Қазіргі шынайылық кәсіпорындардағы жаңғыртуды, бәсекеге қабілетті өнім шығаруды көздейтін тиімді құралдардың қажеттігін үнемі ескертеді. Осы секілді еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының қуаттылығын қайта құру әлемдік талаптарға сай келетін отын түрлерін шығаруға жол салды. Бұл ретте отандық мұнай өнімдерінің тың сипаты мен сапасы туралы еліміздің ірі жанар-жағармай құю желісі – «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС бас директоры Қуандық Құлмырзинмен әңгімелескен едік.
– Қуандық Сағындықұлы, жаңғырту жобаларынан кейін қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы жаңа деңгейге көтерілді. Енді ішкі нарық әлемдік экологиялық стандарттарға сай сапалы жоғары октанды жанармаймен толық қамтамасыз етілуде деп айта аламыз ба?
– Еліміздегі іргелі үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобалары Қазақстанды индустриалды-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүргізілді. Ауқымды жаңғыртуларды жүзеге асырудағы басты мақсат – отандық мұнай өңдеу зауыттарын заманауи әлемдік стандарттарға жауап беретін деңгейге жеткізу. Көзделген меже бойынша кешенді іс-қимылдарды атқарудың арқасында алғаш рет базалық мұнай химия шикізаты – бензол мен параксилол өндірісі бір ізге қойылды. К4/К5 экологиялық санаттағы жоғары октанды бензиндер өндірісі артты. Кедендік одақтың Техникалық регламентінің талаптарына сәйкес кластары К4/К5 экологиялық таза дизель отынын 100% өңдеуге қол жеткізілді.
Қазіргі таңда отандық зауыттар шығарып отырған жанар-жағармай пайдаланылуы жағынан да, экологиялық қауіпсіздігі жағынан да жоғары көрсеткіштерге ие. Осының нәтижесінде автокөлік құралдарының қозғалтқыштары жұмыс істеп тұрғанда бөлінетін зиянды заттардың көлемі айтарлықтай азайды. Сонымен, барлық үш МӨЗ-де ауқымды жобалар аяқталғаннан кейін Қазақстанның ішкі нарығы әлемдік стандартқа сәйкес келетін бензинмен, дизельмен және авиакеросинмен толығымен қамтамасыз етілетін болады.
– К4/К5 экологиялық санатына сәйкес келетін жанармайдың техникалық сипаттамасына толығырақ тоқталып өтсеңіз. Сонымен қатар шикізатты тереңдетіп өңдеу өнім бағасына қаншалықты әсер етті?
– «Экологиялық класс» ұғымы – ол «Автомобиль мен авиация бензиніне, дизель және кеме отынына, реактивті қозғалтқыш отыны мен мазутқа қойылатын талаптар туралы» (КО ТР 013/2011) (К2, К3, К4, К5) Кеден одағының Техникалық регламентімен бекітілген жіктелім коды. Ең алдымен ол жанармайдың қауіпсіздігіне талаптарды белгілейді. К2, К3, К4, К5 экологиялық кластарына бөлу пайдаланылған газдың қоршаған ортаға жағымсыз ықпалының деңгейі бойынша анықталады. Код белгісінің артуы жанармайдың барынша жоғары экологиялық сипаттамаларға ие өнімге сәйкес екендігін білдіреді. Мысалы, К4 санатты бензин мен дизель отынындағы күкірт үлесі 50 мг/кг-ден, ал К5-те – 10 мг/кг-ден аспауы тиіс. Яғни, шынайы айырмашылық байқалады. Сонымен қатар класы К4/К5 бензиндерінде бензол мен хош иісті көмірсутектердің үлесі бес есе төмендетілген, бұл пайдаланылған газдарда уытты заттардың болуын азайтуға ықпал етеді. Алдыңғы стандарттарда осы заттардың жол берілген көлемі күйіктің пайда болуына әкеліп, бұдан жану процесіндегі бұзушылықтарға байланысты жанармай шығынын арттырған еді.
Әлбетте, экологиялық класы К4/К5 жанармайды өндіруге ауысу – ЖЖМ бағасын белгілеуге ықпал ететін негізгі фактор. Бұл ретте бағаның қымбаттауы процессинг мөлшерлемесінің зауыттардың мұнайды өңдеуге тарифінен артуынан орын алды. МӨЗ-дерде жаңғырту жүргізілгеннен кейін процессинг мөлшерлемесі 15%-ке артты, сондай-ақ енгізілген акциз де бағаның өсуіне әсер етті.
– Жалпы, қазіргі күні сатылымдағы жанар-жағармайдың барлығы сапалы ма? Тұтынушылардың шағымы бойынша зертханаларда өнім сапасына сынамалар жиі жасала ма?
– «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС-да мұнай өнімдерінің сапасын тікелей бақылау жүйесі үздіксіз жұмыс істейді, ол жанармай қозғалысының: мұнай базасында мұнай өнімін қабылдаған кезден бастап, оны сақтап, жанармай құю станцияларында босатқанға дейінгі барлық кезеңін қамтиды. Сонымен қатар біздің өндірістік бөлімшелер мұнай өнімдерін қабылдау, сақтау, тасымалдау және босату рәсімдерін сақтау бойынша іс-шараларды тұрақты жүргізіп отырады. Бақылау жүйесімен бірге бұл соңғы тұтынушыға дейін жанармай сапасының зауыттық өлшемдерін сақтауды қамтамасыз етеді. Егер жанармай сапасына шағымдар келіп түссе, мұны тексеру мақсатында компания өкілдері клиенттердің өздерінің қалауы бойынша қатысуымен мұнай өнімдерінің сынамасын іріктейді. Дегенмен, тексеру қорытындысы бойынша шағымдардың көпшілігі негізсіз және орынсыз болып, оларды қарау тоқтатылып жатады. Өйткені, көп жағдайда автокөліктердің істен шығуына машинаны дұрыс пайдаланбау немесе автокөлікке уақытылы техникалық қызмет көрсетпеу себеп болады.
– Мұнай-газ саласында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары, өндірістік және технологиялық тәртіп мінсіз болуы керек. Осы ретте мұнай өнімдерін тарататын мамандардың дайындығын қамтамасыз ету қалай жүзеге асырылуда?
– Компанияда мұнай өнімдерін босататын жұмыскерлерді дайындау, оның ішінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары бойынша аттестаттау Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Мысалы, «Азаматтық қорғаныс туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V Қазақстан Республикасы Заңының 79-бабына сәйкес «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС филиалдарының барлық мамандары, инженерлік-техникалық қызметкерлері мен жұмыскерлері өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама мәселелері бойынша жүйелі түрде аттестациядан өтеді. Барлық филиалдарда жоғары кәсіби мамандар қатарынан тұрақты емтихан комиссиялары жұмыс істейді. Олар өздері де арнайы оқытудан өтіп, ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінде емтихандарды тапсырғаннан кейін компания жұмыскерлерін оқытуға және емтихандар өткізуге құқылы болады.
– ҚазМұнайГаз бүгінде өндірісті автоматтандыруды, трансформациялауды бастан кешіруде. Ұлттық мұнай-газ операторының еншілес компаниясы ретінде «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС-да жүргізіліп жатқан технологиялық процестерді цифрландыру барысы туралы айтып берсеңіз.
– «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС үнемі көрсетілетін қызмет сапасын көтеруге, заманауи технологияларды қолдану арқылы тұтынушымен арадағы қарым-қатынасты барынша ыңғайлы әрі тиімді етуге ұмтылып келеді. Соңғы кездері «ҚазМұнайГаз» ЖМҚС желісінде «Цифрлық жанармай құю станциялары» жобасы кеңінен таралуда. Бұл жаңа цифрлық шынайылыққа бейімделу мақсатындағы тапсырмаларды орындау шеңберінде жүзеге асып отыр. Мұның мәні – клиенттер бүкіл Қазақстан бойынша өз көліктеріне кассирдің қатысуынсыз жанармай құя алады. Аталған инновациялық жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру бойынша міндеттерді шешуге бағытталған. Жобаға қатысу үшін клиент қосымшаны смартфонға жүктеуі және өз нөмірін тіркеп, банктік карта аккаунтына бекітуі қажет. Одан соң «Benzuber» мобильді қосымшасында жүргізуші станцияны, бос отын бағанын, жанармай түрі мен көлемін таңдайды. Сөйтіп, тұтынушыға жанармай құю станциясына келу ғана қалады, мұнда оператор жанармайдың тапсырыс берілген көлемін құйып береді. Сома автоматты түрде алынады, ал егер барлық көлем автокөлікке сыймай қалса, пайдаланылмаған қаражат клиенттің шотына қайтарылады. Бұл цифрлық шешім қашықтан да жұмыс істейтіндігін атап өткіміз келеді. Мысалы, клиент жанармайды басқа қаладағы туысының немесе досының автокөлігіне құюына болады. «Цифрлық ЖМҚС» жобасы жетекші мұнай компаниялары тәжірибесінің синтезін, сондай-ақ банк саласындағы алдыңғы қатарлы технологиялар, классикалық ритейл және электронды коммерция тәжірибесін білдіреді, оған жанармайды бөлшек сауда арқылы сату саласында алғаш қолданылатын соңғы инновациялық шешімдер енеді. Жоба «ҚазМұнайГаз» желісі ЖМҚС-ларында ыңғайлылық пен қызмет көрсету сапасын көтеруге және Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
– Қуандық Сағындықұлы, уақытыңызды бөліп, сауалдарымызға нақты жауап бергеніңіз үшін үлкен рахмет.
Сұхбатты жүргізген –
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ