Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Ауыл арзан өнімдерімен қуантуда

Соңғы кездері Орал қаласының тұрғындарын арзан азық-түлік өнімдерімен қамтитын жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылуда. Мұның өзі «Көңілдегі бағаны базар нарқы бұзады» деген тәмсілді жоққа шығару үшін, яғни нарықтағы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатын көздейді.

Сенбі сайын өзіне керектісін алып, келесі жәрмеңкені тағат­сыздана тосатын кейбір тұрғын­дар көктемгі, күзгі жәрмең­кеде деп тақылдап, ондағы бағаларды сараптайтын болып алды. Биылғы күзгі жәрмеңке бұрынғыдан сәл ертелеу – сарша тамыздың 11-інде басталды. Басында жәрмеңке сенбі, жексенбі күндері өтеді делінді. Алайда науқандық шаруалар күйіп тұрған уақытта ауыл-ауданнан келетін тауар өнді­рушілер бар шаруасын сырып тастап, алыстан ат арытып Оралға келу мүмкін болмаған сыңайлы. Оның есесіне қала әкімдігінің ұйытқы болуымен Зашаған кенттік округіндегі «Жәңгір хан» сауда үйінде әр аптаның жексенбісінде жәрмеңке өтуде. Ауылдағы мал­сақ ағайын күз айынан бастап қызылсыраған шаһар халқының етке деген «жерігін» басты. Жалпы, ауыл жұрты қалалықтарды арзан өнімдерімен қуантуда десек, қателеспейміз. Өткен жексенбідегі жәрмеңкеде Қазталов ауданының «Жәнібек», «Райымбек» шаруа қожалықтары әкелген сиыр еті әп сәтте өтіп кетті. Сондай-ақ Зеленов ауданының Макаров, Мичурин ауылдық округінің кәсіпкерлері де жәрмеңкеге белсенді қатысып жүр.
– Жәрмеңкеге барлық аудан мен қала маңындағы шаруашы­лықтар белсене қатысып келеді. Әсіресе, Зеленов, Теректі аудан­дарының шаруалары әр сенбі сайын тұрақты қатысып, көкөніс, бақша дақылдарын арзан бағамен саудаға шығаруда. Ал өзге аудандар арнайы жасалған кестеге сай қатысып жүр. Осы аптаның сенбісінде Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарынан тауар өндірушілер қатысып, өздері өндірген өнімдерін халыққа ұсынбақ. Сонымен қатар өсімдік шаруашылығы жақсы дамыған Теректі, Зеленов аудандарының да өкілдері болады, – деді Орал қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Самал Есқалиева.
Жалпы күзгі жәрмеңке қыр­күйек айында аяқталады дегенмен, маңдай терін тамшылатып, жаз бойы дамыл таппайтын диқан мен бағбан қауымы еңбегінің жемісін көретін молшылық айы – қазанда жәрмеңке өткізбеу ақылға қонымсыз. «Екінші нан» аталып кеткен картоп та осы кезде жиналады. Сондықтан қала әкімдігі ауа райының «қабағына» қарай жәрмеңке өткізуді жан-жақты ойластыруда.
– Өткен жәрмеңкелерде бақша өнімдеріне, етке сұраныс көп болды. Өйткені баға базар нарқынан 15-20 теңгеге төмен. Жәрмеңкеде сиыр еті 1300 теңгеден, жылқы еті 1400 теңгеден, қой еті 1200 теңгеден, картоп 60-70 теңгеден, бір қабы көтерме бағамен 55 теңгеден, пияз 80-100 теңгеден, ал көтерме бағасы 55 теңгеден ұсынылып жүр. Еттің бағасы тұрақты бақылауда, бір қалыпта болады, – деді Самал Есқалиева.
Оның айтуынша, Оралдағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу­шілер де аракідік жәрмеңкеге кеп, бой көрсетуде. «Белес Агро» ЖШС өзінің астығын, күнбағыс майын, «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ астығымен, макарон өнімдерімен, «Орал құс фабрикасы» ЖШС тауық жұмыртқасымен базаршыларды қуантып қояды. Аталмыш фабрика жұмыртқаны 16, 17 теңгеден сатуда. Қаладағы сауда орындарында жұмыртқа бағасы ұшып тұрғандықтан, жұмыртқаға кезекке тұрушылар қарасы ылғи да қалың болады. Осыны ескерген қала әкімдігі фабрика басшылығына өнімді бір емес, екі орыннан сатуды ұсынып отыр.
Жалпы тамызда басталып, жал­ғасын тауып отырған жәрмеңке барысында 233,6 тонна көкөніс, 28 сиыр, 9 жылқы, 6 қой еті, 84 600 дана жұмыртқа сатылған.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру