Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Өмірге құштарлық жеңіске жетелейді

Әлемде жер көлемі жағынан 15-ші, ал мұсылман мемлекеттері арасында халқы ең көп Индонезияның астанасы Джакарта қаласында 12-ші Пара Азиада ойындары өтіп жатыр. Қазақстанның намысын айтулы додада 9 спорт түрінен 93 спортшы қорғауда.

Айжан ЖАСБАТЫР

Жарыстың бірінші күнінде Қазақстан құрамасының қор­жынына алғашқы медальды пауэрлифтинг спортшысы Алина Солодухина салды. 45 келіден жоғары салмақта сынға түсетін отандасымыз 66 келі салмақты еңсеріп, қола жүлдегер атанды. Пауэрлифтинг спортшысы Давид Дегтярев 54 келіге дейінгі ерлер арасындағы додада 157 келі зілтемірді көтеріп, күміске қол жеткізді.
Қазақстан ұлттық құрамасы­ның мүшесі, атыраулық спортшы Дмитрий Ли 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде қола жүлдегер атанды. Жерлесіміз Иран және Малайзия мемлекеттерінің спортшыларынан кейін 1:07,77 уақыт көрсеткішімен үшінші орынға ие болды.
Жүзу спортынан ел намысын қорғаған атыраулық спортшы Ержан Сәлімгереев 100 метрге еркін әдіспен жүзуде қарсыластарын шаң қаптырып, алтын медальды еншіледі. Ол S6 санатында сынға түсіп, 100 метрді 1 минут 12 секунд­та бағындырды.
Ел сенім артқан спортшылармен бірге отырып ойнау волейболынан Қазақстан құрамасы­ның да алтын медальға үміті зор. Қытай мен Иран секілді кіл мықтылармен бұл күнде терезесі тең дәрежеде өнер көрсететін ұлттық құрамамыз әлемнің үздік ондығына енеді.
Айта кету керек, бұдан 4 жыл бұрынғы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен сайыста 84 спортшы қатысқан Қазақстан паралимпиада құрамасы 24 жүлде: 7 алтын, 6 күміс және 11 қола жүлде еншілеген еді.
Биылғы дүбірлі додада да біздің спортшыларымыз сәтті өнер көрсетеді деп үміттенеміз. Азия ойындары алдағы сенбі күнге дейін жалғасады.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру