Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Түркістан облысы қарыштап дамып келеді

Мемлекетіміздің Тәуелсіздік алғанына 26 жылдың жүзі ішінде экономикамыздың дамуына, өнеркәсіп пен жұмыс істемей қалған зауыттарға жан бітіріп, жаңғыртуға Қытай инвесторларының қосқан үлесі шексіз. Қашан да болмасын қол ұшын беруге дайын тұратын қытай халқы еліміздің әр өңірінде өнеркәсіпті салып қана қоймай, болашақ Қазақстанның гүлденуіне де өз үлесін тигізуде. Мәселен, елімізде халқы тығыз орналасқан Түркістан облысында көптеген зауыттар мен өнеркәсіп орындарының көп болуы тек бұл өңірдің тұрғындарын қамтамасыз етіп қана қоймай, бүкіл Қазақстан, тіпті шетелдік нарыққа шығуға мүмкіндік береді.

 

Қазақстан – бұл Орталық Азия­дағы ең ірі және экономикасы қуатты ел. Оның өңірдегі жалпы ішкі өнім жиынтығындағы үлесі 60 пайызды құрайды. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан түрлі инвестициялық және өндірістік жобалары өз нәтижесін беруде.
Мұнай-газ саласы ел экономи­ка­сы­ның дамуына көп үлес қосатыны ақиқат. ХІХ ғасырдан бастау алатын бұл саланың дамуы жылдан жылға қарқын алып келеді. Өткен жылы рекордтық межеге қол жеткізіп, 86,2 миллион тонна мұнай өндірдік. Биыл да өндіріс көлемі былтырғыдан кем болмайды деген болжам жасалып отыр. Соңғы мәліметтер бойынша елімізде 6 миллиард тонна қара алтын қоры бар. Бұл әлемдік мұнай қорының 3 пайызы. Елімізде мұнай өндіру айына 6 миллион тоннаны құрайды. Биылғы меже – 87 миллион тонна екен.
Бұл орайда Шымкенттегі «Петро­Қазақстан Ойл Продактс» мұнай өңдеу зауытының қосар үлесі көп. Аталмыш зауыт «Үдемелі индустриялық- инновациялық даму» бағдарламасы аясында сапасы жағынан Еуро-4 және Еуро-5 экологиялық стандартын­дағы жанармай шығаруға қол жеткі­зіп отыр. Екі кезеңнен тұратын Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы «Үдемелі индустриялық инно­вациялық даму» бағдарламасы аясында 2011 жылы басталған болатын. Жобаның бас мердігері – қытайлық СРЕСС компаниясы. Жобаны іске асыруға 30-дан аса жергілікті мердігер компаниялар тартылған. Бүгінде зауыт акциясы «ҚазМұнайГаз-ӨМ» АҚ мен қытайлық СNPC компаниясына тиесілі. Зауыт жұмысы экологияға да ерекше мән беруде, бұдан былай ауа ластанбайды. Ең бастысы – зауыттағы жұмыстар қауіпсіз іске асырылады. Сондай-ақ зауытта жылына 4 мың тонна күкірт шығарылады. Құры­лымдау жұмыстарының екінші кезеңі толық аяқталса, зауыт еліміздегі әлем­дік талаптарға сай ірі кәсіпорынға ай­налмақ.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының шикізатты қайта өңдеу тереңдігі 85 пайызға жуықтады. Жоғары октанды бензинді өндірудің жылдық көлемі 652 мың тоннадан 2 миллион 270 мың тоннаға ұлғайды. Дизель отынының жылдық өндірісі 1 миллион 192 мың тоннадан 1 миллион 916 мың тоннаға жетті. Ал авиаотын 254 мың тоннадан 400 мың тоннаға дейін өндірілетін болды. Жалпы жаңғырту жұмыстары барысында 11 технологиялық құрылғы мен 29 жалпызауыттық шаруашылық нысаны бой көтерді. Изомеризация құрылғысы іске қосылған соң, жоғары октанды бензин өндірісі 100 пайызды құраса, моторлы отынның сапасы К4 және К5 экологиялық санатына жетті.
Елімізде өндірілген мұнайдың 80-90 пайызы экспортқа жөнелтіледі екен. Мұнайға деген сұраныс тек ішкі нарықта ғана емес, шет елдерде де арта түскен. Өткен жылы шикі мұнай мен мұнай өнімдері экспорты 68,7 миллион тоннаға жеткен. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда, 10,5 пайызға артық көрсеткіш. Мұнай экспорты көлемі бір жылдың ішінде 37,8 пайызға өсіп, 26,6 миллиард долларды құраған. ТМД елдері ішінде қазақстандық мұнай өнімдеріне Өзбекстаннан сұраныс артып тұр. Әлемнің басқа елдерінің қатарында Италия, Нидерланд, Швейцария мен Франция бар.
«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-де – Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңадан салынған RFCC каталитикалық крекинг қондырғысына шикізат қабылданды. Осы уақыттан бастап «Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және реконструкциялау» стратегиялық жобасы аясында іске қосу-реттеу жұмыстарын аяқтау кезеңі – технологиялық қондырғыларды кешенді сынау жұмыстары басталады.
Қуаты жылына 2 миллион тонна шикізат өңдейтін RFCC каталити­калық крекинг қондырғысы UOP компаниясының (АҚШ) технологиясы бойынша жобаланып, салынды және ол осы кешеннің «жүрегі» болып табылады. Қондырғы ауыр мұнай қалдықтарын өңдеп, сұйытылған газ, бензин және жеңіл газойл сияқты жоғары сапалы бағалы өнімдерді алу үшін арналған.
«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-ның президентi Цзян Ши жур­налистермен болған кездесуде өн­дiрiс орнының тарихына қысқаша тоқталды. Құрылысы 1972 жылы басталып, Оңтүстiк жерiне зәулiм ғима­раттарымен көрiк берген зауыттың iргесi 1976 жылы кеңейе түстi. Ал, 1984 жылы 100-шi секция, яғни ЛК-6У iске қосылды. Келесi жылы 200-шi секция каталитиканы реформингтеу және дизельдi отын мен гидротазалауды крекингтеу өндiрiске берiлдi.
Сонымен қатар Цзян Ши қазіргі таңда Шымкент мұнай өңдеу зауытында құны 1,85 миллиард долларды құрайтын аса ірі модернизациялау жобасын тәмамдағандығын, қайта жаңғырған зауыт бензин сапасын жақсартуға және оны терең өңдеуге мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Бензиннің құрамындағы күкірттің көлемі он есе азайды. Енді зауыт тәулігіне 15 мың тонна жанармай, оның ішінде 5 мың тонна жоғары сапалы бензин өндіре алады. Бұл зауытты жаңғырту 2011 жылы басталған болатын. Бірінші кезең 2017 жылдың жаз мезгілінде аяқталып, изомерлеу қондырғысы іске қосылды. Ал екінші кезеңде зауыттың қуатын жылына 6 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар. Екінші кезеңде заманауи басқару жүйесінің іске қосылмақ. Басқару жүйесі 18 мың сигналды қабылдай алады. Қысым, температура, барлық технологиялық параметрлерді реттейді, яғни бүкіл зауытты басқару жүйесінің көпшілігі автоматтандырылмақ.
Бензиндегі күкірттің мөлшерінің 10 есеге азаюы өнеркәсіптің ең үлкен жетістігі. Бұрынырақта Қазақстан мұнай өнімдерінің біразын Ресейден тасымалдайтын. Бірақ, сонысына қарамастан жанармай тапшылығы байқалатын. Ал «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-де – Шымкент мұнай өңдеу еліміздегі мұнай тапшылығын сездірмейтін толық қамтамыз етуге өз үлесін қоспақ. Себебі, зауыттағы жаңғыртудың екінші кезеңін аяқтағаннан кейін жоғары октанды бензин өндірісі 2 миллион 270 мың тонна, ал дизель отыны – 1 миллион 916 мың тонна, авиация отыны – жылына 400 мың тоннаға жетеді. Бұл кәсіпорынның еліміздің нарығындағы үлесі 35 пайызға дейін көбейеді. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы осы зауыт акциясының 50 пайызын иеленеді. Қалғаны Қытайдың CNPC-компаниясына тиесілі. Қазір жаңа орталықтандырылған басқару жүйесінде еліміздің жастары жұмыс істеуде. Осы жүйе іске қосылғаннан кейін зауыт қосымша 400 адамды жұмыспен қамтамасыз етпек.
Жалпы айтқанда, Шымкент мұ­най өңдеу зауытын жаңғырту жоба­сы­ның екінші кезеңі аясында: RFCC каталитикалық крекинг қондырғысы; Merox көмірсутекті газдарды тазалау қондырғысы; Prime G+ бензинді гидротазалау қондырғысы; Claus күкірт өндіру қондырғысы; PSA-2 сутекті тазалау қондырғысы сияқты технологиялық қондырғылар салынды.
Аталған қондырғыларды іске қосу зауытта шикізат өңдеу тереңдігін жоғарылатуға және сапасы жағынан К4 және К5 экологиялық класына сәйкес келетін автомобиль отындарын – бензин мен дизельді өндіру көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік бермек.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру