Валюта бағамы: $ 377.65 427.31 5.87 ¥ 56.25

Кіл жүйрікте кім жүйрік?!

Алматыда жеңіл атлетикадан алғашқы халықаралық жартылай марафон (21,1 шақырым) жарысы өтті. Сайысқа «Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қоры, World Class Almaty фитнес-клубы және Академик Ш.Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры, Алматы қаласы әкімдігі қолдау көрсетті. Жартылай марафонның құрметті серіктесі – EUROPHARMA дәріханалар желісі ұйымдастырған жарысқа Алматы қаласынан бөлек еліміздің бүкіл өңірі мен АҚШ, Франция, Жапония Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінен барлығы
4 000 спортшы қатысты.

 

Ең жүйрік жартылай марафоншы 21 шақырым қашықтықты бағындырған Илья Тяпкин (Қыр­ғыз­стан, Бішкек қаласынан) болды. Ол аталмыш қашықтықты 1 сағат 5 минут және 53 секунд уақытта жетті. Алматылық Ислам Амангос жеңімпаздан 54 секунд уақытқа ұтылып мәре сызығын екінші болып кессе, Ресейдің Берёзовский қаласынан келген Алексей Береснев 1 сағат 7 минут, 15 секунд уақытымен үшінші орынға тұрақтады. Ал әйелдер қатарынан ерлер арасындағы абсолютті чемпионнан небәрі 8 минутқа артта қалған Ситора Хамидова (1 сағат 13 минут, 40 секунд, Өзбекстан, Термез қаласы) жеңімпаз атанды.
«Алматы жартылай марафоны» алғаш рет өтті. Енді ол жыл сайын күзде ұйымдастырылады. Жарты жылдан кейін көктем мезгілінде біз барлық қатысушыларды ондаған мың жүгіруші күтетін шара – «Алматы марафонында» қарсы аламыз. Жүгіру жарыс­тарымыздың бәрі Орталық Азия­дағы ең басты жүгіру жарысына дайындық аясында өтеді», – деді «Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қорының директоры Салтанат Қазыбаева.
Жарыс сөресіне жасы 60-тан асқан 41 қатысушы шықса, олардың 16-сы жартылай марафон қашықтығын еңсерді. Нәтижесінде алматылық Сергей Силин 1 сағат 33 минут, 20 секунд уақыт көр­сет­кішімен үздік атанды. Ал, Азия­ның 7-дүркін чемпионы, таяу­да Малайзияның Джорджтаун қа­ла­сында Азия және Австралия мен Мұхитты аймақтағы мемлекеттер арасында өткен дүбірлі жарыстың 3-дүркін жеңімпазы атанған алматылық Марат Балтабаев жарақатына байланысты 1 сағат 42 минут, 20 секунд уақыт көрсеткішімен алғашқы үштіктің қатарына қосылды.
50-59 жас санатындағылар арасында алматылық Андрей Ухов 1 сағат 25 минут және 33 секунд уақыт көрсеткішімен ешкімге дес бермеді. 35-49 жас бойынша жарыста алматылық Алексей Сидоренко 1 сағат, 12 минут, 30 секунд уақытымен 21,1 шақырымды еңсеріп жеңімпаз деп танылды.
«Алматы жартылай мара­фо­ны­ның» әр қатысушысы алқа алды. 21 шақырым қашықтыққа жүгіруден абсолютті чемпиондар 1,5 миллион теңге көлемінде жүлде қорын өзара бөлісті.

 

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру