Валюта бағамы: $ 370.49 421.06 5.54 ¥ 53.84

Әлемдік әріптестікке бастар жол

Елшілер Қорғастағы хаб жұмысымен танысты

Елдер арасындағы экономикалық байланысты, сауда-инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға күш салу дипломатиялық қызметтің маңызды бөлігін құрайды. Сол себепті әлемнің 40 елінің дипломаттары мен инвесторлары «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында болып, мультимодальдық логистикалық хабтың транзиттік мүмкіндіктерімен танысты.

 

Шығыс пен Батыс арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың кеңеюі, Қазақстанның өңірлік сауда желілеріне интеграциялануы аясында ірі халықаралық стратегиялық нысанды аралау үшін Қазақстандағы шетелдік мемлекеттердің дипломатиялық корпусы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы мен «Қорғас» шекаралық ынтымақтастықтың халықаралық орталығына барды.Олардың қатарында Еуропа, Азия, Таяу Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік Америка, африкалық континент елшілері мен дипмиссия өкілдері, сондай-ақ Дүниежүзілік банк, ЭСКАТО, ЕҚЫҰ сияқты бірқатар халықаралық және аймақтық ұйымдар өкілдіктерінің басшылары бар. Іс-шараны ұйымдастыруға еліміздің Сыртқы істер министрлігі, Алматы облысының әкімдігі, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы ұйытқы болды.

«Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру Қытайдың Шығыс жағалауы – Ляньюньган портынан Қазақстан мен Қытай шекарасындағы құрғақ порттың теміржол және автокөлік жолдары жүйесі арқылы Каспий теңізінен Еуропаға апаратын оңтайлы логистикалық тізбекпен қамтамасыз етті. Сыртқы істер ведомствосы­ның басшысы Қайрат Әбдірахманов шетелдік дипломаттардың алдында сөйле­ген сөзінде Транскаспий ха­лық­ара­лық дәлізінің контейнерлік мульти­модальдық бағыттарын байланыстыратын логистикалық тізбек Орталық Азия, Қытай, Кавказ, Түркия және Еуропа елдерінің серіктестері үшін аса тартымды болып табылатынын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразияның аса маңызды көліктік-логистикалық хабына айналдыру бойынша үлкен міндет қойды. Осы мақсатта біз Солтүстік-Оңтүстік, Шығыс-Батыс, Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәліздерінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, «Нұрлы жол» аясындағы жаңа экономикалық саясатты қытайлық «Бір белдеу – бір жол» бастамасымен үйлестіруді, сондай-ақ Қазақстан өңірлерін Қытай-Иран континентаралық магистральдарымен және Кавказ бен Ресей арқылы өтетін дәлізімен байланыстыруды көздейміз, – деді министр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ел Үкіметі 2020 жы­лы транзиттік тасымалдан түсетін жыл сайынғы табысты 5 мил­лиард АҚШ долларына дейін ұлғайтуды, контейнерлік тасымалды 2 миллион ЖФМ-ге, (жиырма футтық мөлшер – жүк тасымалы құралдарының сыйымдылығы өлшемінің шартты бірлігі) жеткізуді, әуе қатынасы арқылы жолаушылар тасымалын 4 есеге ұлғайтуды және транзиттік жолаушылар ағынын 1,6 миллионға жеткізуді жоспарлауда. Өткен жылы Қазақстан арқылы өтетін жүк тасымалы 17%-ке өскен. Сәтті жүзеге асқан «Қорғас» ШЫХО үлгісінде енді қазақ-өзбек шекарасында да осы іспеттес ШЫХО құру мәселесі қарастырылуда. Жалпы, соңғы 10 жылда Қазақстан көліктік-логистикалық инфрақұрылымға 30 миллиардқа жуық АҚШ долларын инвестициялады.
Қорғастағы трансшекаралық серіктестікті дамыту Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының негізгі жобаларының бірі болып табылады. ШЫХО өз аумағында екі ел азаматтарының іскерлік кездесулерге қатысуына, Қазақстанда, Қытайда және ТМД елдерінде өндірілетін өнеркәсіптік өнімдермен танысуына, сауда-саттық келісімдерін жасауына, сондай-ақ демалуы мен еркін жүріп-тұруына жағдай жасайды. Бүгінде ірі сауда-экономикалық, туристік әріптестік кешенінде 20 инвестициялық компания жалпы құны 400 млрд теңгеден асатын сауда үйлері мен ойын-сауық нысандарының құрылысын жүргізуде. Сәйкесінше, ШЫХО аумағында құрылған Арнайы экономикалық аймақ орталықтың қазақстандық бөлігін әрі қарай дамытып, отандық кәсіпкерлерге қытайлықтармен бірдей жағдайды қамтамасыз етеді. Ал жаңадан бой көтеріп жатқан Нұркент қаласында 2030 жылға дейінгі жобалық кезеңде тұрғындар саны 100 мыңға жетуі қажет. Ол үшін жаңа өндіріс орындарын жұмыс күшімен толықтыру негізгі басымдыққа ие.
Қазіргі күні АЭА аумағында инвесторлар 1,7 млрд АҚШ доллары сомасындағы жобаларды жүзеге асыруда. АЭА индустриалдық және логистикалық инфрақұрылымына инвестицияның артуына Құрғақ порт қапиталына Cosco Shipping ірі әлемдік теңіз операторы қосымша серпін берді. 4951,5 гектарды құрайтын АЭА аумағы логистикалық, индустриялық аймақтарды және «құрғақ порт» көліктік-логистикалық кешенін қамтиды. Құрлықтағы порт АЭА-ның тірек буыны әрі Алтынкөл станциясымен байланысты қамтамасыз етеді. Қытай мен Оңтүстік Шығыс Азиядан ТМД, Еуропа, Парсы шығанағы елдеріне бағытталған маңызды бағдарлар қиылысында орналасқан «Қорғас» АЭА еліміздің әлемдік көлік және сауда жүйесімен араласуын жүзеге асырады. Жетіген Қорғас, Жезқазған Бейнеу теміржолдары, Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомобиль дәліздері, Ақтау портымен технологиялық қатынаста бола отырып, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА Жаңа Жібек жолындағы жүк ағынын біріктіру және дистрибуциялау орталығы саналады. Бүгінде 17 қытай провинциясы, Вьетнам және Оңтүстік Кореямен ынтымақтастықта 200 мың­нан астам контейнер тасымалданады. Жалпы алғанда, Қазақстанның транзиттік әлеуеті Еуразия нарықтары бағытында 2020 жылға дейін 2 миллион ЖФМ көлемінде болады деп бағалануда.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру