Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Шағын несие зор мүмкіндіктерге бастайды

Елбасы белгілеген бастамалардың бірі – «Шағын несие беруді көбейту» ауыл-аймақтарда кәсіпкерлікті дамыту мен тұрғындардың жұмыспен қамтылуына зор жеңілдіктер әкелері белгілі. Осы мақсатта «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша елді мекендер мен шағын қалаларда бизнес-жобаларды іске асыруға микрокредиттер беру жұмыстары жүргізілуде.

 

Аталған мақсаттар үшін биыл 44,7 млрд теңге бюджеттік несие, соның ішінде төртінші бастама бойынша 13,9 млрд теңге қосымша қаржы бөлінген. Несие жұмыссыздарға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, бастауыш кәсіпкерлерге, ауылшаруашылық кооперативтеріне, зәкірлі қауымдастықтар мүшелеріне беріледі.

 

Зәкірлі қауымдастық ауыл­шаруашылық өнімдерінің өндірісін ұлғайту және өнімдерді сатуды қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешеннің ірі және жүйелік ауылшаруашылық кәсіпорындарымен шағын және орта кәсіпорындардың серіктестігі болып табылады. Зәкірлік қауым­дастықты дамыту үшін кредит пен микрокредиттің максималды сомасы – 12 млн теңгені, басқа салаларда – 6 млн теңгені құрайды. Несие мерзімі – 7 жылға дейін белгіленіп, сыйақы мөлшерлемесі – жылына 6% болады. Берілген микрокредиттердің кепілдік қамта­масыз ету проблемасын шешу үшін олардың жартылай кепілдік шаралары қарастырылған.
Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәліметінше, қарыз алушыларды қаржыландыру микроқаржы мекемелері арқылы да жүзеге асырылады. Осыған байланысты соңғы қарыз алушыға пайыздық мөлшерлемені жылына 6%-ға дейін төмендету үшін микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) операциялық шығындарын субсидиялауға арналған құрал енгізілген. Субсидияның мөлшері МҚҰ шы­ғарған микроқаржыландыру заемдарының көлемінің 10%-ын құрайды. Микроқаржы ұйымдары толық игеру нәтижелері бойынша бағдарлама есебінен берілген микрокредиттер көлемінің 10% мөлшерінде жылдың соңында біржолғы грантпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ министрлік «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге бизнес дағдыларын үйрету бойынша «Бастау-Бизнес» жобасын жүзеге асыруда. Ол бойынша қатысушы тегін оқытылып, стипендияға ие болады. Тестілеуден өткен қатысушыларды оқытуды Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізеді.
Биылға бөлінген қаражат есебінен 11 000 микрокредит беру, оның ішінде 2200-ін стартап жобаларға беру көзделген. Сонымен қатар 30 000-ға жуық бастаушы кәсіпкерлерді оқыту жоспарлануда, ал олардың кем дегенде 20%-на кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру үшін микрокредит берілетін болады. Ағымдағы жылғы 12 қазандағы жағдай бойынша 8 113 микрокредит берумен республика бойынша игеру 28,6 млрд теңгені құрады.
Министрлік алға тартқан ақ­парат бойынша, «Еңбек» бағдар­ла­масындағы несие шарттарын өзгертуге байланысты, қаржылан­дыру биылғы жылдың мамыр айының ортасында басталған. Осы ретте 6 154 стартап жобасын іске асыру үшін 20,0 млрд теңгені құрайтын кредиттер берілді, 19 382 адам оқытудан өтті. Оның ішінде 4 149 адам 14,0 млрд теңге сомасында микрокредиттер алды. Биыл несие алған 4149 адамның 883-і оқытудан былтыр өткен, ал ағымдағы жылы 3 266 адам оқытылған. Сондай-ақ 883,4 млн теңге микрокредиттер сомасына 280 кепілдеме берілді.
Қазіргі уақытта несиелерге өтінімдердің басым бөлігі кредиттеу ұйымдарында қаралуда. Жыл аяғына дейін барлық қаражат бөлініп, жоспарланған көрсет­кіштерге қол жеткізілмек.
Жалпы, өткен жылы микрокредит беруге 27,1 млрд теңге бөлініп, олар толығымен игерілді. 3 966 стартап жобаларды іске асыруға 15,2 млрд теңге берілген. Бұл бағытта ауыл тұрғындарын микрокредиттеу және «Бастау-Бизнес» жобасының аясында оқыту жұмыстары жоспарға сәйкес жалғаса береді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру