Валюта бағамы: $ 370.49 421.06 5.54 ¥ 53.84

Әріптестік нығая береді

Қытайдың үкіметтік «Eсonomic Daily Group» медиахолдингінің арнайы делегациясы «Қазақ газетттері» ЖШС-де болды.

Нұрлан ҚҰМАР

Аталмыш медиа холдингінің президенті Чжен Жу бастаған делегация редакцияның ішкі және сыртқы жағдайымен етене танысты. «Қазақ газетттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Шәмшидин Паттеев мырза меймандарды жылы қабылдады. Басқосу барысында «Economic Daily Group» медиахолдингінің президенті Чжен Жу Қазақстан мен Қытай мемлекеттері ара­сындағы экономикалық, мә­дени және Бұ­қаралық ақ­па­рат құралдары са­ла­сындағы бай­ланыстар жылдан жылға жақсарып келе жатқандығын атап өтті. Құрамында халық­аралық департамент директоры Мырза Туран және ресми өкіл Жао Руоин бар делегация «Қазақ газеттеріне» нақты және өміршең ұсыныстарын ұсынды. Кездесу барысында «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директордың орынбасары Ләззат Ноғайбаева және Серіктестікке қарасты 6 басылымның басшылары, атап айтқанда «Tenge Monitor» газетінің бас редакторы Ақас Тажутов, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлім, «Үркер» журналының бас редакторы Қуандық Түменбай, «Мысль» журналының бас редакторы Аяған Сандыбай, «Уйғур авази» газетінің бас редакторы Ершат Әсмәтов, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан қатысып, өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар басқосуда Қазақстандағы және шетелдегі БАҚ-тың атқарып жатқан жұмыстары мен байланысы кеңінен талқыланды.
Соңғы бірнеше жылда Қа­зақ­стан – Қытай саяси қаты­насы үне­мі дамып, жолдар мен байланыс ұлғайды, сауда жақсарды, валютааралық сауда да қарқынды дамуда. Жібек жолының аясында ұзақ жылдар бойы құрылған мәдени алмасу мен ынтымақтастық «Бір белдеу, бір жол» құрылысында маңызды рөл атқарды. Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс мемлекетаралық қарым-қатынастың үлгісіне айналып отыр. Екі ел басшылары­ның берік достығы – халық ара­сын­дағы татулықтың негізі. Осы­ның арқасында қазақ елінің Қы­таймен экономикалық бағыт-бағдары дұрыс жолға қойылған. Сонымен қатар екі елдің БАҚ саласындағы журналистік салада да байланыс жақсаруда. Бұған дәлел, жыл сайын Қытай Халық Республикасының Алматыдағы консулы мен ҚХР-дың Қазақстандағы елшілігінің ұйымдастыруымен көптеген тілші­лер қауымы Қытайдың әртүрлі қа­ла­ларына барып, онда атқарылып жатқан игі істермен етене танысып, отандық БАҚ-та алып мемлекеттің озық та өнегелі жағын журналистер қауымы үнемі жазып келеді.
Әріптестік кездесу барысында жиынға қатысушылар екі елдің ақпараттық кеңістігіне қатысты пікір алмасты. Сонымен қатар тараптар бұл шара алдағы уақытта да жалғасын тауып, БАҚ саласындағы байланыстың нығая беретініне сенім білдірді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру