Валюта бағамы: $ 370.49 421.06 5.54 ¥ 53.84

Елбасы жолдауының негізі неде?

Өткен жұмада Ақордада президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына
Жолдауын жария етті. Елбасының бұл кезекті Жолдауынан халқымыз не күтеді, ол неге негізделіп отыр? Осы ретте әлемдік экономика бастан кешіп отырған қазіргідей сындарлы сәтте алдағы міндеттердің әлеуметтік хал-ахуалды реттеуге негізделуі қуантады. Соларға жеке тоқталып өтсек.

                                                                                                                                  Ең төменгі еңбекақы өспек
– Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі, – деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы мақсатта 2019-2021 жылдары республикалық бюд­жеттен жыл сайын 96 млрд теңге бөлу талап етіледі, деп атап көрсетті Елбасы. «Бюджетті қарау барысында, менің ойымша, парламент мұны ескереді», – деді ол өз сөзінде. Айта кету керек, Жолдауды залда тыңдап отырғандар, олардың арасында – заң қабылдау­шы биліктің екі тармағы – парламенттің Мәжіліс және Сенат депутаттары да бар, ду қол соғып қабылдады бұл ұсынысты.
Бұдан басқа Президент тағы бір маңызды мәселені – «енді, ең төменгі жалақы (ЕТЖ) ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды» деп атап көрсетті.
– Ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл экономика ауқымындағы еңбекақы өсімі­нің катализаторына айнала­ды. Төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бұл баста­маны ірі компаниялар қол­дайды деп сенемін, – деді ол одан әрі.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғырту

– Монополистердің инвес­тициялық міндеттемелеріне тиімді мониторинг пен бақылау жүргізілмей отыр. Үкімет 3 ай мерзім ішінде осы мәселемен айналысып, бәсекелестікті қорғау функциясын елеулі түрде күшейте отырып, монополияға қарсы ведомствоның жұмысын реформалауы керек. Бұл – маңызды мәселе, ол бизнес үшін кететін шығынның артуына, адамдардың нақты табысын азайтуға әкеп соқтырады, – деп Президент қадап айтты.
Шын мәнінде бұл салада қордаланып қалған мәселелер жетіп артылады. Елбасы бе­кер назар аударып отырған жоқ, оның үстіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйесі тұрғындар тарапынан арыз-шағым неғұрлым көп түсетін сала, оны қалайда жаңа жағдайларға қарай жаңғырту қажеттігі кезек күттірмес өзекті мәселенің бірі болып отыр.

Бизнесті қолдау туралы

– Бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыра түсу керек.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкер­шіліктің қолданылу шегін, айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырамын. Мұны неге айтып отырмын – бүгінде басшылар құжатқа қол қоюдан қорқады – бірдеңе болса жағаларына жармасады. Осылайша зәрелерін ұшырады. Түсінесіздер ме?! Ұлттық қауіпсіздік комитетіне мұндай шенеуніктерді ұстауды және тікелей қылмыстық істер қозғауды тапсырамын, – деді Н.Назарбаев залдың ду қол шапалақтауымен бірге. – Кім оған мұндай мүм­кіндік беріпті? Сондықтан да, негізгі міндеті көлеңкелі экономикамен күрес болуға тиіс Қаржы мониторингі комитетіне функцияларын бере отырып, Экономикалық тергеу қызметін қайта құру қажет. Біз «қолма-қол ақшасыз экономикаға» бет бұруымыз керек. Мұнда жазалаушы ғана емес, сондай-ақ бизнестің қолма-қол ақшасыз есеп айырысуын қолдау сияқты ынталандырушы құралдарға да сүйенген жөн. Үкімет үш жыл ішінде эко­номикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс.
Міне, Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей, тиісті құзырлы орган­дардың бекем бел байлап кірісуі тиіс міндеттерінің бірі де бірегейі «көлеңкелі айналыммен» күрес болып отыр. Олай болатын жөні де бар, тек соңғы айлардың өзінде жемқорлықпен ұсталған шенуніктерді есепке алар болсақ, алдағы кезде мұндай ашық айыптауларға әлі де куә боларымыз даусыз.
– Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңта­рынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырамын, – деп сабақ­тады пікірін өз Жолдауында Президент. Зал тағы да дүркірете қол шапалақтады. – Сіздердің қол шапалақтауларыңыз жақсы-ау, бірақ біз ойлағандай бәрі жайлы еместігі қынжылтады. Біріншіден, бизнес бар салықтарын адал төлеп отыратын, бірақ ертең олар айтады ғой: мыналардың салықтарын шығарып тастадыңдар, ал менікін неге шығармайсыз? Яғни әңгіме өсімпұл мен айыппұл жайында болып отыр, әрине, егер ол мемлекетке негізгі салығын төлеп қойған болса.

Бизнестің жол картасы жайлы

Президент сондай-ақ «Бизнес­тің жол картасы – 2020» бағдар­ламасын тағы бес жылға ұзартуды тапсырды.
– Өңірлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиімділігі­не көз жеткіздім. Бағдарлама­ның қолданылу мерзімін 2025 жыл­ға дейін ұзарту керек. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет, – деді ол.
Шындығында да, бизнестің қарқынды дамуына бұл жанды ық­палын тигізбек. Мәселен, осындай серпінді қадамдар негізінде 3 жыл ішінде еліміз бойынша қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік туындайды екен.
Сондай-ақ қайта өңдеуші өнер­кә­сіпті қолдауға үш жыл кезең аралығында 500 млрд теңгеге дейін қаражат аудару тапсырылған.
Президент Ұлттық банкке коммер­циялық банктердің өтімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.
– Басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді тапсырамын, – деді ол.

Білім беру мен денсаулық сақтауға шығыстарды ұлғайту

Президент сонымен қатар бюджет­тің шығыстарын қайта бағдарлауға тапсырма берді. «Әлеуметтік қауіп­сіздік пен ин­фра­құрылым» басым ба­ғыт­ты салалар болуы тиіс.
– Бес жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет. Бұл өте маңызды! Біз құрамына кіруді көздеген Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР) елдерінде осылай. Қаржыландыруды халыққа қызмет көрсету сапасын елеулі түрде арттыруды қамтамасыз ететін тиісті реформаларды жүзеге асыру үшін бағыттау керек. Қазір айтқанымдай – 10 пайыз, ал қайда? Үкімет айқындауы тиіс: әрбір салаға – білім беруге, денсаулық сақтауға, қайда бағыттаған дұрыс, – деп тапсырды Мемлекет басшысы.

Тікелей инвестициялар қорын құру туралы

Ірі әрі серпінді жобаларды жү­зеге асыру үшін Президент «шет­елдік инвесторлармен бірлесіп инвестиция салу қағидаты бойынша жұмыс істейтін Шикізаттық емес секторға бөлінетін тікелей ин­вес­тиция қорын құру мәселесін қарас­тыруды және бұған 300 миллиард теңгеге дейін бөлуді» тапсырды.
– Қайдан алуға болатын көз­дерді – біз бірлесіп ше­шеміз, міне, сосын бір­­лесіп ин­вес­ти­циялауға трансұлттық ком­па­ниялар келе бастайды. Біз, яғни Үкімет, ақша­ның бір бөлігін салады, сон­да олар риза­шылықпен басқа бөлі­гін то­лық­тыруға келеді, – деп атап көр­сетті ол.

Тұрғын үй нарығындағы жағдай

Президент қолжетімді тұрғын үй сапасын арттыруды тапсырды. Ол таңырқағанын жасырмады – «7-20-25» бағдарламасы неліктен белсенді жүзеге асырылмай отыр?
– Бұл жақсы бағдарлама ғой, егер отбасында екі адам жұмыс істесе, осы ипотеканы алуға болады, бұл оны төлеуге де және кредит бойынша төлей алуға да мүмкіндік беріп отыр. Бар-жоғы 7 пайыздық мөлшерлеме, қалғанын мемлекет өз мойнына алады. Бұрын бастапқы төлем (жарна) тұрғын үй құнының 50 пайызы болды, қазір 20 пайыз. Бұрын 10 жылда қайтару керек еді, енді – 25 жылда. Яғни шындығын айтқанда, салыстырсақ тіпті түк емес. Бірақ бұл қалай жүзеге асады? Міне, осы маңызды. Жергілікті жерлерде бұл (бағдарлама) әлі іске қосылмаған. Олар: президент айтқан – енді сол қайда деп сұрайды. Қазір қанша өтініш бар, кім біледі? – деп сұрады Елбасы залға қарап.
Сосын 2 мың өтініш қана ма­құл­­дан­ғанын естіп, таңқалды:
– Тек 2 мыңы ғана мақұлданған ба? Тілек білдірушілер жоқ па немесе талаптар осындай ма? (…) Әлде банктер таба алмауда ма? Қанеки анықтайық. Бағдарлама жарияланды, банктерге не қажет? Ақша ма – шешіп бердім, 7%, қал­ғанын мемлекет өзіне алды, 20 пайызын таба алмай ма олар? – деп таңырқады Президент, тағы былай деп сұрады: – Жас үйленгендер үшін бір бөлмелі пәтер қанша тұрады? Арзандатылғаны? Асқар (Мамин), шамамен қанша? 50 шаршы метрі? (…) Жеті миллион. 7 миллионның 20 пайызы – 1,4 миллионды адамдар төлей алады ғой? Және бұл 25 жылға. Жұмыс істемейміз. Үкімет жұмыс істемейді, Бақытжан (Сағынтаев). Әкімдер жұмыс істемейді. Барлық әкімдерге айтып отырмын – сендерге тағы не керек? Адамдарға жақсылық жасау үшін не қажет?

Бюджет қаражатын пайдалану туралы

Президент шенеуніктердің бюд­жеттік қаражатқа қатынас­тарына риза емес.
– Мен қарап отырып таң қалам, кейбіреулер бюджетті түпсіз бөшкедей көреді, одан ала беруге, ала беруге, ала беруге болады да, бірақ өздерінен ештеңе талап етілмейді. Маңызды емес, сосын оны жаратасың ба әлде жоқ па. Аяғында (жылдың) игерілмеген ақшалар – миллиардтап қалады. Қарашада оларды жұмсай бастайды, әйтеуір жұмсаса болды, келесі жылға қор зор болуы үшін, өйткені ертең көбірек алады, – деп реніш білдірді Елбасы.
Мемлекет басшысы «осынау сындарлы шақта әрбір бөлінген теңгеден неғұрлым мол қайтарым болуына тырысу қажеттігін» атап көрсетті.

Сөздің құны хақында

– Менің бүгінгі айтқан сөз­дерімнің құны – 1,5 триллион теңге. Ал барлығын есептегенде бұдан да көп болады, – деп қорытты өз тапсырмаларын Елбасы.
Айта кету керек, Мемлекет бас­шы­­сының бұл Жолдауы төртін­ші өнеркәсіптік революция жағ­дайын­да қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, табыс пен тұрмыс сапасын арттыру мүмкіндіктеріне арналды.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру