұған қол жеткізу түсті металдар өндірісінің – 4,5%, мұнай өңдеу өнімдері өндірісінің – 7,5%, химия өнеркәсібі өндірісінің – 8,2%, қағаз және қағаздан жасалған өнімдер өндірісінің – 9,2%, жиһаз өндірісінің – 5,1%, сондай-ақ машина жасаудағы өнім шығарудың – 14,5% артуына негізделген. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өсім қарқыны 4,9% құрады. Осы жылдың өткен айымен салыстырғанда көмір, лигнит және мұнай өндіру көлемінің өскені байқалады.
«Құрылыс саласында 4,4% өсім белгіленген. Өсімнің жылдамдауы тұрғын ғимараттарды, өнеркәсіптік нысандарды, нөсерлік кәріз жүйесінің магистральді коллекторларын салу, автокөлік жолдарын реконструкциялау, МӨЗ-ді жаңғырту жұмыстарының ұлғаюымен байланысты», деді Т.Сүлейменов. Бұдан өзге, қызметтер көрсетуде 3,9% қалыпты өсу байқалды. Бүгінгі күні белгіленген кестелерге сәйкес мұнай мен металл жөнелту, астық, жабдықтар, фармацевтика және басқа да өнімдерді сату қарастырылған. Сондай-ақ сыртқы сауда айналымы тұрақты өсім қарқынын сақтап тұр: сегіз айда өсім 21,6% құрады. Экспорт 28,2%, импорт 10,8% артты. Еңбек нарығында да тұрақтылық сақталған. Жыл басынан бері 414,5 мың адам жұмыспен қамтылды. «Қыркүйекте экономиканың 6% өсуінің арқасында, жыл қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімін 4+ деңгейінде сақтауға жол ашылды. Бұл үшін 4 тоқсанда экономика дамуын кем дегенде 3,9% қамтамасыз етуі қажет», деді Т.Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев инфляцияны басқарудың тиімділігін арттыру мен оны 2019 жылдың мақсатты дәлізінде сақтау үшін қазірден бастап шаралар қабылдау қажеттігін айтып өтті. Сондай-ақ ол Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 9%-тен 9,25%-ке дейін арттыру туралы шешімін хабарлады.
Қаржы министрі Ә.Смайылов биылғы 9 айда трансферттерсіз мемлекеттік бюджет кірістерінің өсімі былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе артқанын жеткізді. Шығыстар былтырғы жылмен салыстырғанда 0,2 проценттік тармаққа артық болған. «Республикалық бюджеттің кірісіне 4066 млрд теңге түсті. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 131 млрд теңгеге немесе 103,3%-ке артық. Өсу қарқыны өткен жылдың 1 қазанымен салыстырғанда 119,5% немесе 662 млрд теңгені көрсетті. Оның ішінде шикізаттық емес кірістер 501,4 млрд теңгеге артты», деді Ә. Смайылов. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2018 жылға арналған республикалық бюджетте 476,3 млрд теңге көзделген. 294,9 млрд теңге немесе есепті кезең жоспарының 99,6% игерілді. Жылдық жоспар бойынша игеру 61,9% құрады. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірлерге бөлінген қаражаттың игерілуі республика бойынша қарағанда біршама төмен.
Отырыста Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылу барысы туралы Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниев, энергетика бірінші вице-министрі М.Досмұхамбетов баяндады.
Халықтың тұрмыс сапасы мен деңгейін арттыру – жалпыұлттық басымдық. Бұл бағыттағы Мемлекет басшысының әрбір бастамасы қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Үкімет басшысы «Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру барысын қарастыру қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Отырыста қаржы министрі Ә.Смайылов пен ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов жекешелендіруді жүргізу барысы туралы баяндады.
Қаржы министрлігінің мәліме­тіне сәйкес, қазіргі уақытта Жекешелен­дірудің кешенді жоспарының 887 нысанының 524-і сауда-саттыққа шығарылып, олардың 444-і сатылды. 287 нысан қайта ұйымдастырылу және таратылу сатысында. 12 нысанды жекешелендіру тізбесінен алып тастау туралы Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі қабылданды. «Қайта ұйымдастырылатын және таратылатын нысандарды қоса есептегенде, Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы бүгінде 83,7% құрайды», деді Ә. Смайылов.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша, Премьер-министр Б.Сағынтаев жалпы нысандардың сатылымы кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты. Дегенмен, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен холдингтер кейбір нысандарды жекешелендіру мерзімдеріне назар аударып, олардың сатылымға шығарылуын жетелдетуі керек. Сондай-ақ Президент тапсырмасына сәйкес, жекешелендіру мемлекет үшін барынша тиімді болуы тиіс.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру