Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Жалпыұлттық жоспар мақұлданды

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыру бойынша жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменовтің айтуынша, жалпыұлттық жоспарда еліміздің дамуы үшін қолға алынатын негізгі алты міндет бойынша 100 іс-шара қамтылған.
Мемлекет басшысы Жолдаудағы бірінші тапсырма – «Халық табысының өсуі» міндеті бойынша қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға ерекше назар аударды. Бұл мақсатқа жету үшін қазақстандықтардың табысын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 24 іс-шара қарастырылып отыр. «Қазақстандықтар үшін аса маңызды бастамалардың бірі – 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп 1,5 есе арттыру шарасы. Халықтың кірісін қорғау үшін заңнамаға тариф белгілеу тетігінің, коммуналдық қызметтерде тұтынушылардың қаражатын пайдаланудың ашық­ты­ғын қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер енгізілетін болады. Биз­несті тиімді қолдау мақсатында 2025 жылға дейінгі Бизнестің жол картасы бағдарламасы жалғастырылады», деді министр.
«Тұрмыс сапасын арттыру» бойынша екінші міндеттің аясында екі маңызды сала – білім беру және денсаулық сақтауды қамтитын 24 іс-шара көзделген. Ұлттық экономика министрінің мәлімдеуінше, оқушылар орнының тапшылығын жою және үш ауысымды мектептер проблемасын шешу мақсатында осы жылдың соңында өңірлерде мектептердің құрылысы басталады.
Денсаулық сақтау саласында медицина қызметтерінің сапасын арттыру үшін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттаманы қағазсыз, цифрлық түрде жүргізуге көшеді. Биыл Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы басталады. Ол қазіргі заман талабына жауап беретін құрылғылармен жабдықталады. Халықты сапасыз және денсаулыққа қауіпті тауарлар мен қызметтерден қорғау мақсатында Тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті құрылмақ.
Ұлттық экономика министрі Жалпыұлттық жоспардың барлық шаралары тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, еліміздің кез келген елді мекенінде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруге жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті. Бұған қоса, тиімді аумақтық ұйымдастыру мақсатында Елімізді аумақтық-кеңістіктік дамытудың 2030 жылға дейінгі болжамды схемасы қабылданып, ол Еліміздің басқарылатын кенттенуінің жаңа картасына айналады. Сондай-ақ Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы нақты іс-шараларын, жобалары мен қаржыландыру көлемін көрсете отырып келесі жылы қабылданатын болады. Көлік инфрақұрылымын, коммуналдық және тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары ұзарты­лады.
Сонымен қатар соттардың жұмыс істеуінің заманауи форматын және озық электрондық сервистерді енгізу, артық сот рәсімдерін қысқарту арқылы сот жүйесі одан әрі жаңғыртылады.
«Азаматтар сұранысына бейімдел­ген мемлекеттік аппарат» атты төртін­ші міндет аясында 19 іс-шара көз­делген. Бұл ретте мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелерін адамдарға түсіндіруді көздейтін «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасы әзірленетін болады.
«Тиімді сыртқы саясат» бесінші міндеті аясында сыртқы саясатты қазіргі жағдайларға бейімдеу және ұлттық мүддені прагматизм қағидаттарында ілгерілету бойынша шаралар қабылданады.
«Әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы» алтыншы міндеттің шеңберінде 6 іс-шара көзделген. Т.Сүлейменовтің айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жаңа мазмұн мен бағыттарды қарастыратын өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Мемлекет басшысы жариялаған Жастар жылы аясында жастардың барлық санатын қолдау шараларын көздейтін іс-шаралар жоспары қабылданатын болады. Әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту үшін мектептерде «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігі құрылады.
«Жалпы алғанда Жалпыұлттық жоспарды уақытылы орындау Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған Жолдауда берген тапсырмаларын тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге негіз болады», деп түйіндеді ұлттық экономика министрі.
Жиында білім және ғылым минис­трі Е.Сағадиев білім беру жүйесінің өзекті мәселелері, Прези­дент­тің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауында мектепте, мектепке дейінгі және жоғары оқу орындарында білім беру сапасын арттыру туралы берген тапсырмаларын ведомство қалай шешуді жоспарлайтыны туралы баяндады.
Премьер-министр Б.Сағынтаев мектептегі, мектепке дейінгі және жо­ғары білім сапасын арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Отырыста мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау мәсе­лесі талқыланды. Мемлекеттің әлеу­меттік саясатының маңызды бағыт­тарының бірі – мүмкіндігі шек­теулі жандардың құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету шаралары жөнінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова, денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек баяндады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру