Парламенттік талқылауда өткір сынға алынды
Таяуда Парламентте халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен тыңдауларда еліміздегі жұмыспен қамту жүйесінің хал-ахуалы талқыланды. Сонда айтылған жекелеген сын-ескертпелерге осы шолуымызда кеңірек тоқталып өтпекпіз.
Парламенттегі талқылауда үкімет жұмыспен қамту саласында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары хақында есеп берді. Сонымен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша, 2017 жылы жұмыспен қамтуға жәрдем көрсету шаралары арқылы 1 миллионнан астам адам қамтылып, 805 мың адам еңбекке орналастырылған, соның ішінде 555 мыңы – тұрақты жұмысқа тұрғызылған екен. Бұл тиісті орындарға жүгінген адамдардың 70 пайызын құрайды.
Басқа елдердегі сәйкес бағдарламалар индикаторларымен салыстырғанда бұл көрсеткіш біздегі қабылданып жатқан жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының жоғары тиімділігін көрсетеді, деп сендіреді ресми өкілдер. 200-ден астам азаматқа жұмысқа орналасуда көмек көрсетілген.
Бағдарламалар өзгеруде,ал талап сол күйі қалады
Министрліктің оптимистік көзқарасын мәселені талдаушылардың бәрі бірдей оңды қабылдап отырған жоқ. Ал, парламент депутаттары тіпті мемлекеттің жұмыспен қамту мәселелерін шешудегі тәсілдемелерін әлдеқашан өзгерту қажет еді дейді.
– Соңғы 10 жылда Қазақстанда 5 жұмыспен қамту бағдарламасы қабылданған. Яғни іс жүзінде әрбір екі жылда жаңа бағдарлама қабылданып отырыпты, – дейді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова. – Ал енді солардың мазмұнына тереңірек үңілсеңіз, жұмыспен қамтамасыз етуге тұжырымдамалық тәсілдемелер өзгермепті. Бір бағдарлама екіншісімен қабаттасып, айналып келгенде ешнәрсе де айтарлықтай өзгеріске ұшырамаған.
Ең өрескелі, жергілікті деңгейде бұл жұмыспен қамту бағдарламасының орындалуы 10 жылдан аса уақыттан бері тек қоғамдық жұмыстармен, әлеуметтік жұмыс орындарымен және жастар практикасымен шектеліп келген. Енді бұларды тарқатыңқырап айтсақ: қоғамдық жұмыстар – көше сыпыру, Астанадағыдай «көсеу» ұстап, шашылған қағаз қиқымдарын, темекі тұқылдарын теріп-жинау; әлеуметтік жұмыс – қараусыз қалған мүгедек немесе ешкімі жоқ кәрі-құртаңға аздаған ақыға көмек көрсету және жастарға 15-30 мың теңге айлық ақыға жұмыс тауып беру тәрізді шаралар болып шығады. Көпшіліктің, әсіресе жастардың мұндай жұмыстарға аса құлшыныс таныта қойматындары да осыдан. Оларға қалай кінә артасың бұдан кейін? Ал, билік өкілдері мемлекет берген мүмкіндікті пайдалануға ынта білдірмейді деп оларды сөгіп жатады. Кімдікі дұрыс сонда, айтыңыздаршы?!
«Ешкім де бұл бағдарламалардың тиімділігін айғақтайтын ешқандай сараптама жүргізбеген», деп күйінеді депутат.
– Сонда еңбек министрі Мәдина Әбілқасымова жақында Қазақстанда 2018 жылы жұмыссыздық рекордтық ең төменгі көрсеткішке жетті деп қандай негізге сүйеніп мәлімдейді? – деп қайран қалады Смирнова.
Расын айтқанда, әлеуметтік зерттеулер бар, тіпті статистикамен айналысатын мемлекеттік орган бар емес пе? Түптеп келгенде жаңағы мәліметтер осы жүйелердің ақпараттарына иек артатын сияқты.
Жұмыспен қамтудың 5 бағдарламасы туралы не білеміз? Тек республикалық бюджеттен ғана осыларды іске асыруға 2009 жылдан 2017 жыл аралығында 850 млрд теңге бөлініпті. Депутаттар мынаны сұрады: «Ал тиімділігі қандай болды? Жалпы қанша адам жұмысқа орналастырылды?». Әкімшіліктердің есептемелері бойынша, осы кезеңде 450 мың адам жұмыс тапқан.
Жаппай кредиттену жағдайында
«Соншама қаражатқа осынша ғана адам жұмысқа орналасуы тым аз емес пе?» деген сауалға депутат:
– Әрине, мұндай қарқынмен біз ешқашан жұмысқа зәрулердің барша нөпірін орналастыра алмаймыз. Бәрін түбегейлі өзгерту қажет, – деді.
Халық қалаулысы шын мәнінде жанашырлық танытып отыр, жалғыз ол емес, әрине, басқа да бұған жаны ауыратын жандар жеткілікті. Осы талқылауда нақты не істеу қажеттігіне қатысты ұсыныстар ортаға салынды. Халықаралық сарапшылар тіпті тамаша кеңестер берді. Олар бізде қалыптасқан жағдайға басқаша қарайды, көзқарастары да әлдеқайда тың әрі айрықша. Бұлар еңбек адамы икемді болуы шарт және ақша табу мақсатында қалаған жағына шығуға құқы бар дейді. Ал біздегі жағдай қандай?
Экономикалық тұрғыдан белсенді 8 миллион тұрғындардың 6 миллионнан астамы мойнына кредит артқандар екен. Соның ішінде 1,3 миллионы өз кредиттерін төлей алмайтындар.
Бұлар – ешқайда шыға алмайтындар, олар заңды еңбекақы алмайды және шарттар бойынша емес, өзара келісу арқылы жұмыс істеуге мәжбүр. Олар салық төлемейді, зейнетақылық төлемдерін де орындамайды.
Енді бұдан әрі мұндайлар ойдағыдай зейнетақыдан қағылған, жеке кәсіпорын да аша алмайды. Яғни бір рет қаржылық қателікке жол беріп, енді өмірінің ақырына дейін құқы шектелумен өтеді. Мына мәселеге де көңіл аударсақ, кредиттік істер – бұл екіжақты мәміле, оған банктер мен олардың клиенттерінің қатысы қарастырылған.
Қиыншылығы бар қарызгерлер үшін банктер мемлекеттен көмек алды. Ал адамдар қиындықпен жалғыздан-жалғыз – жұмыссыз, ақшасыз және кепілсіз қалды. Олардың көбінің отбасы бар. Демек, автоматты түрде қиындық ауқымы 3-4 есе арта түседі. Міне, осының салдарынан да «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы жұмыс істемей жатыр. Яғни адамдар жаппай кредитке жегілген немесе бұлар – кредит ауруына қарсы «егу алатындар».
Балалар жазаөтеушілерден де нашарқамтамасыз етілген
«Қазақстанда теңге енгізілген 1993 жылдан бері бүгінгі күнге дейін ұлттық валюта 77 есе құнсызданған екен. Ал халықты әлеуметтік қолдау қанша есеге артты екен?» деген сауалға И.Смирнова:
– Ешқандай да. Мұны өзіңіздің көпбалалы отбасыңыз күйінен де аңғара аласыз. 4 баласы үшін отбасылар айына 10 мың теңге алады. Бұл – бір сәбиге 2,5 мың теңгеден деген сөз. Еліміздегі 1 адамға күнкөріс минимумы 28 мың теңге, әйтеуір өлместің күні деген сипатта. Бұл жерде оның өсіп-өнуі, оқып, білім алуы, т.б. туралы әңгіме қозғаудың өзі қисынсыз. Бірдеңе қып, ғұмыр кешудің кері бұл. Солай бола тұра, түрмелерде жазаларын өтеушілерді асырау айына 42 мың теңгені құрайды екен. Сонда көпбалалы отбасыларындағы балалар қылмыскерлерден нашар өмір сүріп жатқаны ғой. Алайда, нақ соларды мемлекет жаңағы айтқан 77 есеге көбейтілген көлемде қолдауы тиіс емес пе! – деп күйінеді Ирина Смирнова.
1-топтағы мүгедектерге мемлекеттен жыл сайын 4 млн 600 мың теңге бөлінеді екен. Солар қайда? Мүгедектердің қайсысы өз өмірлерінде осындай ақшалардың пайдасын сезінгенімен мақтана алады? Оларды шипажайларға сүйреп, ал олар одан бас тартып, әуреге сап жүр ме екен! Бәлкім, адамдардың неге артықшылық берулерін өз еріктеріне қалдырармыз? Бұл депутаттар жаудырған сауалдардың бірқатары ғана, біз де жауапты тиісті орындардан күтеміз.
Иса ҚАМБАРОВ