Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Өндіріс – сын-қатерлерге дайындық жолында

Алматыда KIOGE көрмесі өтті

Технологияның қарышты қадамы барлық саланы қамтыған дәуірде нақты экономикалық идеялар мен шешімдердің өзектілігі тереңдей береді. Бұл қазірде өндірістік процестерді цифрландыруды бастан кешіріп отырған мұнай-газ секторы үшін де маңызды. Осы орайда дәстүрлі KIOGE көрмесі мен конференциясы мұнай-газ өнеркәсібінің жаңа жағдайдағы даму үдерісіне арналды.

Экономиканы жаңғырту бағдарламасына сәйкес ізденістерді шоғырландыратын бірегей алаң – KIOGE өзінің Орталық Азиядағы ірі мұнай-газ көрмесі мәртебесін кезекті рет дәлелдеді.

Атакент көрме орталығында өткен ауқымды шараға әлемнің 15 елінен 250 компания жиналып, отандық және шетелдік өндірушілер өздері­нің ең үздік технологиялары мен жаб­дықтарының үлгілерін ұсынды. ҚазМұнайГаз, Теңізшевройл, Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В., Кас­пий құбыр консорциумы, Dow Chemical, Ембімұнайгаз, Control Seal, Комплект Арматура, Ресей экспорт орталығы, Baker Hughes a GE company, Fluor Kazakhstan Inc., Wabag, ILF, HMS Group машина жасау және инжинирингтік холдингі сияқты жетекші мұнай-газ өндіруші, сервистік компаниялар мұнай өндіруші кәсіпорындар үшін өздерінің озық технологиялық, инжинирингтік, бағдарламалық әзірлемелерін алға тартты. Мұнай өндіру процесін оңтайландыру үшін жаңа технологияларды енгізудің алдыңғы қатарлы әзірлемелері өзара тиімді әріптестіктің мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар маңызды шара сала дамуының мәселелері бойынша белсенді пікір алмасуға, бастапқы және ұзақмерзімді міндеттерді жүзеге асыру үшін пайдалы пайымдамалар мен ұсынымдарды жасауға жағдай туғызады. Мұнай-газ индустриясының бірегей алаңында Ресейдің, Қытайдың, Германияның және Канаданың технологиялық жетістіктері орын тепті. Тұрақты әріптестерден бөлек, өзге де шетелдік ірі кәсіпорындар мен компаниялар Қазақстанмен қарым-қаты­нас орнатуға ниетті екендіктерін біл­дірді. Кездесуге бір ғана Германиядан 16 компанияның қатысуы осының айқын мысалы. Салалық көрме қандай да бір компания өнімі қызықтырса, оның өкілімен тікелей сөйлесіп, алғашқы іскерлік байланыстарды орнатуға болатын форматта ұйымдастырылып, нарық қатысушылары арасында келіссөздер, кездесулер мен таныстырылымдар жүргізілді.
KIOGE халықаралық көрмесі мен конференциясын биліктің, ассоциациялар мен ведомстволар­дың мұнай-газ саласындағы сын-қатерлер мен проблемаларды талқылау үшін компаниялар өкіл­дерімен тиімді әрекеттестік тетігі ре­тінде қарастырған жөн. Бұл тұста сарапшылар мұнай өндіру өсімі айналасында заңнамалық өзгерістер, цифрландыру, инвестициялық орта, мұнай сервисі мен тасымалы мәселелерін қозғады. Беделді үнқатысу алаңында ҚазМұнайГаз, ҚазРосГаз, ҚазТрансГаз, Dow, ABB, Mckinsey&Company, SAP, Lukoil, Bonatti, CNPC, КҚК-К, Ембімұнайгаз, FLUOR, Газпромнефть, ҚПО, NCOC, Теңізшевройл, SIEMENS, Shlumberger, ТМК, Транснефть, Өзбекмұнайгаз, Worley Parsons, Baker Hughes, a GE Company сияқты 200-ге жуық отан­дық және халықаралық жетекші ком­паниялардың кәсіби өкілдері кездесті.
Технологиялық конференцияда Қазақстанның мұнай-газ саласындағы жаңа заңнамасына назар аударған энергетика бірінші вице-министрі М.Досмұхамбетов жер қойнауын пайдалануда инвесторлар қызметінің белсенділігін ерекше атады. Бұған жаңа мұнай-газ кеніштерін барлау үшін инвестициялар ағынын тартуға және жер қойнауын пайда­ла­нушылар­ға құқықтар беруді жеңіл­детуге бағытталған жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекстің, сондай-ақ салықтық жүктемелерді оңтайландыруды қамтитын жаңа салық кодексінің қабылдануы нәтижесінде қол жет­ті. Вице-министр бүгінде еліміз Орталық Азияға отын экспортын ашу үшін жұмыс істеп жатқандығын жеткізді. Бұл Қазақстандағы МӨЗ-ді жаңғыртудың арқасында мүмкін болмақ. Қазіргі таңда Атырау, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарында жаңғырту жобалары сәтті аяқталса, жыл соңында Шымкент МӨЗ-і де толық жаңарып, барлық зауыттардағы мұнай өңдеу көлемі жылына 300 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Жақын арада отандық нарық өз өнімдерімізбен толық қамтылып, К4, К5 экологиялық санатындағы өнімдерді шығарумен ЖЖМ экспорты ойдағыдай жолға қойылады. Сонымен қатар сарап­шылардың айтуынша, қолайлы инвестиция және баға факторы жағ­дайында мемлекет қазынасына қосымша кірістің түсуі күтіледі.


Өз кезегінде шетелдік компания­лардың өкілдері Қазақстанның мұнай өндіру саласындағы инвестициялық тартымдылығын жоғары бағалап, әріптестікке мүдделі екендіктерін танытты. Атап айтқанда, Еуропадағы көмірсутегін өндіретін жалғыз ел – Румыния тарапы елімізге инвестиция салуға қызығушылығын, Қазақстан үшін Еуропа мен Балқан нарығына жол ашуға көмектесуге ниетті екендіктерін жеткізді.
Мұнай бағасы төмендеп отырған қазіргі кезеңде орнықты өсімді қамтамасыз ету үшін жаңа тәсілдер мен механизмдер талқыланған пленарлық сессияда ірі мұнай-газ жобаларының ізденістері мен оларды кеңейту бағдарламалары зерделенді. Мұнай саласына ин­новациялық технологияларды енгі­зудің экономикалық әсерін, сандық жүйеге көшу тәжірибесін талқылау барысында ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы жүзеге асырып отырған интеллектуалды кеніш жобалары атап өтілді. Компания өкілдері мұндай ақылды кеніштер жобасын енгізу кәсіптік деректерді жинаудың толық көлемді автоматтандырылған жүйесін құруға, ұңғымалар мен кәсіптік жабдықтардың жұмысын интеллектуалды басқару станцияларын қолдану арқылы оңтайланды­ру­ға мүмкіндік беретінін айтады. ҚазМұнайГаз қазірде цифрландыру үшін барлық шикізат қорының 90%-і шоғырланған 18 кен орнын таңдаған. Оларды жаңғыртуға 28 млрд теңге бөлу көзделіп, бұл қаржы сараптау орталығын құруға, кен орнын жақсартуға жұмсалмақ. Осылайша жобаны 2023 жылға дейін аяқтау жоспарланған.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру