Валюта бағамы: $ 370.49 421.06 5.54 ¥ 53.84

Тың серпілістер кезеңі

Қазіргі таңда еліміз дамудың жаңа өркениеттік кезеңіне аяқ басты. Ғылым мен техниканың қарыштап дамуына орай әлемнің әлеуметтік-экономикалық бет-бейнесі адам танымастай өзгеріп келеді. Жаңа технологиялар, роботтандыру мен автоматтандыру еңбек ресурстарына және адам капиталына қатысты талаптарды күрделендіріп, қоғамды басқару әдістерін түбегейлі жаңартуды талап етуде. Зымыран заман көшіне ілесу үшін етек-жеңімізді жинап, барымыз бен нарымызды безбенге тартқанымыз жөн. Елбасымыздың биылға Жолдауының тобықтай түйіні, міне, осыған саяды.
Аталған құжаттың басты стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі міндет аясынан табылып жатуы заңды. Осы орайда бұған дейін «Нұрлы жол» кешенді бағдарламасы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қабылданған болатын. Ал, жуырда жаһандық бәсекеге қабілеттілігімізді қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құруға бағытталған Үшінші жаңғыру жобасы қолға алынды. Әрбір қазақстандықтың жүргізіліп жатқан реформалар мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызына жете бойлауын көздейтін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. Таразы басын тең ұстап, руханият пен экономиканы ілестіре дамытудың берері мол. Ең алдымен «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа бағыттарын ілгерілетуді қамтамасыз ету қажет. Еліміздің әлемдегі орны мен рөлі келешекте нақ осыларға байланысты болады. Жолдауда Назарбаев Университетімен бірлесіп, Үкіметтің нақты жобаларды анықтай отырып, әрбір бағыт бойынша арнайы бағдарламалар әзірлеуіне баса көңіл бөлінген. Университет базасында жасанды интеллект технологиясын әзірлеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институтын құру сондай жобалардың бірі бола алады. Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелерінің әрбір қазақстандық отбасына қатыстылығы, осыған орай, Үкіметтің әлеуметтік секторға, қауіпсіздік пен инфрақұрылымға мән беруге тиістілігі атап көрсетілді.
Бұл орайда алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсау­лық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет. Қаржыландыруды халыққа қызмет көрсету сапасын елеулі түрде арттыруды қамтамасыз ететін тиісті реформаларды жүзеге асыруға бағыттау керек. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсартқан абзал. Өйткені, ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар бала кезден қалыптасады. Білім беру ісінде креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылғаны жөн. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау – уақыт талабы. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады. Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс. Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби болжалдау жүргізу маңызды. Бұл оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз еткен, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа дәйекті шараларды жүзеге асырған жөн. Білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетіспейтіні, мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған өңірлер үшін Үкімет 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыратын болады.
Ұстаз – қоғам тәрбиешісі. Жолдауда алдымыздағы жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау жөнінде міндет қойылды. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс жұмыстардан арашалауға тиіс. Ал, жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі. Биыл гранттар саны көбейтілді. Осы орайда ұлттық ғылым пен білімнің қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті талапкерлер таңдауында қара үзіп шыққанын тілге тиек етуімізге болады. Бұрыннан айтылып жүргеніндей, жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты өлшемі оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы болуға тиіс. Бұл орайда еліміздің болашағы – жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды жобасын қолға алған маңызды. Алдағы жылды Жастар жылы деп жариялау, міне, нақ осы мерейлі міндетті жүзеге асыруға бағытталып отыр.

Жетпісбай
Бекболатұлы,
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail:
Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру