Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Жас кәсіпкерлердің үздік жобалары анықталды

«Астана» EXPO аймағындағы Astana Hub ғимаратында «Жылдың үздік жас кәсіпкері» байқауы мен жастар жобалары көрмесінің қорытындысы бойынша жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтті.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру аясында кәсіпкерлік қызметпен айналысып жүрген 16-29 жас аралығындағы талантты жас буынды қолдау мақсатында тұңғыш рет ұйымдастырылған бай­қауға еліміздің барлық өңірлерінен 50-ден астам қатысушыдан өтініш түсіп, қызмет көрсету, өнім өндіру, оқыту, IT-технологиялар саласындағы жобалар ұсынылды.
Марапаттау рәсімінде «Атамекен» ҰКП төралқасы хатшылығының төрайымы Ләззат Рамазанова қатысу­шыларды құттықтады.
– Жастарымызда идея көп, олар кәсіпкерлікті қолға ала отырып, мемлекет экономикасының қарыштап дамуына өз үлесін қосып, елге пайдалы болуды мақсат тұтады. Жастар ұсынған жобалар әр алуан, барлығы да табысты деп айтуға әбден лайық. Жастардың идеялары – үлкен жобалардың бастауы. Кәсіпкерлер палатасы жас­тар арасындағы жұмысты одан әрі жалғастырады, – деді Л.Рамазанова.
Байқауға түскен жұмыстарды сараптау комиссиясы бағалады. Көпші­лік дауыспен Шымкенттен келген 26 жасар Тәңірберген Есполовтың бизнес-жобасы үздік деп танылды. Жас жігіт жасанды ротангты тиімді пайдаланып «Royal comfort» тоқылған жиһаз фабрикасын құрған.
Екінші орынға әлемдік стандарттар бойынша жұмыс істейтін «Dental-centre» клиникаларының желісін ашқан Ақтөбе қаласының кәсіпкері Арман Сәкішев ие болды.
Үшінші орынды талдықорғандық Елдос Баялышбаев иеленді. Жол-көлік оқиғасынан кейін жас жігіт мүлдем жүре алмады, бірақ емдік дене шынықтырудың, массаж бен өз күшіне сенудің арқасында Елдос алдымен орындыққа отыруға үйреніп, екі айдан кейін өздігінен қозғала бас­тайды. Қазір ол тірек арқылы болса да аяқта тұр, қол мен аяқтың жұмысын ішінара қалпына келтірді. 2014 жылы ол «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысып, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт­тық-сауықтыру орталығын ашуға 3 миллион теңге көлемінде грант ұтып алған. Қазір Елдос мүмкіндігі шектеулі және БЦП диагнозы бар адамдардың қозғалыс белсенділігін қалпына келтіруге көмектеседі.
– Әрине, осы байқауда жеңіске жет­кеніме өте қуаныштымын. Қазіргі уақытта тағы бір жобаны жүзеге асырдым және Алакөлде ерекше күтімді қажет ететін адамдарға арнап жалғыз мамандандырылған пансионат салдым, – дейді Елдос Баялышбаев.
Жас кәсіпкерлер байқауында екібастұздық Виктория Волошина ынталандыру сыйлығына ие болды. Ол байқауға лазерлік нақыштау және ағаш, мата, тері, қағаз, гранит, мәрмәр, металл мен пластиктен жасалған кәдесый өнімдерін шығару жобасын ұсынған болатын.
«Жылдың үздік жас кәсіпкері» байқауының марапаттау рәсімі аясында жастар жобаларының көрмесі де өтті. Көрме қорытындысы бойынша Алматы облысы Кеген ауданынан «SmartBook» жобасының авторы Бақтияр Бақыткелді 600 мың теңге көлеміндегі бірінші орын мен сыйлықты жеңіп алды. Екінші орынды иеленген талдықорғандық Олжас Закиров 400 мың теңге ақшалай сыйлық алды. Ол инновациялық-ком­позициялық материалдан сани­тарлық-техникалық бұйымдар жасап шығарады. Үшінші орын мен 300 мың теңге ақшалай сыйлыққа павлодарлық Валерия Наркизова ие болды. «Жасмин» ательесін ашқан кәсіпкер балалар комбинезонын, жаңа туған нәрестелерге арналған спорттық костюмдер тігумен айналысады. Арнайы сыйлыққа «Smart Age» жобасын ұсынған астаналық Ғайни Кутумов ие болды. Ол смартфоннан пәтердегі розеткалар мен ажыратқыштарды іске қосуға мүмкіндік беретін құрылғыны ойлап тапқан.

ДИАС БЕЙСЕНБЕК


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру