Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Меже – биік, мақсат – зор

Елдің ілгері озып, аршындап дамуының тетіктерін талдап, бағыттарын нұсқайтын құжаттардың-стратегиялық бағдарламалар мен жоспарлардың және мемлекет басшысының жыл сайынғы Жол­дауларының әлеуметтік-экономикалық өмірде алатын орны ерекше. Үстіміздегі Жолдауда да алда тұрған асқаралы асулар айқындалып, биік межелер белгіленді, еліміз Еуразия өңірінің қаржылық, іскерлік, инновациялық және мәдени орталығы ретінде қалыптасқаны, ал халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жеткені атап өтілді. Соңғы 20 жыл ішінде елімізге 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылды. Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-шы орынға көтерілді.
Бірақ, қол жеткенге тоқмейілсуге еш себеп жоқ. Басты мақсат – елдің тұрмысын, халықтың жағдайын жақсарту. Осы орайда алдағы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіру көзделіп отыр. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлінбек. Осыған орай енді ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды. Ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл экономика ауқымындағы еңбекақы өсіміне дем береді. Бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау үшін ұсынылған «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасының қолданылу мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылып, оны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлу қарастырылатын болады. Бұл 3 жыл ішінде кемінде 22 мың қосымша жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді. Ал, экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін өлшемдер ретке келтіріледі. Сондай-ақ бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғау мақсатында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу ауқымы арттырылады. Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізіледі. Өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән беріледі. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатымен алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлінетін болады. Басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банк кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді көздеп отыр. Ірі әрі серпінді жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік инвесторлармен бірлесіп инвестиция салу қағидаты бойынша жұмыс істейтін шикізаттық емес секторға бөлінетін тікелей инвестиция қорын құру мәселесі қарастырылады. Сондай-ақ, көлік-логистика және басқа қызмет көрсету секторларын ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жандандырылады.
Агроөнеркәсіп кешен әлеуетін іске асырудағы негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту болып табылады. Мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағытталып, икемді де ыңғайлы стандарттарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік мамандарды тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесі пайдаланылмақ. Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесі қалыптастырылып, алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастырылады. Инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді, ең алдымен «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарын ілгерілету қамтамасыз етіледі. Нақты экономиканы өркендету үшін қаржы секторының рөлі күшейтіліп, ұзақ мерзімді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк қаржы секторын және нақты секторларды сауықтыру, инфляцияға қарсы кешенді саясат жүргізу мәселелерін жүйелі түрде қарастырады, оңтайлы шешімдерін іздестіретін болады. Сондай-ақ зейнетақы активтері мен әлеуметтік сақтандыру жүйесінің ресурстарын басқару тиімділігі арттырылып, баламалы қаржы құралдары–құнды қағаз нарығы, сақтандыру және басқа да салалар дамытылады, бизнесті шетел инвестициясымен, капиталға қолжетімділікпен қамтамасыз ету ісінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы маңызды рөл атқаратын болады.

 

Жетпісбай
Бекболатұлы,
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail:
Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру