Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған жоба

Қарт Каспий жағалауындағы ақшаңқан қала – Ақтау шаһарының іргетасы қаланғанына биыл елу бес жыл толды. Осынау жарты ғасырдан астам уақыт ішінде қазыналы Маңғыстау түбегіндегі іргелі істердің орталығына айналған қала бүгінде заманауи сәулетімен, еліміз экономикасындағы өзіндік орнымен ерекшеленеді.

Еліміз дамуының жаңа дәуірінде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп отырған өңірлердің бірі – Маңғыстау облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан іс ұшан-теңіз. Облыс орталығы – Ақтау қаласының елу бес жылдығы аталып өткен биылғы мерекелі жыл шаһардың бүтін бір шағын ауданының тұрғындары жаңа баспаналы болған ерекше қуанышты жыл болды. Жаңа пәтерлер кілттері баспана иелеріне қыркүйек айының соңғы жұмасындағы қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында облыс әкімі Ералы Тоғжанов, қала әкімі Ғалымжан Ниязов және «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Кәкімтердің қатысуымен өткен салтанатты рәсім барысында тапсырылды.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жер» бағдарламасының «Сатып алумен жалға беру» бағыты бойынша Ақтау қаласында жаңадан салынған көп қабатты 32 «а» ықшам ауданында жалпы ауданы 26 122,4 шаршы метр пәтер таза әрлеуде пайдалануға берілді.
2014 жылдан бері «Нұрлы жер» бағдарламасының «Сатып алумен жалға беру» бағытын іске асырушы оператор «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес компаниясы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ болып табылады. Мемлекеттің қолдауымен және жергілікті атқарушы органдар, құрылыс салушылар мен Қазақстан ипотекалық компаниясының бірлесіп жасаған жұмыстарының арқасында көпшілік үшін тұрғын үй мәселесі шешілді деуге болады. Бүгінгі күні 50 мыңға жуық адам кейіннен сатып алатын жалдамалы пәтерлерде тұрып жатыр.

Ақтау қаласында бағдарла­маның аталған бағыты жүзеге асырыла бастағаннан бергі ке­зең­де жалпы ауданы 56 664,9 шаршы метрді құрайтын жалға берілетін тұрғын үйдің 986 пәтері пайдалануға берілді. Ал, республика бойынша бұл көрсеткіш әлдеқайда көп, бүгінде 17 694 пәтер немесе бір миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.
Қазақстан ипотекалық компаниясы Ақтаудың 55 жылдығына арналған мерекелік шара аясында келесі кезеңді жүзеге асыру үшін тұрғын үй кезегінде тұрған қала тұрғындарына 478 баспана, оның ішінде бір бөлмелі 161, екі бөлмелі 237 және үш бөлмелі 80 пәтердің кілтін берді. Қажетті коммуникациялар жүргізіліп, газ плитасы және сантехника орнатылған жаңа пәтерлердің барлығы дерлік қоныс иелерінің бірден көшіп келіп, тұруына толығымен дайын.
Баспана кілтін тапсыруға ар­нал­ған салтанатты рәсімде халық­ты тұрғын үймен қамтама­сыз етудегі «Нұрлы жер» бағдарла­ма­сының маңызына тоқтала келіп, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов:
– «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша елімізде 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланған. Сонымен бірге салынатын ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қойылуда. Осыған орай үкі­метке, жергілікті атқарушы билік органдарына халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету ісін жедел әрі тиімді жүргізу бойынша үлкен міндет, салмақты жауапкершілік жүктелді. Бүкіл еліміздегі сияқты, қазір бұл бағыттағы нақты жұмыстар Ақтау қаласында да іске асырылып жатыр. Ақтау қаласындағы жаңа шағын аудандарды игеру, барлық инфрақұрылымымен жаңадан үйлер тұрғызу – мұның барлығы да түптеп келгенде әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған жоспарлы жұмыстардың нәтижесі, – деп атап өтті.
«Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ басқарма төраға­сының орынбасары Руслан Кәкім өз сөзінде атап өткендей, компания үшін қазақстан­дықтардың, бірінші кезекте, халықтың ең осал топтары – көп балалы және толық емес отбасыларының, мүмкіндіктері шектеулі жандардың, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру басым мақсат. «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы – Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан біздің ортақ ісіміз. Бұл ретте жүктелген міндет жауапты және бүгінгі күнде қол жеткен жоғары нәтижелер ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмылған береке-бірліктің дәлелі бола алады.
Жаңа баспанаға ие болған­дардың бірі, «Көп балалы отбасы» санаты бойынша бағдарламаға қатысушы Шырын Ержанова: «Көптеген жылдар бойы біз шағын жалдамалы үйде тұрдық. Енді біздің өзіміздің үлкен 3 бөлмелі пәтеріміз болатынына қаншалықты қуанышты екенімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біз осы бағдарламаны жүзеге асыруға тартылғандардың барлығына және қарапайым адамдарға қам­қорлық көрсеткені үшін біздің Президентімізге алғыс айтамыз!» – деп өз отбасының қуанышымен бөлісіп, бағдарлама аясында баспаналы болған қалың көпшіліктің ой-тілегін жеткізді.

Бекет КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру