Валюта бағамы: $ 370.49 421.06 5.54 ¥ 53.84

Қаржы нарығын дамытудағы маңызды қадам

Банк жүйесіне қолдау көрсету ұлттық экономиканы кредиттеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы ретте мемлекет ел экономикасы үшін маңызды рөл атқаратын банктерге көмек көрсетуге мүдделі. Банктерге мемлекеттік қолдау айрықша жағдайларда, мәселен, күрделі жүйелі тәуекелдер орын алған уақытта көрсетіледі. Мұндай жүйелі тәуекелдер қатарына кредиттеуді және жұртшылықтың қалың бөлігіне көрсетілетін төлем қызметтерін тоқтату немесе осы қызмет түрлерін көрсету барысында тәртіп бұзушылықтарға жол беру жатады.

Алматыда өткен дәстүрлі баспасөз конференциясы барысында журналистер тарапынан қойылған сұрақтардың дені жекелеген банктерді сауықтыруға мемлекеттің көмек көрсетуі қаншалық қажетті деген мәселенің төңірегінде болған еді. Осыған орай Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев біздің елімізде бір немесе екі ірі банктің банкрот болуы ел экономикасы үшін орны толмас салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Мұндай жағдайда қарапайым салымшылар, шаруашылық субъектілері (осындай банктерде шоттары бар кәсіпорындар, фирмалар) зардап шегеді. Осы ретте банк жүйесіне қолдау көрсету оның орнықтылығын қамтамасыз етуге және ел экономикасын кредиттеуді жалғастыруға мүмкіндік береді.
Банк жүйесінде қиындықтар­дың туындауына әкелген жағдай­лардың қайталануына жол бермеу мақсатында қаржы реттеушісі қадағалап пайымдау институтын енгізді. Төраға атап өткендей, Ұлттық банк әрбір жеке банктегі жағдайды бақылауда ұстайды. Өзінің реттеу, бақылау және қадағалау функциялары мен өкілеттіктері шегінде Ұлттық банк еліміздің банктік заңнамасы бұзылған, банктерден қаражатты әкету фактілері анықталған не белгіленген лимиттер сақталмаған кезде банктер мен олардың акционерлеріне қатысты тиісті шараларды қабылдайды.
– Банктік қадағалаудың тиім­­ділігін арттыру мақсатында 2019 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап тә­уекелге бағдарланған қадаға­лау енгізіледі. Оның аясында Ұлттық банк тәуекелдер туындаған жағ­дайда алдын алу шараларын қабылдауды көздейтін дәлелді уәж институтын пайдаланады. Басқаша айтқанда, реттеуші банк­тердің қаржылық ахуалының нашар­лауын күтпестен, оларда дағ­дарысты жағдайдың туындауын болдырмауға мүмкіндік алады, – деп кеңінен түсіндіріп өтті Д.Ақышев.

Ол Ұлттық банк дәлелді уәж институтын төрт салада: менеджмент пен акционерлерді келісуде, құрылған провизиялардың (резервтердің) парапарлығын бағалауда, банкпен ерекше қатынастағы тұлғаларды айқындауда, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін баға­лауда пайдалануға ниетті екенін атап өтті.
– Қадағалап пайымдауды енгізу Ұлттық банктің ағымдағы қадағалау өкілеттіктерін кеңейтпейтіндігін атап өту маңызды. Негізгі өзгерістер банктерді реттеудің қолданыстағы өлшемдері ішінде болады. Іс жүзінде Ұлттық банктің қадағалау құралдарын реттеу жүргізіледі және оларды қолдану үшін негіздемелер болады, – деді Ұлттық банк басшысы.
Бұл шаралар банк секторында орын алған жағдайдың қайталануы­ның алдын алуға мүмкіндік береді және қаржылық қызметтерді тұтыну­шы­лардың мүдделерін қорғауды күшейте түседі.
Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев 17 қыркүйекте Ереван қаласында өткен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мем­лекет­тердің валюталық саясат жө­ніндегі консультативтік кеңесінің кезекті отырысына қатысқан болатын. Баспасөз конференциясы барысында осы ретте қойылған сауалдарға жауап бере отырып, ол Ұлттық банк үшін бұл іс-шараның орталық (ұлттық) банктердің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша пікір алмасуға арналған тиімді алаң ғана емес, сонымен қатар одан әрі ықпалдасу және ЕАЭО ортақ қаржы нарығын құру бойынша шоғырландырылған ұстанымды әзірлеу орны екендігін атап өтті. Ұлттық банк басшысы бес елдің қаржы реттеушілері бағдарламалық құжат – ЕАЭО ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын әзірлеуді жоспарлап отырғандығын айтты.
БАҚ өкілдерінің келесі кезектегі сұрақтарына орай Ұлттық банк төрағасы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қара­жатын басқарушы компанияларға беру мәселесіне қатысты айтып берді. Қазіргі уақытта зейнетақы активтерінің бір бөлігі «Дамушы нарықтардың жаһандық облигациялары» мандаты бойынша Aviva Investors сыртқы басқарушысына берілген. Сондай-ақ басқа мандаттар бойынша зейнетақы активтерін беру жүзеге асырылуда немесе сыртқы басқарушыларды таңдауға тендер жарияланды.
Ал БЖЗҚ қаражатын жергілікті басқарушы компанияларға беруге қатысты Данияр Ақышев Ұлттық банк әзірлеген тұжырымдамаға сәйкес, әрбір салымшы өзінің зейнетақы жинақтары берілетін басқарушы компанияны өз бетінше таңдайтынын атап өтті. Бұл ретте, БЖЗҚ бұрын­ғысынша бірыңғай есепке алу орта­лығы және барлық зейнетақы шоттарының басқарушысы болып табылады. Бұл ұсыныстар қазір үкіметпен талқылану үстінде.
Ұлттық банк үшінші қыркүйекте базалық мөлшерлемені 9 пайыз дең­гейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл мөлшерлемені осы деңгейде екінші рет сақтап отырған Ұлттық банктің инфляциялық факторлардың күшею ықтималдығы­на алаңдаушылығын көрсетеді. Д.Ақышев атап өткендей, базалық мөл­шер­леме бойынша бұдан былайғы шешім қыркүйекте және төртінші тоқсанда инфляцияның қалай қалып­тасатынына байланысты болады. Инфляциялық қысымның күшеюі кезінде ақша-кредит талаптарының қатаңдауы мүмкін.
Валюта нарығындағы ахуалға тоқтала келіп, қаржы реттеу­ші­сі­нің басшысы жағдай сыртқы фак­торлардың ықпалымен қалып­таса­тындығын, ал шетел валютасына деген сұраныс өткен жылдардағы деңгейде тұрғанын атап өтті. Соңғы екі айда валюта нарығындағы жағ­дай құбылмалы болды, бұл еркін өзгермелі бағам жағдайында сыртқы факторларға қатысты қалыпты әсер болып табылады. 26 қыркүйектегі жағдай бойынша теңгенің айырбастау бағамы жыл басынан бері 8,3%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 359,76 теңге болды.
– Теңгенің әлсіреуі, бірінші кезекте, сыртқы факторларға байланысты болды. Біріншіден, бұл Федералдық резервтік жүйе мөлшерлемесінің өсуі салдарынан АҚШ долларының дамушы елдердің валютасына қатысты жалпы нығаюымен байланысты. Жыл басынан бері Түркияның ұлттық валютасы 62%-ға, Үндістанда – 14%-ға, Қытайда – 6%-ға әлсіреді. Сонымен қатар, дүниежүзінде доллармен салыстырғанда дамушы елдердің ғана емес, кейбір дамыған елдердің валюталары да әлсіреуде. Австралияда – 8%-ға, Жаңа Зеландияда – 6%-ға, Канадада – 3%-ға әлсіреді, – деді Д.Ақышев. – Теріс әсер еткен екінші фактор – келешекте Ресейге қарсы санкциялардың қатаңдауы туралы хабарлама. Осының аясында Ресей рублінің әлсіреуі жыл басынан бастап 15 пайызды құрады. Біздің бағалауымыз бойынша, Ресей нарығында алдағы уақыттан қолайсыз ахуалды күту көбінесе психологиялық тұрғыдан әсер еткеніне назар аудар­ғым келеді. Өйткені Ресейдің төлем балансының іргелі факторлары рубль­­дің әлсіреуіне себептің жоқ еке­нін көрсетеді.
Ұлттық банк басшысы теңге мен рубльдің ішінара байланысы негізінен аз ғана уақыт аралығында болғанына қарамастан, ұзақмерзімді кезеңде теңгенің айырбастау бағамы көбінесе барлық факторлар жиынтығының әсерін көрсететін Қазақстанның төлем балансының жай-күйімен айқындалатынын атап өтті.
Бас банкир жұртшылық және кәсіпорындар объективті қажеттілік болмаса, айырбастау бағамының құбылмалылығы жағдайында актив­терді бір валютадан екіншісіне аудар­маған жөн екенін ескертті. Бағамның белгіленген шегінде валюта сатып алу жинақ ақшаны жоғалту тәуекелін ұлғайтады.
Қазіргі уақытта ақша нарығында артық теңге өтімділігі сақталуда, банктер оны базалық мөлшерлеме дәлізінің төменгі шегі бойынша негізінен Ұлттық банктің құралдарында жинақтайды. «Яғни бұл 8%-дан астам, – деді Данияр Ақышев. – Бұл РЕПО операциялары, Ұлттық банктегі депозиттер және Ұлттық банктің ноттары. 2018 жылғы тамыздың соңында өтімділікті алу бойынша операциялардың нетто-сальдосы 2,2 трлн теңге, айналыстағы ноттардың көлемі 3,3 трлн теңге болды».
Баспасөз конференциясы барысында қаржы реттеушісінің ақша және валюта нарықтарын дамыту жөніндегі жаңа бастамалары туралы да сөз қозғалды.
– Биылғы 10 қыркүйектен бастап теңгенің АҚШ долларына қатысты ресми бағамы Т+1 есептеу мерзімімен сауда сессиясының қорытындылары бойынша орташа биржалық бағам негізінде, яғни келесі күні белгіленеді. Біз мәмілелерді аяқтаудың жаңа қағидатына ойдағыдай көштік, бұл оның қатысушыларына қолайсыз­дықтар әкелген жоқ және жергілікті валюта нарығының халық­аралық өлшемдерге сәйкес болуына және өтімділікті біршама жақсы басқаруға мүмкіндік берді. Бұл халыққа да қандай да бір қолайсыздықтар туындатқан жоқ , – деді Ұлттық банк басшысы.
1 қазаннан бастап Қазақстан қор биржасы валюта нарығында орталық контрагенттің функцияларын орын­дауға кіріседі және мәмілелерді сақ­тан­дыруды жүзеге асыратын болады. Бұл осы жазда тиісті заңнамаға түзетулер қабылданғаннан кейін мүмкін болған Қазақстанның қаржы нарығын дамытудағы аса маңызды қадам болып табылады.
– Іс жүзінде енді валюта нары­ғында және болашақта басқа да нарықтарда мәмілелер қатысушылар арасында тікелей емес, делдал болып табылатын және мәмілелер орындалмауының барлық тәуекел­дерін өзі көтеретін орталық контрагент арқылы жасалатын болады. Бұл нарықта тұрақтылық­ты қамтамасыз ете отырып, тәуекел­дерді басқаруды жақсартуға мүмкін­дік береді, сондай-ақ шетелдік қатысушы­лар үшін тартымдылығын арттырады, – деп түсіндірді Ұлттық банктің бас­шысы.
Д.Ақышев Ұлттық банк биылғы жылдың соңына дейін орталық контрагент тетігін пайдалана отырып, своп нарығында ұзақмерзімді құралдарды енгізуді жоспарлап отырғанын, бұл банктерге валюталық тәуекелдерді хеджирлеуге және өз клиенттеріне осындай өнімдер ұсынуға мүмкіндік беретінін атап өтті. 15 қазаннан бастап Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттарын Т+2 жүйесі бойынша, яғни екінші күнге есептеумен орналастыру басталады. Бұл жүйе халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді және әлемдік қаржы нарықтарында бағалы қағаздармен операциялар жүргізу кезінде өлшем болып табылады. Келесі кезең Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына арналған Т+2 есеп айырысу жүйесіне көшу болады. Төраға аталған жаңалықтардың халық үшін ешқандай теріс салдары болмайтындығын, негізінен қаржы нарығының кәсіби қатысушылары үшін жағдайды жақсартуға бағыт­талғандығын атап өтті.
Еліміздің қаржы жүйесі үшін ұлттық валюта – теңгені айна­лымға шығарудың 25 жылдығы сияқты маңызды оқиғамен атап өтілетін биылғы жылы Ұлттық банк Қазақстанның Қаржы­гер­лер қауым­дастығымен бірлесіп қаржыгерлердің сегізінші кон­гресін өткізуді жоспарлап отыр. Қаржы­герлердің VIII конгресі еліміздің ұлттық валютасы енгізілген күн, қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып табылатын 15-қарашада өткізілмекші. Осы ретте Данияр Ақышев конгреске қатысуға таяу және алыс шетелдерден қонақтар шақы­рыл­ғандығын, олардың қатарында орталық банктердің басшылары, халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері және қаржы нарығының кәсіби қатысушылары бар екендігін атап өтті. «Биыл конгресті өткізу форматын аздап өзгертуді жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, қазіргі жағдайда орталық банктер алдында тұрған сын-қатерлер, трансшекаралық есеп айырысуда ұлттық валюталарды пайдалану, қаржылық қызмет­терді тұтынушылардың құқық­тарын қорғау, сондай-ақ тәуекелге бағдар­ланған қадағалау секілді түрлі тақы­рыптарға арналған сессияларға бөлетін боламыз. Биыл шілдеде Қазақстан Республикасының бір­қатар заңнамалық актілеріне, оның ішінде қаржы ұйымдарының қыз­метіне тәуекелге бағдарланған қада­ғалауды енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыруларды көз­дейтін тиісті заң қабылдағанымыз өздеріңізге белгілі. Осыған байланысты заңды біздің нарығымызға сәйкес іске асырудың практикалық тұстарын талқылаған дұрыс болар еді», – деді Д.Ақышев.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, конгресс дәстүрлі түрде рес­публиканың ішкі қаржы нарығы­ның қазіргі қаржы архитектурасы жағдайындағы мәселелерін қамтуға тиіс. Сонымен бірге ұлттық валюта енгізілгеннен бері 25 жыл өткенін ескере отырып, конгресс аясындағы бір сессия қолма-қол ақша тақырыбына арналатын болады, оның барысында қолма-қол ақша айналымы және оның болашағына қатысты мәселелерді талқылау көз­деліп отыр.
Осы тұрғыда сұрақтарға жауап бере келіп, Ұлттық банк басшысы конгресс шеңберінде қаржы секторын дамытудың, реттеудің және қадағалаудың өзекті мәселелері бойынша бірқатар тақырыптар, оның ішінде Орталық банктердің қаржы нарықтарын дамытудағы рөлі, сауда, инвестициялық және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезіндегі есеп айырысуларда ұлттық валюталарды пайдалану аясын кеңейту және ынталандыру, цифрландыру және цифрлық шешімдерді қолдану және дамыту саласында тәжірибе алмасу, орталық банктердің қолма-қол ақша айналымын реттеудегі рөлі, жетекші Еуропа елдерінің тәжірибесін ескере отырып қаржы нарығына оның қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін ерте араласуға және қадағалау іс-қимылын уақтылы қабылдауға негізделген тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізу, қазіргі уақыт жағдайында қаржы­лық қызметтерді тұтынушылардың құқық­тарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелерін талқылау жоспарланып отырғанын айтып берді. Қаржыгерлер бас қосатын жиында аталған мәселелерді талқылауға Еуропаның қадағалау органдарында жұмыс тәжірибесі бар халықаралық сарапшылар, ТМД елдері Орталық банктері мен шетелдік банктердің және Қазақстанның екінші деңгейдегі банктерінің өкілдері қатысады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру