Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Ел туризмін дамыту – елді таныту

Жер жаннаты Жетісу

Алматыдағы «Rixos» қонақүйінде Алматы облыстық туризм басқармасы Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясы үкіметінің өкілдерімен кездесу өтті. 

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Бұл кездесу – биылғы жылдың көктем мезгілінде басқарманың тарапынан Сиань қаласында В2В форматында ұйымдастырылған воркшопқа жауап сапар ретінде ұйымдастырылды. Іссапар барысында Шэньси провинциясының туристік мүмкіндіктері таныстырылды.
Шара барысында екіжақты іскерлік кездесуде қытайлық қо­нақ­тар отандық туроператорлар мен Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне Шэньси аймағының туризм саласында жеткен жетістік­тері мен алдағы жоспарлары туралы кеңінен әңгімеледі.
Алғашқы құттықтау сөз сөй­леген Шэньси провинциясы туризм комитетінің басшысы Гао Чжун Инь мырза Ұлы Жібек жо­лының бойында орналасқан екі мемлекет арасындағы байланыс­тардың тым тереңнен бастау алатыны туралы өз ойын ортаға салды. «Тарихқа көз жүгіртсек, осыдан екі мың жыл бұрын император Хан У Ди-Чжань Цянь өзінің Шэньси аймағындағы елшісін Орталық Азия елдеріне достық қарым-қатынас орнату үшін арнайы жібереді. Міне, соның нәти­жесінде Батыс пен Шығысты жал­ғастырған Ұлы Жібек жолы ашылады. Оның бастауы – Шэньси провинциясының орталығы – Сиань қаласы. Ұлы Жібек жолы ХХІ ғасыр­да да жаңаша сипатта дамып келеді. Бүгінгі әріптестік кездесу соның бір көрінісі», – деді Гао Чжун Инь мырза.
Ал өз кезегінде сөз алған об­лыс­тық туризм департаментінің басшысы Жанар Алшымбаева Жетісу жерінің туристік әлеуетіне тоқталды. «Өткен жылы Жетісу жеріне келген туристердің саны 1,5 миллион болды. Биыл бұл көрсеткіш 2 миллионға жетіп отыр. Жылдан жылға шетелден келе­тін демалушылар көбею үстінде. Бұл әрине, туризм саласында қол жеткізген әріптестік байла­ныстардың жемісі. «В2В» үлгісінде өтіп жатқан шара осы мақсаттарға арналып отыр. Жалпы, Шэньси провинциясынан дүниежүзіне сапарлайтын туристер өте көп. Қазіргі таңда Сиань мен Алматы арасын жалғайтын тікелей әуе рейсі ашылды. Мұның өзі туризмнің дамуына тың серпін беруде. Енді тек ақпарат алмасып қана қоймай, әріптестерімізді көрікті жерлерге арнайы апарып көрсетуді жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Кездесу соңында екі елдің тур­операторлары әріптестік мемо­рандумға қол қойып, туризм саласында өзара тығыз байланыс орна­туға уағдаласты.
Отырыс кезінде Шэньси про­­винциясының табиғатына арналған көрсетілім көрерменге ұсынылды. Шара барысында бірнеше компания өкілдері өздерінің туристік нысандары туралы мол мағлұмат берді. Қытайлық іскер топтан үйренетін, үлгі алатын тұстар аз емес екен. Мәселен, Шэньси провинциясы Қытай мәдениеті мен тарихының рухани орталығы саналады. Мұнда ежелгі тарихи ескерткіштер мен жәдігерлер көптеп кездеседі. Ел басқарған 72 император осында жерленген екен. Сонымен қатар, бұл аймақ тамылжыған таби­ғаты­мен де ерекшеленеді. Әсіресе, Хуашань мен Тайхуашань таулары, Хукоу сарқырамасы, жер астынан бүлкілдеп шығып жатқан Хуацин ыстық шипалы суы да ешкімді де бейжай қалдырмайды.
Жетісу жеріндегі туризм кейінгі жылдары Алматы облысы экономикасы тіректерінің біріне айнала бастады. Асқар таулары мен айдын көлдері астасқан, орман-тоғайлары мен құмды өңірлері жарасқан өлкеде аталған салаға зор көңіл бөлінуде.
Жетісу жерінде туризм саласы өркендеп келеді. Десек те, тау туризмі кенже қалып отыр. Сондықтан, Алматы облысының билігі таулы аймақтарды саяхатшылар үшін қолайлы етіп, жағдай жасауға кірісті. Әлемге әйгілі Шарын мен Көлсай сияқты көркі көз тартатын жерлерге қазір ат ізін салатын шетелдіктер көп. Мәселен, Кеген ауданына қарасты Жалаңаш ауылдық округіне инвесторлар тартылып, арнайы орындарды салу жоспарланды. Сондай-ақ, осы игі бастамаға елді мекенде туып, түлеп ұшқан жастар да көмектесіп жатыр. Олар Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында қаржы жинап, ауылға кіреберіс қақпа салып берді.
Жаһанға жар салып, жарнама жасамаса да, Жетісудің көрікті жерлеріне келетін туристер аз емес. Әрісі Америка, берісі Еуропадан ат арытып, ағылғандар таулы аймаққа құмар. Сондықтан, олар әуелі Кегеннің кереметтерін көру үшін дүлдүлдер әнге қосқан Үш Меркі, айтулы Қарқара, То­ғыз­бұлақ, жердің көркі Жала­ңаш сияқты ауылдарға бас сұғады. Жұртпен етене танысады, терең тарихына әбден қанығады.
Мемлекет басшысы Н.Ә.На­зар­баев 2012 жылғы Қазақ­стан хал­қына арнаған Жолдауында Қазақ­стан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру керектігін атап өткен болатын. Міне, осыған байланысты Жетісу өңірі туризмді дамытуға көп көңіл бөліп келеді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру