Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

«Бейнеу–Бозой– Шымкент» құбырының өтімділігін ұлғайту көзделеді

Қазақстан келер жылдан бастап өзінің Қытайға жіберетін газ экспортының көлемін 5 миллиард текше метрден 10 миллиард текше метрге дейін ұлғайтып, 2 миллиард доллар көлемінде пайда таппақ.

Еліміздің «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы Қытай­дың PetroChina International Company Limited компаниясымен осы туралы келісім жасасқанын хабарлады. Газ экспортын екі есеге арттыру Президенттің елдің транзиттік потенциалды дамыту стратегиясы мен екі ел басшыларының келісімдері арқасында жүзеге асырылмақ. Жақында жоғары технологиялық 3 компрессорлық стансаны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының өтімділігін 10 миллиард текше метрден 15 миллиард текше метрге дейін ұлғайтуға септігін тигізбек.
Бүгінгі таңда кез келген адам­ның күнделікті өмірі үшін ең қажет энергетика түрлері газ бен электр энергиясы екені белгілі. Тұрмыс жағдайында олардың маңызы кәдуілгі мұнайдан әлде­қайда зор. Өйткені бұл шикізатты адамдар сол күйінде үйлерінде тұтынбайды. Қарапайым түсінік бойынша, мұнай деген нәрсе, ең алдымен, бензин өндіру үшін қажет деп есептеледі. Ал осы жағармайдың үй ішіндегі тұрмыс үшін тікелей қажеті жоқ.
Газ бен электр энергия­сы­ның жөні басқа. Олар қай үйде және қай отбасында болса да күнбе-күн қажет. Газ тамақ пісіру және көп жағдайда үйді жылыту үшін пайдаланылады. Яғни бұрындары пеш-ошаққа қатысты болған бүкіл қажеттікті атқара алады. Ал электр энергиясы дегеніміз күн батқан кезде жарық беріп қана қоймайды. Ол өз қуатымен бүкіл электрлік тұрмыстық құрал мен жабдықты жұмыс істеткізеді. Демек, газ бен электр энергиясының маңызы экономикалық жағынан алғанда ғана емес, әлеуметтік жағынан алғанда да өте зор. Сондықтан еліміздің өзін-өзі энергетиканың осы екі түрімен қамтамасыз ету жағдайының қазіргі уақытта қандай күйде екені кімді де болса бейжай қалдырмайтын болса керек.
Бірден айтарымыз, бүгінгі Қазақстан өзі үшін жеткілікті болатындай ауқымда газ бен электр энергиясын өндіре алады. Және өндіріп те жатыр. Бірақ, өкінішке орай, осы уақытқа дейін газ бойынша да, электр энергиясы бойынша да импортқа немесе шетелден сатып әкелуге тәуелділік сақталып отыр.

Ал бұл жағдай Қазақстанның бір­қатар аймақтарында халық өзі тұ­тынатын энергетиканың осы екі ма­ңызды түрінің құнын ел ішінде емес, басқа мемлекеттерде қалыптасатын баға негізінде төлеуге мәжбүр дегенді білдіреді. Бұндайда ақы негізінде өзіміздегі орташа ақыдан жоғары болады. Газ бойынша да, электр энергиясы бойынша да ішкі өнім көлемі үздіксіз ұлғайып жатқанымен, осын­дай жай-күйдің сақталып қала беруі қынжылтады.
Соңғы кезге дейін елдегі ішкі тұтыныс үшін жеткілікті көлемде өндіруге қол жетпей жүрген газдың өнімдік көрсеткіші тез өсіп келеді. 2002 жылдың аяғына дейін Қазақстанда тұтынылатын «көгілдір отынның» жалпы көлемі осы шикізаттың елде шығарылатын жалпы көлемінен аз болған. Тек 2003 жыл барысында барып біздің мемлекет газ тұтынысы көрсеткіші мен газ өнімі көрсеткішінің паритетіне, яғни теңелуіне қол жеткізді. Бұл екеуі сол уақытта 15,5 млрд. текшеметр деңгейінде өзара теңесіпті. Одан соң Қазақстан газды, қатысты түрде, нетто-экспортерге, яғни жалпы есеп бойынша осы шикізатты сырттан сатып алудан гөрі сыртқа көбірек сататын мемлекетке айналды.
Содан бергі кезеңде газ өндіру көлемі біраз ұлғайды. Ал оны тұтыну көрсеткіші аз-маз ғана өсті. Мәселен, ол 2016 жылы 13,1 млрд. текшеметрді, 2017 жылы 13,2 млрд. текшеметрді құраған. Ал газды өндіру көрсеткіші болса сол уақытта қарыштап өскен. Өткен 2017 жылы «көгілдір отын» шикізаты өнімінің көлемі 14,1%. % ұлғайған. Бұл дегеніңіз – 52,9 млрд. текшеметр. Қазір келіп түсіп жатқан мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда газ өндіру көлемі 2018 жыл барысында негізінен 2017 жылғы деңгейге сай болып қала берген. Бұның өзі бәрібір ішкі тұтыныс көрсеткішінен әлдеқайда көп. Дегенмен, еліміз әлі күнге дейін өз азаматтары пайдаланатын газдың біраз бөлігін сырттан сатып әкелуге мәжбүр.
Мәселен, кейінгі кезге дейін тұрғындары елдегі халықтың 40 пайызына жуығын құрайтын оңтүстік аймақта – Алматы қаласында және Оңтүстік Қазақ­стан, Жамбыл, Алматы облыстарында – тұтынылатын «көгілдір отын» негізінен Өзбек­станнан алынып келді. Оның беріліп тұруы жағдайы мен бағасының тұрақ­сыздығы кейде біраз қиындықтар туғызып тұрады. Әрине, егер сол оңтүстік аймақты түгелдей отандық газ есебінен қамтамасыз ету мүмкін болса, бұндай мәселеге бас ауыртудың қажеті болмас еді. Оны шешудің екі жолы бар.
Біріншісі – жергілікті мүмкін­дікті пайдалану. Ол импорттық газға деген тәуелділікті біраз қысқартуға жол ашады.
Екіншісі – оңтүстік аймаққа солтүстік жақтан өз елімізде өндірілетін газды жеткізіп беретін құбыр тарту.
Осы екі амалдың біріншісі қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр. Айтқалы отырғанымыз – Жамбыл облысында орналасқан Амангелді газ кенішін игеру барысы. 2001 жылы жүргізілген бұрғылау жұмыстары ондағы қор көлемінің 51 млрд. текшеметрге дейін жететінін көрсеткен. Бұл кенішті игеруді басында қолға алған «Қазмұнайгаз» мамандары бастапқыдағы өнім жылына 1 млрд. текшеметрге жуық болады деп күткен. Бүгінде қолдануға тапсырылған ұңғылардан біраз газ өндіріледі. Соңғы жыл барысында қол жеткен өнім өсімінің біраз бөлігі сол ұңғылар басында жүзеге асырылған өзгерістер арқасында мүмкін болды. Нәтижесінде оңтүстік аймақтағы газ импортына деген деген тәуелділікті қысқартуға біраз көмек болды.
Бірақ мәселені түбегейлі шешу үшін жоғарыда аталған амалдар­дың екіншісі де орындалуға тиіс. Солтүстік жақтан оңтүстікке газ құбырын тарту жобасын жүзеге асыру үшін біраз қаражат керек. Дегенмен, мәселе шешуін тапса керек. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры қазірдің өзінде пайдаланылып жатыр. Оның бірінші сатысы 2013 жылы аяқталады деп жоспарлаған болатын. Жылына 10 млрд. текшеметр табиғи газ жеткізе алатын қуаты бар екінші сатысы 2016 жылы аяқталуға тиіс болатын. Бірақ бұл шаруа белгіленген мерзімінен бұрын орындалды. 2015 жылы қараша айының 23-і күні құрылысы содан 5 жыл бұрын басталған «Бейнеу–Бозой–Шымкент» газ құбыры желілік бөлігінің салынып бітіп, іске қосылғаны жария етілді. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты шара барысында сөз алған «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Қайрат Шәріпбаев былай деді: «Бейнеу–Бозой–Шымкент» газ құбырын толық пайдалануға беру өзінің маңыздылығына қарай зор оқиғаға айналып отыр. Ол Қазақстанның аумағы бойынша кез келген бағытта газ тасымалдауды әртараптандыруға және импорттық газға деген тәуелділікті толық болдырмауға кепілдік береді. Жалпы, «ҚазТрансГаз» транзиттік әлеуетті арттыру және энергия ресурстарын тасымалдау жөнінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауды жүзеге асыруды жалғастыра береді».
Ал сол жердегі жиын барысында өз кезегінде сөз алған Маңғыстау облысы әкімінің сол кездегі бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев өңірдің ірі өндірістік аймақ болып саналатындығын тілге тиек етіп, тұрақты экономика өсімін қамтамасыз ету үшін өнеркәсіптің іркіліссіз жұмыс істеуіне жағдай жасау қажеттігі күн тәртібінде үнемі тұратындығын айтты. Аймақта 2015 жылдағы қаңтар-қазан айлары барысында газ өндіру қарқыны күннен-күнге артып отырғанын атап өтті. Облыста газ өндіретін «Шағырлы-Шөмішті» және «Қансу» жаңа кен орындары іске қосылған екен.
«Өңірде Мемлекет басшысы Н.Назар­баевтың «Нұрлы Жол – бола­шаққа бастар жол» бағдар­ламасы бойынша көптеген жобалар жүзеге асуда. Оның ішінде «Бейнеу–Шалқар–Жезқазған» теміржолы, «Бейнеу–Шетпе–Ақтау» күрежолының салынуы көп нәрсені білдірсе керек. Сондай атқарылған жарқын істің бірегейі – «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральды газ құбырының ел игілігіне берілуі тұрғындарға жасалған нағыз қамқорлықтың шынайы көрінісі. Және де Бейнеу ауданы тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге барынша ықпалын тигізеді», – деп сөзін түйіндеді Сүйіндік Алдашев әлгі жерде.
«Бейнеу–Бозой–Шымкент» ма­гис­трралінің ұзындығы 1475 шақы­рымды құрайды. Бұл газ құбыры 577 елді мекенді «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Оның 230-ы Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Аталмыш елді мекендердің бір бөлігі бұрын ешқашанда газдандырылмаған. Екінші бөлігі көгілдір отынды әзірше Өзбекстаннан алып отырған. Осы магистральдің іске қосылуымен Қазақстан толықтай отандық газға өте алады.
Бір қызығы, осы оңтүстік аймақ­тағыдай жағдай өз газы жетіп артылатын Батыс Қазақстан облысында да қалыптасқан. Бұнда еліміздегі бүкіл «көгілдір отын» қорының 4/1 немесе 25 процентке жуығын қамтитын Қарашығанақ кеніші орналасқан. Ондағы жер қойнауында газдың көлемі 452 млрд. текшеметрден 1,3 триллион текшеметрге дейін жететін көрінеді. Бұны аз десеңіз, сол Батыс Қазақстан облысының үстімен өтетін және түрікпен мен өзбектің «көгілдір отынын» Ресей жаққа қарай тасымалдайтын «Орта Азия-Орталық» халықаралық магистральдік құбырдың да бар екенін еске салайық.
Дегенмен, бұл өңірдің халқы Ресейден импортталатын газды тұтынады. Бірақ Батыс Қазақ­стан облысында оңтүстік аймақ­тағыдай «көгілдір отынның» уақтылы беріліп тұруы мен оның бағасының тұрақты болуына қатысты әзірге айтарлықтай мәселе жоқ. Қазақстан газын бірлесіп игеру туралы келісімдерден соң, Батыс Қазақстан облысындағы осы қолайлы жағдай әрі қарай сақтала беретін шығар. Бұл жердегі мәселенің кілті мынада. Осы күнге дейін бұл облыс өз жерінде өндірілетін газды алдымен өңдеуге Орынбордағы «Оренбурггазпром» өндірістік бірлестігіне жібереді, сонан соң оны кейін сатып алады. Яғни, шындығында, бұндағы халықтың тұтынатын газы – Қазақ­станның газы. Сондықтан да оның беріліп отыруы – тұрақты, ал баға­сы – айтарлықтай төмен.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру