Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Сырлы сурет әлемі

Берлиндегі «Бетаниян» суретшілер үйінде (Kunstquartier Bethanien) Қазақстан Ұлттық музейінің «Фокус Қазақстан» халықаралық жобасы аясында «Астық және раушан гүлдер: қазақстандық суретші әйелдердің төрт буыны» атты көрме ашылды.

Айнұр БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ

«Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында ашылған көрме Қазақстанның суретші әйел­дерінің еңбектеріне арналды. Экспозицияға танымал қазақ­стандық суретшілермен қатар жас өнер иелерінің де туындылары қойылған. Ұйымдастырушылар аталған көрме заманауи мәде­ниетімізді әлемге насихаттау ба­ғытындағы кезекті шара екенін айтады.
«Астық және раушан гүлдер» – бұл 1945 жылдан бастап қазіргі күнге дейінгі қазақстан­дық әйел-суретшілердің төрт буынының жұмыстарына жасал­ған зерттеу нәтижесі. Куратор­лардың айтуынша, көрме қазақ өнері мен мәдениетінің жаңа көрінісін және әлемдік бейнелеу өнері тұрғысындағы олар­дың кең түсінігін ұсынады. Поляк-америкалық кәсіподақ қозғалысының көшбасшысы және әйелдер құқығының белсендісі Роза Шнайдерман ойлап тапқан «Астық және раушан гүлдер» термині әйелдердің теңдікке, мәдениетке және билікке деген құқығын, сондай-ақ өзекті қажеттіліктерді бей­нелейді.
1930-1940 жылдар аралығын­дағы Қазақ КСР-ның күрделі тарихы және 1991 жылы тәуел­сіздік алған уақыттан бері рес­публиканың қарқынды дамуы еліміздің заманауи өнерінде айқын көрініс тапқан өзіндік идеялардың пайда болуына жол ашты. Көрменің кураторы Дэвид Эллиоттың айтуынша, көрме орыс авангардынан басталады, алайда экспозиция сәндік-қолданбалы өнер экспонаты – текеметпен ашылды. «Авангардшылар өздері­нің түрлі формалармен, композициямен және түсті таңдауда жасаған эксперименттерінде шынайылықтан алшақ кеткен, ал Қазақстанның халық шығар­машылығында түрлі өрнек абс­тракцияның элементтері болған. Суретшілердің қазіргі буыны бейнелеу өнеріндегі жоғалып бара жатқан халық дәстүрлерін қайта жандандыруға тырысты», – деді ол.
Татьяна Глебова, Вера Ермолаева, Айша Ғалымбаева және Гүлфайруз Ысмайылова көрмеге суретшілердің аға буыны ретінде қатысуда. «Астық және раушан гүлдер» экспозициясының басым бөлігі 1980-90 жылдары пайда болған, бүгінгі күнде де дамып отырған өнерге арналған. Қазіргі заманғы өнердің осы алдыңғы буыны өкілдерінің шығармашылығы елдің толағай тарихы мен жеке адамдардың көптеген теңдессіз оқиғала­рын көрсетеді. Бұл әйел­дер өз шығармашылығын­да дәстүрлі қазақ өнерінің, 1920-30 жыл­дардағы кеңестік авангардтың және социалистік реализмнің арасында өз шығар­машылықтарын үйлес­тіріп, көпір салды.
Сәуле Сүлейменова целло­фаннан жасалған шығар­ма­ларының сериясын ұсынды – «Остаточная память» туындысы тарихи толғанысқа және оны еске алуға арналған. «Ашаршылық» атты еңбегі 1930 жылдары Қа­зақстандағы ұжымдастыру кезінде орын алған, халықтың үштен бірінің өмірін жалмаған ашаршылық кезеңін еске түсіреді.
Көрменің теңжетекшісі болған Алмагүл Меңлібаева «Тоқамақ» және «Степное барокко» бейне инсталляцияларын ұсынды. «Тоқамақ» – 2017 жылы Курчатов қаласында орнатылған Тоқамақ реакторы бейнесінің сан алуан болып түрленуін қолданатын көпарналы видео.
Қазіргі әйел суретшілер түрлі медиаларды пайдалана отырып, өзін және айна­ладағы қоғамды суретшілік тәжірибе арқылы түсіндіру мүмкіндіктерін зерттейді, өзекті сұрақтар қояды, қабылданған нормаларға шүбәмен қарап, шығармашылық және жеке басының еркіндігін жақтайды.
Momentum коммерциялық емес заманауи өнер платформасымен серіктестікте ұйым­дас­ты­рылған көрме кураторлары танымал халықаралық мамандар: Дэвид Эллиот, Редтори заманауи өнер музейі директорының орынбасары, Рейчел Ритц-Воллох, Momentum директоры және қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаева.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру